• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Қаңтар, 2021

Халықты жаппай вакциналау басталады

1250 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысын өткізді. Жаңа тағайындалған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мемлекеттік қызметші ретінде ант берді.

6 млн-ға жуық адам вакциналанады

Отырыста елдегі санитарлық-эпи­демиялық жағдай қаралды. Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғым­баев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Алтай Көлгінов, Пав­ло­дар облысының әкімі Әбілқайыр Сқа­қов, Ақмола облысының әкімі Ер­мек Маржықпаев, Қостанай облы­сы­ның әкімі Архимед Мұхамбетов, Аты­рау облы­сының әкімі Махамбет Дос­мұ­хамбетов баяндама жасады.

Елдегі санитарлық-эпидемиялық жағ­дай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады. Ведомство басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда әлемнің 220 елінде КВИ-дің 95 млн-нан астам жағдайы тіркелген. 2 млн-нан астам адам қайтыс болды, жаһандық өлім көрсеткіші 2,1%-ды құрайды. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының алты өңірінің үш өңірінде (Аме­рика, Тынық мұхиттың батыс бөлігі және Африка) халықтың COVID-19 виру­сымен сырқаттануының ұдайы өсуі жалғасуда. Еуропа және Шығыс Жерорта теңізі өңірлерінде төмендеу бел­гілерінсіз сырқаттанудың тұрақ­ты түрде жоғары деңгейі байқалады. Тө­мен­деу үрдісі тек Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тиесілі.

Сырқаттанудың таралу көр­сеткіші мен деңгейі бойынша Қазақстан Түркия сияқты тәуекелі орташа аймақта немесе сары аймақта тұр. Тәуекелі жоғары аймақта, яғни қызыл аймақта Украина, Ресей Федерациясы, Беларусь, Германия, Италия, Франция, Бірік­кен Араб Әмірліктері сияқты елдер тұр. Оңтүстік Корея мен Сингапур жасыл аймақта. «Қа­зақ­станда пандемия бастал­ғаннан бері COVID-19-ға оң нә­ти­жемен 170 098 нау­қас және 46 866 КВИ-жағдайы тірке­лген. Ал КВИ+ 154 449 науқас және КВИ- 34 656 науқас ем­деліп шықты. Қай­тыс болған адамдар саны – КВИ+ 2 423 адам және КВИ- 542 адам. Кейінгі тәу­лікте КВИ+ 999 жағдай және КВИ- 18 жұқтыру жағдайы тір­келді, оның ішінде 9 – өлім жағдайы», деді А.Цой.

А.Цойдың айтуынша, жалпы алғанда, республика бойынша қараша айынан бас­тап КВИ-мен сырқаттанудың өсуі байқалады, қазан айымен салыстырғанда қараша айында сырқаттану 4,5 есе,  қарашамен салыстырғанда жел­тоқсан айында 1,2 есе өсті.

«Бірқалыпты өсу үрдісі қаңтар айында да сақталып отыр. Бұл – желтоқсан мен қаңтар айларында ұзақ мереке күндері халықтың барлық профилак­тика шараларын сақтамауының салдары. Мәселен, қаңтардың 19 күні ішін­де КВИ-дің 14 625 жағдайы тіркелді. Сыр­қат­танудың өсуі Шығыс Қазақстан облы­сынан басқа барлық өңірде бай­қалады», деді министр.

Эпидемиялық жағдайды ескере отырып, бірқатар өңірде, оның ішінде Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында халықтың көп жиналатын орындарында қарым-қатынасты азайтуға бағытталған шектеулерді күшейту бойынша шаралар қабылданды. Вирустың мутацияға бейімділігін ескере отырып, министрлік тұрақты негізде Қазақстанда бөлінген вирус штаммдарына молекулалық-генетикалық секвенирлеу жүргізеді. Тал­дау көрсеткендей, зерттелген сынамалар генетикалық жағынан Германия, Испания, Украина, Ресей Федерациясы, АҚШ және Қытайда анықталған штаммдарға жақын; аурудың симптомдық және симптомсыз түрлері, сондай-ақ вирустың контагиоздылығы және аурудың ауыр өтуі вирустың қандай да бір генетикалық сызыққа жататындығына байланысты емес; барынша көп анықтау жиілігімен мутациялар анықталды; зерттелген сынамаларда коронавирустың «Британдық» штаммы анықталған жоқ. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

А.Цойдың айтуынша, Мемлекет бас­шы­сының КВИ-ге қарсы вакциналауды жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.  2021 жылғы 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарланды. Биылғы 20 қаңтарда арнайы тәртіп бойынша сатып алуды жүргізу үшін бір жолғы әкелуге рұқсат беру және СҚ-Фармацияға хат жіберу жос­парланып отыр.

