Жақында ғана тұсауы кесіліп, өнер әлеміне қадам басқан елорданың ең жас театры – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевскийдің «Ұлдар» драмасының премьерасы өтті. Үш күн бойы көрерменін терең ойдың тұңғиығына шомдырған драма жазушының «Ағайынды Карамазовтар» романының желісімен сахналанды.
Қоюшы режиссер Ерназар Жаңатілектің сараптауында көрерменімен қауышқан айтулы драма жасөспірімдер өмірінен сыр шертеді. Олардың адамға, қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарастары, күнделікті өмірдегі бір-бірімен қарым-қатынастары балалық психологияның шеңберінен шықпағанымен, жасөспірімдер ғана емес, ересек адамдарға да ой салатын көркем шешімдерге құрылған.
«Ағайынды Карамазовтар» – 1878-1880 жылдары жазылған Ф.Достоевскийдің соңғы романы. Әлем әдебиетіндегі үздік туындылардың бірі ретінде бағаланады. Ф.Достоевский айтулы туындысында адам өмірінің негізгі мәселелерін алға қояды. Әр адамның өмірі мен бүкіл адамзат тарихының мәні, адам болмысының моральдық және рухани негіздері туралы мәселелер қарастырылған.
Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – бала тәрбиесі. Олардың көретіні мен еститіні, еліктеуі, ер жетуі мен бой жетуі сынды маңызды кезеңдерінде ата-аналардың балаларына ерекше көңіл аударып, қадағалап отыруы негізіндегі ойларды да аталған қойылым алға тартады. Адамның айналасындағы әрбір жанға сыйластықпен қарап, оларға лайықты түрде құрмет көрсете білуі – адамгершілік пен ақыл-парасаттың асқар биігі болса керек. Осы талап биігінен келгенде, төр қаланың Музыкалық жас көрермен театры ұсынған «Ұлдар» қойылымының көрерменіне берер тағылымы мол.
Спектакльде Илюша (бозбала) рөлі театр әртістері Еламан Иманбаев пен Дінислам Нұрмағамбетов, Николай Красоткин – «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов пен Саламат Мұқашев, Алексей Карамазов – Абзал Арапов, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген, Смуров – Иманғали Ақәділ, Снегирев бейнесі – Алтынбек Сүндет пен Шыңғыс Тельманов сынды талантты актерлер ойынында сәтті сарапталды.
Астаналық жас көрермендер театрының жаңа жылдағы ұсынып отырған алғашқы премьерасы көрерменді мейірімділікке, адамгершілікке, сенімділікке шақырады. Мысалы, Илюша кім? Ол тектен-текке батыр болып кеткен жоқ. Бала жүрек намыс пен кектің арасын ажырата алмай қалды. Шығарма қандай жағдай болса да адам баласы өзінің асыл қасиеттерін жоғалтпай, адам болып қалу керектігін дәріптейді. Қойылым сонысымен де құнды.