• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 21 Қаңтар, 2021

Сынның пайдасы мен зияны

1217 рет
көрсетілді

Тілді қарым-қатынас құралы деп қана емес, ішкі мәдениетің мен рухани бейнеңнің, тәлім-тәрбиең мен дүниетанымыңның айнасы деп бағалауға аса мән бере қоймауы­мыздан кейде опық жеп қалып жататынымыз бар. Германияда тұратын Айнұр Асқар­қызы есімді қызымыз өзінің желідегі парақшасында: «Өзінің мінін көрмей, өзгеден мін іздеу әдетке айналып бара ма, қалай өзі. Біз қытайлар секілді көп xалық емеспіз. Кең-байтақ жеріміз болғанымен, сол кең жердің әр тұсында тарыдай ша­шыл­ған аз ғана xалықпыз... Сонда да бір-бірі­мізге ауыр сөз айтып, жазықсыз айыптап, себепсіз кінәлап, жанталасып жатамыз. Соншама неге ішіміз толып кеткен? ...Бір-бірі­мізге мейірімді болайықшы!» деп ой тас­тапты.

Қазақтың қадірлі тұлғалары туралы соңғы уақытта аузына келген сөзді жария ете салатын әдет жиі қылаң беріп қалатын болып жүр. Ондайларға «өйтіңдер, бүйтіңдер» деп ақыл-кеңес айта бастаған адамның өзі сынға ұшырап, басы дауға қалатын жағдайға жет­тік. Мәселе бүгінде көзі тірі адамдар туралы болса мейлі. Өкініштісі, қазақтың белгілі қайрат­керлерінің, тарихи тұлғалардың өмі­рінен кір іздейтіндер табыла бастады. Аруаққа тіл тигізуден қаймыққан қазақтың баласы «Орыстар Пушкинді сынап жатқанда, біз неге Абайды сынамауымыз керек?» деген ойдың отын көсеп, кеудесін қоламтаға толтырып жүр. Жұрт жабылып біреуді мақтап жатса, екінші бір тұстан әлгі кісінің кемшілігін тізіп, еңбегін түкке тұрғысыз етіп тастайтын теріс пиғылдағы сын басын қылтитып шыға келеді. «Мақтап отырған тұл­ғаңның шынайы сиқын білгің келсе, міне» деп, аннан-мұннан естіген әртүрлі «деректерін» құрастырып, халық сыйлаған тарихи тұлғаның таудай  биік бейнесін көз алдыңда әп-сәтте төбешікке айналдырып бере салады. Ондай пенделердің көкейін не тесіп тұрғанын іштей сезесің. «Міне, мен қандай мықтымын. Шыншылмын. Ақиқатты айтудан қорықпаймын. Қасаң ойды бұзып-жарып, адамдарды жаңаша ойлауға үндеп жатырмын» дегенді меңзегісі келгені. Өзін жұрттан ерекше ақылды, кемеңгер етіп көр­сетпек ойы. Мұндайда шынайы иманның иесі атанған бұрынғы ата-бабаларымыздың айтар сөзін ой елегінен өткізіп барып көмейін бүлкілдетер дәстүрінен, «Сөйлемес бұрын үш нәрсе жайында ойлан. Олар: не айтатының, қашан айтатының және кімге айтатының» (Әбу Бәкір) деген қанатты қағидасынан ара­мыздың мұншалық алшақтап кетуіне не себеп деген ой мазалайды.

Негізі мұндай жағымсыз құбылыс нега­тив­ке толы, өмірге өкпелі, кемсітіп-мұқатуға бейім жат пиғылдағы жандардың бойынан жиі байқалатын көрінеді. Үнемі өзгенің кем­шілігін теріп, өштесу мен қастандыққа құ­рылған сынның иесі қарсы тараптағы адам­ның жеке өміріне қол сұғып, жанына жара салып жатырмын деп ешқашан ойламайды. Ал енді біреулер өзі­не жақпай қалған, ұнатпаған жандарды сы­нап-мінегенде тіпті өздерінің кім екенін, ке­шегісін естен шығарып алып жатады. Өзі қаншалықты адал, қаншалықты әділ? Жалпы, өмірде судан таза, сүттен ақ пенде бар ма? Өз­гені сынау үшін адам алдымен өзіне қарап алуы керек емес пе? Қазақтың «Пышақты өзіңе сұқ, ауырмаса өзгеге сұқ» деген сөзі дәл осындайда айтылса керек-ті. Қоғамдық орын­дарда, базарларда, көлікте, әлеуметтік желіде бір-бірін танымайтын бейтаныс жан­дар өзара қырқысып, дауласып жатады. Ауыр-ауыр сөздер айтылады. Жолдары ешқашан қиыспайтын айдаладағы жандар неге бүйтеді? Түсініксіз. Сосын өмірде ешкім, ешнәрсе ұнап көрмеген адамдар кездеседі. Олардың жазғандарын оқи бастасаң, жарық дүниеге емес, қара түнекке түсіп кеткен сияқтысың.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Адамдар құрдымға кетті деген кісінің өзі құрдымда» деген. Дүниені қандай түспен қабылдау адамның жүрек көзіне байланысты екен. Ар-ұждан мен жүрек тазарған сайын кісі барлық нәрсені дұрыс көре бас­тайды дейді. Әрдайым өзге­лердің бойынан кемшілік іздеп, мін табуға тырысушылық жақсылыққа апарып соқтырмайтынын ес­кертеді. Орынсыз сынға ұшыраған тағдыр­лардың бақытсыздыққа ұрынып, кейде қиянаттан ерте көз жұматыны тағы бар. Сондықтан әр адам біреуді сынамас бұрын одан кімге қандай пайда мен зиян келетінін елеп-екшеп алғаны абзал дер едік. Сын шын болмаса, адамдар арасындағы қарым-қатынас, сыйластық сым­баты бұзылады дейді. Өкпе-ренішке бой алдырады. Ондай сын кімге керек? Бірақ бұл қо­ғамдағы келеңсіздіктермен күресу үшін сынның пайдасы жоқ, ешкімді сынауға болмайды деген сөз емес.