2020 жылы алимент төлеуден жалтарғандардан 76 пәтер мен 62 көлік арқылы берешек өндірілді. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
«Бірнеше жыл бойы жүргізілген дәйекті реформа және атқарушылық іс жүргізуді электрондық форматта жүзеге асыру өзін-өзі ақтады. Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі әлеуметтік маңызды атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын үздіксіз қабылдауға мүмкіндік берді. Осылайша, алимент санатындағы борышкерлердің 76 бірлік жылжымайтын мүлігінен және 62 бірлік көлік құралдарынан берешек өндіріліп алынды», деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар ол Жеке сот орындаушылардың республикалық палатасының қызметінде ашықтық қамтамасыз етілгенін айтты.
«Республикалық палатаның бухгалтериясымен қаржылық есептілігі «PricewaterhouseCoopers» компаниясының аутсорсингіне берілген. Олардың кірістері және шығыстары ай сайын палатаның ресми сайтында жарияланады. Бұл кәсіби ұйымға деген жеке сот орындаушылардың, оның мүшелерінің және реттеушінің тарапынан сенімді арттырады», деді вице-министр.