Қазақстан Халық партиясының XVII кезектен тыс съезі өтті. Съезд барысында халықшылдар Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын қорытындылап, парламенттік фракцияның өкілдерін таңдады.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров сайлаудың құқықбұзушылықсыз өткенін және оның нәтижесін халықаралық қауымдастық мойындағанын жеткізді.
– Біз лайықты нәтиже көрсеттік. Ендігі міндет – партияның бастамаларын ойдағыдай жүзеге асыру, – дейді партия төрағасы.
Сайлау қорытындысы туралы осы партияның республикалық сайлауалды штабының жетекшісі, Қазақстан Халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Олжас Сыздықов баяндады. Оның айтуынша, елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлау кезінде Қазақстан Халық партиясы үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіпті. Партиялық тізім бойынша Қазақстан Халық партиясының атынан Мәжіліске 113 кандидат және түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 214 кандидат ұсынылды.
– Сайлауға қатыса отырып, Қазақстан Халық партиясы заң шығарушы және жергілікті билік органдарында мүмкіндігінше көп орын алуды көздеді. Біздің алдағы мақсатымыз – қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, – дейді О.Сыздықов.
Қазақстан Халық партиясы орталық комитетінің хатшысы партияның негізгі бастамалары халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және ел экономикасын дамытуға бағытталғанын жеткізді. Осылайша, партияның сайлауалды бағдарламасы қазақстандықтардың тарапынан барынша қолдау тапқанын атап өтті. Дегенмен партияның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының барысында түрлі қиындықтар да туындаған көрінеді. Мәселен, елімізде мұндай маңызды науқан алғаш рет пандемия жағдайында әрі шектеу шаралары шеңберінде жүргізілген болатын.
– Біз сайлауалды тұғырнаманың әрбір сайлаушыға жетуі үшін бар күшімізді салдық, – дейді О.Сыздықов.
Осылайша, Қазақстан Халық партиясы үгіттеушілері мен сенімді өкілдері ел аумағында 500-ден астам түрлі үгіт-насихат жұмысын ұйымдастырып, 1 млн-ға жуық үгіт-насихат өнімін таратты. Партия әлеуметтік желілерде ауқымды ақпараттық жұмысты қолға алды. Науқан кезінде көптеген хабарлама, сондай-ақ 8 млн рет қаралған 200-ден астам түрлі бейнеролик пен бейнеөтініш жарияланды. Ол жұмыстар оң нәтижесін берді. Парламент Мәжілісінің сайлауында Қазақстан Халық партиясы 9,1% дауыс жинап, 10 депутаттық мандатқа ие болды.
– Бұл бастамасы ғана! Жарты миллионнан астам қазақстандық бізге дауыс берді. Енді солардың сенімін ақтауға тиіспіз! – дейді халықшылдар.
Съезд барысында депутаттық мандаттар партиялық тізімдегі кандидаттар арасында дауыс беру арқылы бөлінді. Осылайша, Қазақстан Халық партиясының атынан Парламент Мәжілісіне келесі азаматтар ұсынылып отыр:
Айқын Қоңыров Жамбыл Ахметбеков Ирина Смирнова Александр Милютин Сергей Решетников Айбек Паяев Ғазиз Құлахметов Ерлан Смайлов Файзолла Каменов Айжан Сқақова.Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова әріптестерін және партияластарын жеңіспен құттықтады. Депутат Қазақстанның әр азаматы нақты өзгерістерді күтетінін және Қазақстан Халық партиясы жағдайды жақсы жаққа бағдарлай алатынын жеткізді.