Шымкент қаласында мемлекеттік балабақша қызметкерлері мен ата-аналар балабақша меңгерушісін жұмыстан босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Арызданушылардың айтуынша, азық-түлікті орынсыз үнемдеу салдарынан балалар аш жүреді екен.
Балабақша қаланың Құрсай мөлтекауданында орналасқан. Жергілікті тұрғындар мектеп дейінгі білім беру мекемесінің қызметкерлерге және балаларға деген қарым-қатынасына наразылықтарын білдірді.
Балабақша тәрбиешілері балалардың тойып тамақ ішпегеннен жиі аш жүретінін растап отыр. Сонымен қатар олар бастықтың қорлауына және ұрып-соғуына шыдайтын кездері болатынын да баса айтты.
«Мен ас үйден тамақ таратамын. Кейде тағамды қалай дайындап жатқанын көріп қаламын. 150 балаға тауықтың 2 жамбасынан тамақ жасайды. Сөйтіп бірінші асқа − сорпа, екінші асқа − суға піскен күріш немесе жарманы бұқтырып жанына сол тауық етін салып береді. Қызметкерлер де осы тамақты жейміз. Бұл үш жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді», деді Шымкент қаласының №36 балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Әсия Далиева.
Ал Құрсай мөлтекауданының тұрғыны Қалима Қазыбаева: «Қазір менің екі балам осы балабақшаға барады. Біреуі − 5, екіншісі − 2 жаста. Олар үйге аш келеді. Кейде тіпті ертерек алып кетеміз. Қайтар жолда қарны аш екенін айтып жылайды. Біз дүкенге кіріп, нан сатып алсақ, үйге жеткенше жеп қояды», дейді
Балабақша қызметкерлері балалар аш қалмауы үшін үйден тамақ алып келетін кездері болатынын айтты. Олардың айтуынша, басшысы дөрекі сөйлеседі, кейде тіпті қол көтереді. Шыдамағандары жұмыстан шығып кеткен.
Тәрбиеші Шәрбат Саулықова кешегі өткен жиналыста ол үш қызметкерге ғайбат сөз айтып, артынша орнынан тұрып Жұлдыз есімді қыздың қолынан қалың дәптермен салып қалғанын айтты. Мұндай жағдайлар жиі-жиі қайталанып тұратын да тілге тиек етті.
Мекеме басшысы болса, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Жұмыстан шығару үшін бәрі оған қарсы бірігіп алып, әдейі жасап отырғанын айтады.
«Кешеден бастап телефоныма түрлі хабарлама келіп жатыр. Егер мен оларға белгілі бір соманы берсем, онда ата-аналар да, қызметкерлер де бүлік шығармайды деп жазыпты. Болмаса, бәрін осында жинаймыз деп қорқытты. Басқа айтатын ештеңем жоқ. Бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаймын», деді балабақша меңгерушісі Зина Молдақұлова.
Жанжал кезінде білім басқармасының қызметкерлері де келді. Наразы топтың шағымдарын тыңдап, бұл мәселені шешуге уәде берді. Осыған орай арнайы комиссия құрылатынын және басшылық әрекетін полиция да тексеретін айтып өтті.
Ал ата-аналардың көпшілігі директорды жұмыстан шығармайынша, балаларын әкелмейміз деп отыр.