Вакциналау вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзе­ге асырылады. Бұл ретте контингент­тер мынадай түрде бөлінген: 2021 жыл­ғы 1 ақпаннан бастап I кезең – инфек­циялық ауруханалар, жедел медици­на­лық жәрдем, реанимация және қар­қынды терапия бөлімі, медициналық-сани­тариялық алғашқы көмек, ауруха­на­лардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері жатады. Олардың жалпы саны – 100 мың адам.

Биылғы наурыздан бастап II кезең – жалпы білім беретін мектептердің, арнау­лы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының педагогтері, ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлері, барлығы – 150 мың адам.

Биылғы сәуірден бастап III кезең – мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтері, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам.

Биылғы мамырдан бастап IV кезең – Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар. Барлығы – 600 мың адам.

Биылғы маусымнан бастап V кезең – медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар. Барлығы – 600 мың адам.

Биылғы шілде айынан желтоқсанға дейін VI кезең – тәуекел тобындағы қал­ған контингент. Барлығы – 600 мың адам.

Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жос­пар­ланған.

 

Түсіндіру шаралары күшейтілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бірқатар өңірде коро­навирус тақырыбы бойынша ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстары күшей­тілгенін айтты. Атап айтқанда, алдың­ғы аптамен салыстырғанда өткен жетіде барлық құралдар арқылы коронави­рус тақырыбындағы ақпараттық мате­риалдар 27%-ға артып, жыл басынан бері шыққан телесюжеттердің, бас­па өнімінің, интернет-материалдың са­ны 6 мыңға жуықтады. Халықты ақпа­рат­тан­дыру мәселесінде арнайы ашылған coro­navirus2020.kz сайтының орны ерекше. Қазіргі таңда оған күніне 80 мыңнан аса пайдаланушы кіріп, тиісті ақпарат алуда.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев министрліктің карантиндік және шектеу шараларын қамтамасыз ету бойынша денсаулық сақтау органдарына көмек көр­сетуді жалғастырып жатқаны туралы баян­дады. Бас санитарлық дәрігерлердің қау­лысына сәйкес еліміз бойынша 15 са­ни­тарлық (Алматы облысы – 9, Қос­та­най облысы – 4 және Ақтөбе облысы – 2) және 4 блок-бекет (Атырау облысы – 4) қо­йылған. Карантиндік іс-шара­ларға 10 мың­нан астам полиция мен Ұлт­тық ұлан­ның әскери қызметшілері жұмыл­ды­рылған. 290 карантиндік объекті бақы­­лауға алынған. Сондай-ақ көлік объек­­т­і­лерінде санитарлық дәрігерлерге жолау­­шы­ларды фильтрациядан өткізуге жәрдем­­десу қамтамасыз етіледі. Осы мақ­сат­­та еліміздің халықаралық әуежай­ларын­­да 18 бақылау-қадағалау пункті, темір­­жол вокзалдарында 16 бақылау-қадаға­лау пункті орнатылды. Бұл объек­тілер­дегі күн сайынғы жолаушылар ағыны тиі­сінше 31 мың және 17 мың адамды құрайды.

