• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қаңтар, 2021

Париж келісімін орындауды кешіктіруге болмайды

389 рет
көрсетілді

Жаңа 2021 жыл АҚШ-тағы Капитолийді басып алу түрлі саяси оқиғалармен басталды. Дегенмен, қазіргі таңда әлем елдерін бір ғана мәселе мазалап тұр:  «Коронавирус пандемиясынан зардап шеккен экономиканы қалай қалпына келтіреміз?». Болжам бойынша, биыл ішкі жалпы өнім баяу өспек. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында осы сұрақтарға жауап берілген.

Нью-Йорк университетінің Стерн бизнес мектебінің экономика профессоры Нуриэль Рубини қазіргі әлемдегі ахуалға шолу жасаған. Оның пайымдауынша, коронавирусқа қарсы вакцинаны жаппай егу басталғанымен, экономиканың қалпына келуі қиын. Өйткені дамуды тоқыратқан бұдан басқа да себептер жетерлік. Айта кетерлігі, автордың болжамы ең нашар сценарийге негізделіп жасалған.

Ирландияның бұрынғы президенті, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарған, бүгінде The Elders тобының төрағасы Мэри Робинсон өз мақаласында Париж келісімі туралы әңгімелейді. Оның айтуынша, әлем елдері жаһандық жылынуға жол бермеу үшін өз міндеттерін адал орындауы керек. Әсіресе коронавирус дағдарысы шартараптың тізе қосып әрекет етуі қажет екенін көрсетті.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

 

ДУБЛИН. Коронавирус 2020 жылы әлемді асты-үстіне түсірді. Сондай-ақ індет жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру үшін саяси тұрғыда ортақ мәміле қажет екендігін көрсетті. Осылай бірлесіп әрекет еткенде ғана адамдардың тапқырлығы мен жаңашылдығының арқасында табысты бола аламыз.

Біз бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен коронавирусқа қарсы тиімді бірнеше вакцина жасадық, сынап көрдік және егу жұмыстарын бастап кеттік. Енді адамзатқа қауіп төндіріп тұрған тағы бір түйткілмен – климаттың өзгеруімен күресуге қатысты шешім қабылдауымыз керек. Өткен айда БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш атап өткендей, «біздің болашақтағы қауіпсіздігіміз бен өркендеуіміз климаттың жылынуына қарсы батыл шаралар жасауымызға байланысты».

Соған қарамастан, таяуда, 12 желтоқсанда өткен Климат амбициялар саммитінде көптеген елдің басшылары тиісінше мін­деттеме алған жоқ. Осы­лайша, мәселе­мен күресудегі ұжымдық әрекет жеткіліксіз күйде қалды. Әйтсе де Еуропалық одақ, Ұлы­брита­ния және басқа да климат­тың жылынуынан қатты зардап шегетін мемлекеттер 2030 жылға дейінгі парникті газдар­ды азайту міндеттемесін айтарлықтай арттырды. Бірақ АҚШ, Жапония, Қытай және басқа да көмірқышқыл газын көп шығаратын елдер әлі де міндеттемесін орындауы керек. Әсіресе биылғы қараша айында Глазгода өтетін БҰҰ Климат конференциясына дейін үлгеруі қажет. Келешектегі дағ­дарысқа жол бермеуді көздесек, міндеттемені орындауды кешік­тіруге немесе бейжай қарауға кешірім жоқ.

Бес жыл бұрын, ұзақ және мұқият келіссөздерден кейін әлем елдері Париж климат келі­сімін жасау үшін бас қосты. Бұл соңғы жылдардағы көпжақты дип­ломатияның ең үлкен жеңіс­терінің бірі десек артық айтқан­дық емес. Бірақ оған қол қою бөлек те, орындау бөлек әңгі­ме. Жаһандық жылынуға қар­сы іс-әрекетке ұқыптылықпен қара­маса, Париж келісімінің мүл­дем орындалмай қалу қаупі бар.

Кейінгі бес жылдағы оқиғалар Парижге жиналғандардың ақыл-ойына кіріп шықпаған мүлдем жаңа геосаяси ландшафт қалыптас­тырды. Сол кезде коронавирус немесе «Брексит» сөздері көпшілікті мазалай қоймайтын. Қазіргі таңда бұл екі термин әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттердің басшылары мен саясаткерлерінің ерекше назарында тұр.

