2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын утилизацияға қабылдау басталды. Жыл соңына дейін 2 380 аграрлық техника кәдеге жаратылады деп күтілуде.
«ӨКМ Операторы» ЖШС таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, 2021 жылы істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын утилизацияға қабылдау квотасының мөлшері Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Аталған бағдарлама аясында жыл соңына дейін қабылдау бекеттері 1 900 трактор мен 480 комбайнды қабылдауды жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы техникасын қабылдау Қазақстанның 11 аймағында екі кезең бойынша жүзеге асырылады. 18 қаңтардан бастап Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Шымкент қалаларында 1 ақпаннан бастап Павлодар, Алматы және Тараз қалаларында қабылдау жүргізіледі.
«Биыл агротехниканы өткізушілерге ыңғайлы болу үшін recycle.kz сайтында алдын ала өтінімді қарайтын жүйе енгізілгенін атап өткен жөн. Сол арқылы көлік тапсырушы техникасын электронды түрде кезекке қоя алады. Ол үшін ауыл шаруашылығы техникасының иесі арнайы электронды үлгіні толтыруы тиіс. Оған екі құжат қана керек: жеке куәлік және техниканы тіркеуден шығарғандығы туралы анықтама. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы техникасының әр қырынан түсірілген бірнеше суреті қажет. Өтінім мақұлданған жағдайда, автоматтандырылған жүйе өтінім берушіге аграрлық техниканы кәдеге жаратуға тапсыру күні мен уақыты туралы ақпарат береді», деп хабарлады «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның баспасөз қызметі.
Техниканы тапсырғандарға жеңілдік сертификаты беріледі. Оның құны техниканың түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін бағаланады. Жеңілдік сертификатын Қазақстанда құрастырылған кез келген санаттағы көлікті сатып алу үшін қолдануға болады. Сонымен қатар екі сертификатты біріктіруге және оны басқа адамның атына тіркеуге (2 реттен артық емес) мүмкіндік бар. Сертификат берілген күннен бастап 12 айға дейін жарамды.
Тапсырылатын техника зауыттан шыққандағы салмағының 50 пайызынан асатын болса толық жиынтыққа жатады. Бұл ретте толық жиынтықтағы комбайнға 2 млн теңгелік жеңілдік сертификаты беріледі. Ал толық емес жиынтықтағы комбайнға қарастырылған сертификат құны – 1,5 млн теңге. Сондай-ақ толық жиынтыққа жататын тракторлар үшін жеңілдік сертификатының мөлшері – 1 млн теңге. Толық емес жиынтықтағы машиналарға (шынжыр табанды немесе дөңгелекті) 560 мың теңгенің сертификаты беріледі.
Тозығы жеткен ауылшарушылық техникасын утилизацияға тапсыру үшін «ӨКМ Операторының» ресми сайтына (www.recycle.kz) кіріп, кезекті алдын ала брондауға өтінім беру қажет.
Тозығы жеткен аграрлық техниканы қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы еліміздегі ескірген ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандыруға және қайта өңдеу жүйесін құруға ықпал етеді.