Министр Е.Тұрғымбаев қазіргі уақытта «қызыл» аймаққа кірген облыстардағы топтардың жұмысының нашарлығын айтты. «Аталған топтардың жұмыс бел­сен­ділігінің төмендеуіне байланысты, аза­мат­тар адамдар көп жина­латын жерлерде маска режімін жиі бұза бастады. Тұр­ғын­дар арасында вирустың қауіпсіздігі жә­не вакци­на­лардың тиімсіздігі туралы жал­ған ақ­параттың таралу фактілері бар», деді Ішкі істер министрі. Осыған бай­­­ла­­ныс­ты Е.Тұрғымбаев өңірлердің әкім­дік­­­тері­мен және бас санитарлық дәрі­гер­­лері­мен бірлескен жұмыс аясында мо­биль­ді топтардың сауда орталық­тар­ын­да, мәде­ни мекемелерде алдын алу жұ­­мыс­тары­на баса назар аударуын, осы меке­мел­ер­дің иелерімен шектеу ша­ра­ларын бұзуға жол бермеу туралы қатаң түсін­діру жұмыс­тарын жүр­гізуді ұйым­дасты­руды ұсынды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өткен аптада Павлодар облысында КВИ-дің 616 жағдайы тіркелгенін хабарлады. Аурушаңдықтың өсуі 5,8% құрады. Соң­ғы тәулікте 155 жағдай, 396 бай­ланыста болған адам анықталды. Бар­­лық үй ошақтарында эпидемиялық зерт­теу­лер жүргізіліп, жаңа ошақтар оқшау­­ланды. «Өңірдің денсаулық сақтау жүйе­сі штаттық режімде жұмыс істейді. Инфек­циялық төсектердің жүктелуі 37,7%-ды құрайды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Мар­­жықпаев өз кезегінде облыста эпи­демия­лық жағдайды тұрақтандыру бойын­ша жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Соңғы аптада, жалпы аурудың орташа өсуі 0,8%-ды құрады, соңғы тәулік­терде – 1,2% немесе 99 жағдай. 526 адам стационарда емделуде, оның ішін­де: ауыр жағдайда 41 адам жатыр. Аурудың артуына жол бермеу және карантин шараларын күшейту үшін барлық қажетті шара қолданылады. Қажетті дәрілік заттарды қосымша сатып алу үшін облыстың тұрақтандыру қорында 500 млн теңге қарастырылды. Өңірдегі эпидемиялық жағдай ерекше бақылауда.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұ­хамбетов пандемия басталғаннан бері өңірде 672 COVID-19 жағдайы тір­кел­­­генін айтты. Қазіргі уақытта 1 096 ста­­цио­нарлық төсектік орын қамтамасыз етіл­ген, жүктемесі 39,5%-ды құрайды. Қа­­жет болған жағдайда төсектік орын санын 3 мыңға дейін арттыруға дайын. Об­лыс­тың дәріханалары мен стационарларында дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныш құ­рал­дарының азайтылмайтын екі айлық қоры бар.

 

Жаппай вакциналау 1 ақпанда басталады

Отырысты Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Covid-19 таралу қар­қы­ны бойынша еліміздің 6 өңірі «қызыл ай­­мақта» тұр. Атап айтсақ, Ақмо­ла, Аты­рау, Қостанай, Павлодар, Сол­түс­тік Қа­зақ­стан облыстары және Нұр-Сұлтан қала­сы. «Сары аймақта» – Батыс Қазақ­стан, Алматы және Қарағанды облыстары. Рес­­пуб­лика бойынша вирустың репро­дук­тив­­тік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Инфек­ция­­лық төсектік орындардың жүктемесі – 32%, реанимациялық төсектік орындар – 23%.

QazCovid-in отандық вакцинасы клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтуде (алдын ала тиімділігі – 96%).

«Спутник V» вакцинасының сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. GMP стандарты бар вакциналар шы­ғаратын биофармзауыт салынуда. «Бүгінгі таң­дағы ең маңызды міндет – халықты жап­пай вакциналауды ұйымдастыру», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 ақпаннан бастап медициналық ұйым­дардың халықты «Спутник V-мен» жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қам­тамасыз етуді тапсырды. Осы жылғы 1 ақ­панда егуге жататын халық топтарын КВИ-ге қарсы вакциналауды бастау көз­делген.

Премьер-Министр өңірлердің әкім­деріне эпидемиялық ахуал нашар­лаған жағдайда алдын ала шектеу шара­ларының жос­парын әзірлеуді, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген сани­тария­лық нормаларды қатаң сақтауын қамта­масыз етуді, бір апта мерзім­де инфекциялық стационарлар мен алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек ұйым­дарында жеке қорғаныш құрал­дары мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қор­ларына тексеріс жүргізуді тап­сырды. Ішкі істер министрлігіне әкім­діктермен бірле­сіп, мониторингтік топтардың жұмы­сын күшейту, Ақпарат минис­трлігімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.