• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қаңтар, 2021

Жамбыл облысындағы Қызылқайнар ауылына ауызсу тартылды

481 рет
көрсетілді

Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылында талай жылдан бері көпшіліктің көкейкесті мәселесі шешіліп, су жүйесі тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 740 миллион 760 мың теңге бөлініп, 950 аулаға ауызсу жүйесі жүргізілді. Мұнда «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жүргізіп, 3000 тұрғыны бар ауылға бір жыл ішінде су тартып берді. Осы орайда, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасарлары Ерлан Қыдыралыұлы мен Нұрлан Несіпбеков ауылдықтармен кездесіп, көпшілікті  көптен күткен қуанышымен құттықтады. Олар өңірде ауызсу мәселесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүйелі түрде шешімін тауып келе жатқанын, бүгінде ауданға қарасты 42 елдімекеннің 29-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылғанын жеткізді. Ал, биылғы жылы Шоқай ауылындағы ауызсу құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Осы уақытқа дейін Қызылқайнар ауылының тұрғындары Кеңес заманында тартылған ауызсуды пайдаланып келген. Алайда, тау бөктерінен келетін судың сапасы соңғы кезде төмендей бастаған. Тұрғындар су қорының жыл сайын төмендеп келе жатқанын, ауылдағы су құбырларының тозғанын айтып, талай рет мәселе көтерген болатын. Ал, бүгінде ауыл тұрғындары дән риза. «Жаңа су мұнарасы біздің көптен күткен тілеуіміз еді. Араға 70 жыл салып, ауылішілік көшеге құбырлар тартылып, әр аулаға су тетіктері орналастырылды. Осы орайда ауылдағылардың тұрмысын жақсартуға үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін», деді ауыл тұрғындары атынан Кенжетай Құрманқұлов. Ендігі кезекте әрбір тұрғын көшедегі су желісіне қосылуы қажет. 

Жамбыл облысы