Бірақ бұл оқиғалардың күн өткен сайын өзектілігі артып келе жатқан климаттың жылынуы­на қарсы іс-қимылға, әсіре­се осы сала­дағы жобаларды қар­жы­лан­дыруға кедергі келтіруіне жол бере алмаймыз. Осыдан он шақ­ты жыл бұрын әлемдегі ең бай ел­дер жаһандық жылынуға бейім­делу және оның салдарын азай­ту шараларына көмектесу үшін 2020 жылға қарай кедей мем­лекеттерге жылына 100 миллиард доллар қаржы бөлуге уағда­лас­қан-ды. Бұл мерзім өтіп кетті, бірақ берілген уәде әлі орындалған жоқ.

Дегенмен, үміт үзуге әлі ерте. АҚШ президенттігіне сайлан­ған Джо Байден Ақүй тізгінін ұстай сала Париж келісіміне қайта қосы­латынын мәлімдеді. Амери­калық қоғам Дональд Трамптың 4 жыл бойғы қыңыр сая­сатынан кейін нағыз көш­бас­шыны қажет етеді. 100 миллиард­тық міндеттеменің өз бөлігін орындауы үшін АҚШ-тың «Жасыл климат қорына» 2 мил­лиард доллар төлеуі Париж келісіміне қайта қосылар алдын­дағы тамаша шара болар еді. Бұл қаражат Барак Обаманың президенттігі кезінде бөлінген-тұғын. Сондықтан оны АҚШ қазынасында ұстап тұруға ешқан­дай себеп жоқ.

Сол секілді, басқа да ауқатты мемлекеттер АҚШ-тың ізін қуып, өздерінің міндеттемесін орындауға салғырт қарамауы тиіс. Германия канцлері Ангела Меркельдің таяуда жаһандық жылынуға қарсы әрекет қорына қатысты халықаралық жаңа бастама көтеруі көңіл қуантады. Бірақ кейінгі жылдардағы оқиға­лар­ды ескерсек, сөзге сеніп, қол қусы­рып отыра беруге әсте болмайды.

Оған қоса әлемнің бүкіл елі 2021 жылы Париж келісімі аясында өз міндеттемелерін адал орындауға, мемлекеттік жарналарын жеткілікті төлеуге ерікті түрде кірісіп, осы қадамға бейжай қарамайтынын анық дәлелдеуі тиіс.

Ынтымақтастық пен әділет­тілік Париж келісімінің және 2015 жылы қабылданған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының негізінде жатыр. Бұл қағида­лар мен олардың жауапкершілік­тері бұрынғыдан да маңызды. Өйткені әлем коронавирус­тан туындаған дағдарыстан кейін тұрақты қалпына келтіруді жос­парлап отыр.

Ащы шындық сол, Париж келісімінен кейінгі бес жылды босқа жібердік. Қазіргі мін­дет  – парникті газдардың шы­ғары­­лымын азайтатын саясат жүргізу. Олардың қатарында қазба отынға субсидия беруді тоқтату, көміртегінің құнын жо­ғарылату және жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар бар. Мұндай әрекетіміз тиісті деңгейде орындалуы тиіс. Бірақ климаттық дағдарыс коронавирус секілді ешқандай шекараны сақтамайды және мемлекеттердің егемендігіне байланысты емес.

Былтыр әлем назары вирусқа ауғаны­мен, Аустралиядағы және Кали­форниядағы дала өрт­тері­нен бастап, Бенгал шыға­нағын­дағы сұрапыл дауылға дейін­гі ауа райының күтпеген құ­бы­лыстарына куә бол­дық. Осы апат­тардың салдарынан екі миллионға жуық адам эвакуацияланды. Сондай-ақ адамзат болмысының өте нәзік екенін терең әрі мұқият түсіндік. Оған қоса шекараларға, ұрпақтан-ұрпаққа қарамастан, біздің өміріміз бір-бірімен байланысы тығыз.

Ендеше, Париж келісімімен 2030 жылға қарай қадам басқанда әлем көшбасшыларын, бизнесмендер мен қарапайым тұр­ғын­дарды қазіргі жасаған (не жаса­ма­ған) әрекетімізге қарап баға­лай­­мыз. Біздің ұрпағымыз да, пла­не­­т­а­мыз да өзімшіл, қысқа мер­зімді әрекетке төзбейтіні анық.

 

Мэри РОБИНСОН,

Ирландияның бұрынғы президенті, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарған, The Elders тобының төрағасы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org