• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2021

Қапталмаған құбыр – жылудың соры

145 рет
көрсетілді

Өткен аптаның басында болған аязды күндер кеншілер астанасында тұрғын үйлерді жылыту саласында тоң болып қатқан талай мәселенің барына көз жеткізді. Қаладағы көптеген көп қабатты үйлердегі пәтерлер азынап кетіп, ел әкімдік жаққа арыз-шағымды қарша боратты. Ресми дерекке сенсек, аязды күндері қаладағы жылу берумен айналысатын мекеменің диспетчерлік қызметіне қарағандылықтардың 457 шағымы тіркеліпті. Арыз-шағым негізінен Сұрыптау, Пришахтинск, Майқұдық елді мекендерінен және Оңтүстік-Шығыс шағын ауданынан келіп түскен.

Шу шығарған осы шетін мәселеге байланысты өткен онлайн-жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Арқа тө­сін­дегі сақылдаған сары аяздың жылу беру саласындағы талай кемшіліктің бетпердесін сыпырғанын ашық айтты.

– Бір аптадан астам уақыт аяз болды. Кемшіліктеріміз белгілі болды, қиын­дықтар анықталды. Қорытынды жасап, проблеманың шешімін табуымыз керек, – деді ол.

Өңір басшысы Саран қаласы мен Шахан кентінде жылу қазандықтарының құрылысы бүгінге дейін аяқталмай отырғанына қынжылыс білдірді.

– Тездетулеріңізді сұраймын. Біз келе­сі қысқа жаңа қазандықпен кіруіміз керек, – деп мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғанын еске салды.

Ал қыстың көзі қырауда қала пәтер­леріндегі жылудың азайып кету себебінің бірі кәдімгі құбырға байланысты болып шықты. «Бақсақ, бақа екен» демекші, жылу берудің күре тамырындай тартылып жат­қан құбырлар «тыр жалаңаш» болып шық­ты. Мына сорақылықты қараңыз: қала­дағы 112 шақырым болатын жылу құбы­рының сыр­тындағы орамасы жоқ екен. «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов қалалық әкімдікте болған жиында қалыптасқан жағдайға түсінік берді.

– Жылуды сақтайтын орама магистрал­дық желінің 76 шақырымында және таратушы желінің 36 шақырымында жоқ. Мұның өзі қаңтардың алғашқы онкүн­дігінде жылумен қамтудың сапасына кері әсерін тигізді, – деп ақталды ол.

Жалпы аталған мекеме 2019 жылы магистралды жүйелердегі ораманы қал­пына келтіру жобасын әзірлеп, былтыр мемлекеттік сараптамаға өткізген екен. Бұл жобаның құны 5,6 млрд теңгені құрайды. Қазір таратушы желіге арналған дәл осындай жоба мемлекеттік сараптамада қаралып жатқан көрінеді.

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылу құбырларын қаптау жұмыстарын магис­тральдың ең басынан, яғни жылу электр стансасынан бастап Сұрыптау елді меке­ніне дейінгі аралықта жүргізу керек деп санайды. Бұған қажетті қаражатты табу­ды қала әкімі экономика бөліміне тапсырды.

Бір қызығы, қазіргі уақытта кеншілер астанасындағы тұрғын үй, өнеркәсіптік кә­сіпорындар мен әлеуметтік мәдени-тұр­мыстық нысандардың қарқынды жүр­­гізіліп жатқан құрылысы пәтерлерге келе­тін жылуға «жиендік» жасап, ол да бір жа­ғынан кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді.

Мәселен, қала әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Бекет Көшеғұловтың айтуынша, егер 2016 жылы ауа температурасы -32°С кезіндегі жылудың есептік бірлігі 116 Гкал/сағ-ты құраса, 2020 жылы ол 200-300 Гкал/сағ аралығында болған екен.

– Тұтынушылардың қосылған жүк­темесі кезіндегі нормативтік ысыраптарды ескере отырып, тапшылық 250 Гкал/сағ-ты құрады. Тапшылықтың өсуіне стансаның нормативтік температуралық кестесінің сақталмауы, сондай-ақ магистральдық желінің бірінші және екінші кезегінің өткізу қабілетінің болмауы басты әсер еткен себептің бірі деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар желтоқсан-қаңтар айларында ЖЭО-3-тің №6 турбинасын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, екі қазандық резервте болды, – деді ол мән-жайға түсінік беріп.

Осы орайда, жылу құбырының сыртын­дағы қаңылтыр орама қайда кетті деген орын­ды сұрақ тіл ұшына келеді. Кейбір деректерге қарағанда, стратегиялық маңызы зор магистральдық желінің «тонын» суық қолды ұрылар сыпырып әкетіп, темір сы­нық­тарын қабылдайтын бекеттерге өткі­зеді екен. Сонда, жергілікті тәртіп сақ­шы­лары қайда қараған деген заңды сұрақ туады.

Енді тығырықтан шығар жолды табу үшін қала басшылары не істемек? Бірінші кезекте облыстық және қалалық әкімдіктер «Теплотранзит Караганда» компаниясына қаржылай қолдау көрсететін болады. Бұл қаражат құбырларды жылытқыш мате­риал­дармен қаптауға және жөндеуге жұмсалады. Содан кейін жылу электр стан­сасының мүмкіндігіне қарай, құрылыс жүріп жатқан нысандарды жылумен жабдықтау үшін техникалық шарттардың бе­рілуін бақылау күшейтілетін болады. Бұдан бөлек, «Караганда Энергоцентр» ЖШС алдағы бес жылда қуаттылығы 110 МВт бір турбина және 180 Гкал/сағ өн­ді­ретін бір қазандық салуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құны 22 млрд теңге болатын жаңа жылу желісі құрылысының бастал­ғанын айтты. Үш жылда жүзеге асуы тиіс деп жоспарланған бұл жоба Қарағандының болашақтағы орталығы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы үшін өте маңызды болмақ. Биыл жобаға республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге қаражат бөлінген.

Ал аязды күндері үйінде отырып бүр­сең қаққан қала тұрғындарының кө­ңілін жылытарлық соңғы жаңалық мынау: олар үшін жылу тұрақсыз берілген кезеңдегі қыз­метке төлемақы қайта есептелетін болды.

 

ҚАРАҒАНДЫ