Еліміздің бірқатар аймағындағы өзен-көлдердің суы азайып, арнасы тартылып бара жатқаны туралы мәселелер соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Сондай кеп Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының оңтүстігі мен Жайық өзенінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Шалқар көліне де орнауы мүмкін.
Бұрын көлдің ұзындығы 18, ені 15 шақырым болса, бүгінгі уақытта бұл айдыны әжептәуір тарылып қалғаны көзге айқын байқалады. Жалпы ауданы 260 гектарды құраған Шалқар көлі 1994 жылы мемлекеттік биогидрологиялық қорық деп жарияланды. Арада он бір жыл өткен соң, яғни 2005 жылдың мамыр айында Үкімет қаулысына сәйкес Экологиялық-ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған ортаны қорғау нысандарының тізбесіне енді.
Шалқар көлі мен оның маңайы балықтың көптеген түріне және өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне аса бай болғаны бүгінде ертегіге айналып бара жатқандай. Көл суының азаюы осы табиғи байлықтардың бәрінің құрып кету қаупін туғызуда. Бұған бірқатар табиғи және техногендік факторлар әсер еткені ешқандай талас туғызбайды. Негізінен көктемгі қар суымен қорланатын көлге ылғалдың аз жиналуы немесе мүлдем түспеуі және Шалқарға құйылатын бұлақ көздерінің бітелуі көлдің тынысын тарылтты. Ал көлге тартылған каналдардың суын бөгеп, шаруашылық мақсаттарды пайдалану және ішкі су қоймаларындағы су деңгейінің төмендеп кетуі жағдайды одан сайын ушықтырды.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, бұдан біраз жыл бұрын гидроинженерлік нысандарды іске қосу арқылы Жайық өзенінен Шалқарға су жіберілген болатын. Бүгінде бұл тәсілден мүлдем бас тартуға тура келіп тұр. Өйткені Жайықтың су деңгейі қазір тізеден келеді. Сондай-ақ соңғы уақытта аталған көл суының деңгейін белгілі бір мөлшерде ұстап тұруға септігі тиетін Шолақ Аңқаты мен Есен Аңқаты өзендерінің де құрғап қалудың сәл алдында екенін айта кету керек.
Мұндай жағдайда айдындағы балық қорын сақтау жөніндегі мәселенің тым қисынсыз екені түсінікті. Жоғарыда айтылғандай, табиғи және техногендік факторлар көлде тіршілік ететін балық уылдырығының жетілуіне кері әсерін тигізіп, шабақтардың қырылуына әкеліп соқтыруда. Ал енді осындай қолайсыздық пен қордаланып қалған проблемаларды реттеу мен жолға қою үшін не істеген жөн?
Бұл орайда, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары соңғы жылдары Шалқар көлінде биологиялық және техникалық бағыттарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастағанын айту парыз. Аталған іс негізінен көл арнасын табиғи жолдармен қалпына келтіруді көздейді. Соған сәйкес жоба аясында тиісті ғылыми негіздемелер әзірленген. Осы арқылы табиғи бассейнде қалыптасып отырған күрделі жағдайларға тиісті ғылыми талдау жүргізу қолға алынған. Мұның бәрі мемлекеттік лицензия негізінде өткізіліп, оның толық есебі жоғары оқу орнының ғылыми кеңесінде тыңдалған.
Біз осы ғылыми зерттеулер аясында жүргізілген экспедицияның құрамында болған Батыс Қазақстан облысы бойынша экологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті Ғазиз Хаймулдинмен кездесіп, Шалқар көлінде қалыптасып отырған күрделі ахуалды сауықтыру жөнінде пікірін білген едік. Ақжайықтың ардақты ақсақалының айтуынша, қазіргі жағдайда мұның ең басты жолы – күннен-күнге тартылып бара жатқан су арнасын қалпына келтірудің табиғи жолдарын пайдалану. Бұл ретте табиғат жанашыры ғылыми зерттеулер жүргізу барысында көл деңгейін қалпына келтіру үшін 168 млн текше метр су қажеттігі анықталғанын алға тартты.
Біз жоғарыда Шалқар көлінің төңірегінде көптеген бұлақ бар екенін айтқанбыз. Оның жалпы саны жиырмадан асады екен. Бүгінде осы бұлақтар түгелге жуық бітеліп қалғаны белгілі болып отыр. Сондықтан Ғазиз Хаймулдин ақсақал тікелей өзінің бастамасы бойынша белді буып, жеңді түріп жіберіп, екі бұлақтың көзін тазартып, суын қалпына келтіріпті. Сонымен қатар Экологиялық ұйымдар қауымдастығының жетекшісі университет ғалымдарының көмегіне сүйене отырып, бір ғана бұлақтан көлге тәулігіне 3,5 мың текше метр су құйылатынына көз жеткізген. Яғни бұдан өзге бұлақтардың көзі ашылған кезде бәрі бірігіп, жылына миллиондаған текше метр су Шалқарға құйылады. Міне, осындай табиғи тәсілдерді іске асыру арқылы Шалқар көліндегі су тапшылығын қаржы шығындамай-ақ реттеуге болады.
Ғалым ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары бойынша шығарылған ұсынымдар Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзырына берілгенін айтты. Аталған мемлекеттік мекеме бұл тұрғыда тиісті іс-қимыл бағдарламасын әзірлейді деген ойдамыз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
журналист
Батыс Қазақстан облысы,
Теректі ауданы