Мемлекет кәсіпкерлер құқығын қорғау бағытында түрлі шара қолданып, заң талабын мейлінше жеңілдетуге ұмтылып отыр. Есесіне, іскер азаматтардың қолындағы өндіріс өркендеп, жұмыс орны көбейіп, шағын және орта бизнес тарапынан экономикаға қосылған үлес те артып келеді.
Дегенмен қоғамда жеке кәсіпкердің жолын кесетін, ел ішіндегі іскерліктің ілгерлеуіне кедергі келтірушілер де кемімей тұр. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын ұйымдар бизнестің дамуына барынша қарсы болатын кертартпа көзқарастағы кісілердің һәм топтың барын жоққа шығармайды екен. Мұндай әрекеттердің артында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен жеке мүддені көздеушілердің тұрғаны да жасырын емес. Мысалы, өткен жылы Алматы облысында кәсіпкерлердің құқығын аяққа таптаудың кесірінен бизнес 1,2 млрд теңге зиян шеккен.
– Аймақтағы бизнестің түйткілді мәселелерінің қатарында мемлекеттік сатып алу мен жер қатынастары саласы, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдар, салық, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы келеңсіз әрекеттерді атауға болады. Өткен жылы біздің палатаға кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша заңды тұлғалардан 233 өтініш келіп түсті, оның 88-і оң шешімін тапты. Былтыр біздің қолдауымыздың арқасында бизнес құқығы жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге қорғалды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметов.
Даулы мәселелерді шешуге палата өкілдері үшінші тарап ретінде қол ұшын созып отыр екен. Мәселен, былтыр заңгерлер сотта «АЛСАД Қазақстан» ЖШС құқығын қорғап, сотқа жүгінген. Компания соттан мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп тануды және 2020 жылғы наурыздан мамырға дейін тағамдық тауық жұмыртқасы өндірісінің құнын арзандатуға өтінімдер қабылдау және субсидиялар төлеу бойынша бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді талап еткен. Істі қараған сот кәсіпорынның 56 млн теңге көлеміндегі талап-арызын қанағаттандыру туралы шешім шығарыпты. Сондай-ақ палата сарапшыларының қатысумен 243 нормативтік-құқықтық актілер қаралып, тиісті шешімін тауыпты.
Жалпы, өткен жылы Алматы облысында 16 мыңнан астам кәсіпкер сервистік қызмет пен кеңес алған екен. Оның ішінде бизнесті қаржысыз қолдау бағытындағы жұмыс қарқынды жүргізіліпті.
– Біз былтыр өңірдің 16 мыңнан астам кәсіпкеріне 17,5 мың сервистік және консультациялық қызмет көрсеттік. Кәсіпкерлер, негізінен, жеке кәсіпкерлік ашу, бизнес-жоспарды әзірлеу, бухгалтерлік есепті тапсыру сияқты қызметтерге көп жүгінді. Біздің палатаның араласуымен 1,3 мың жоба мемлекеттік қолдау құралдары аясында қаржыландырылды. Сондай-ақ менеджерлеріміз жалпы сомасы 50 млрд теңгеге жуықтайтын 529 бизнес-жоспар әзірледі. Оның ішінде 5,2 млрд теңгенің 153 жобасы іске асты, – дейді Әсет Шаяхметов.
Алматы облысы