Ұшақ бортында темекі шеккен тәртіп бұзушы «Алматы-Нұр-Сұлтан» әуе рейсінен шығарылып, оған айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz елордалық Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«14 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Air Astana» АҚ өкілінен «Алматы-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсінің бортында құқық бұзушы бар екені туралы хабарлама келіп түсті», деп атап өтті көліктегі полиция департаменті басшысының орынбасары Абзал Жұматаев.
«Тексеру барысында көлік полицейлері ұшақ бортында электронды темекі шеккен 23 жастағы Алматы қаласының тұрғынын анықтады. Жоғарыда аталған әуе кемесі командирінің актісі бойынша құқық бұзушы рейстен шығарылды. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-тармағы (әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын және (немесе) электронды темекіні тұтынуға тыйым салуды бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырып, оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салды», деді полиция полковнигі.