• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Қаңтар, 2021

Елін ойлаған Ер Едіге

689 рет
көрсетілді

Күллі Түркінің киелі топырағында қабыландай жортуылда жүрген қайран бабаларым-ай! Қалың елдің қасіреті мұз болып қатқанда көкірегінің жалынымен жібіткен, семсер жүзі серттесіп, аспан сүйген тауларына, көк жазира бауларына көз қадаған қаншама дұшпанының бетін қайтарды десеңізші! Алып Ер Тұңғадан тұтанған рухтың шырағын сөндірмей дарқан даланы даңқымен тербеген қаншама батырлардың кеудесінде лапылдап жанды екен?! Қылышынан қан кеппеген кер заманның қасіретті оқиғаларында ұлт ошағы сөнбеуі, ұлы өскіні сембеуі үшін ат жалында күнқақты ғұмыр кешкен сол баһадүрлердің әрбірінің асқақ тұрпаты, болмысы мен ерлік қиссасы – ұлт тарихының тамырлы тармағы емес пе?! Соның бірі Ер Едіге еді.

 

Жоғарыдағы ой Ұлттық ака­­де­миялық кітапханада өт­кен «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірі­нің жыры» атты ғылыми-прак­ти­­ка­­лық конференцияда туды. Ақ­төбе облысының әкімдігі ұйым­­­дас­тырған халықаралық жиын­­­да «Едіге» тұлғасының түркі әле­­­мін­дегі орны мен маңызы тал­қыланды.

Айтулы шараны Ақтөбе об­лысы әкімінің орынбасары Мей­рамбек Шермағанбет жүргізді. Ол былтыр белгілі жырау Алмас Алматовтың жетекшілігімен «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жы­ры» атты музыкалық альбом жа­рыққа шыққанын қуанышпен хабарлап, жыр сүйер қауымның көптен күткен ақжарма арманы орындалғанын жеткізді. Бірнеше жыр-дастанды қамтыған жаңа жинақ Ақтөбе облысының әкім­дігінің қолдауымен оқырманға жол тартқан.

Жинаққа «Едіге батыр» эпосы, Мұрын жырау нұсқасындағы «Қырымның қырық батыры» және «Қарасай-Қази» дастаны (Қайролла Иманғалиев нұсқасы), және басқа да ел арасында кеңінен жырланып жүрген көлемді дас­тандар енген. Жалпы саны 40-тан астам жыршыдан 60 сағаттық жыр жазып алынған.

Салиқалы шараның салмағын арттырып, ашылу салтанатын­да ақеділ тілекті алдымен Пар­ла­мент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед онлайн жолдады.

«Ер Едіге – қазақ халқының ғана емес, көптеген түркі халық­тарының есінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ең қадірлі, ең құрметті, ең көп тараған жыр­лардың бірі. Едіге би – тарих­та болған адам. Ноғай ордасы құрылған кезде осы орданың билеу­шісін хан емес, би деп ата­ған. Биден кейінгі тұлғаның аты – Нұрадын болған. Нұрадыннан кейінгі лауазым – Кейқуат болған. Кейін осылардың барлығы елдің санасында түрлі дастандар, жыр­лар ретінде қалып отырған. Сөй­тіп, халықтың оларға деген құр­меті көптеген мифтік сарындармен, фольклорлық жүйелермен, әсірелеумен үлкен дастандарға айналып отырған. Бірақ бәрінің түп қазығы – Ноғай ордасының ұлыс биі Едіге және оның ұрпақтары болып есептеледі. Алдағы уақыт­та ер Едіге мен оның тікелей ұр­пақ­тарына қатысты жырларды бө­лек дербес жинақ етіп шығару ке­рек. Және Қырымның қырық ба­тырына кіретін жеке батырлар­ды жеке жинақтасақ, жүзге жуық ба­тырдың өмір тарихы, дас­тан­дары шыға келейін деп отыр. Олар­дың классикалық нұсқа­ла­рын орыс тіліне, қажет жағдай­да ағыл­шын тіліне де аударып бас­тыратын заман келді. Өйткені, ХХІ ғасырдағы қазақтардың ұр­па­ғы ұлы бабаларының ба­тыр­лық ру­хында тәрбиеленуі керек. Қа­зақ­­стандық патриотизм осындай жобалардан басталады», деді сенатор.

Өткен дәуірдің шежіресі ел жа­­­дында. Ер Едігенің өмір­бая­­ны Ақтөбе облысы­мен ті­ке­­лей бай­ланысты еке­нін тарих­шылар дәлел­деді. Ака­де­­мик В.М.Жир­мун­ский Еді­ге Тоқ­тамыстың ба­ласы Қадір­бер­­дімен болған со­ғыста өлді де­­ген қорытынды жа­сай­ды. Ор­та ғасырдағы белгілі та­рихшы Қа­дырғали Жалайыр бұл ай­тыл­ғандардың қалтарыс-бұл­­тарысын былайша аша жазады: «Ол уақытта Қадірберді хан Еді­ге бимен соғыс қылды. Жа­йық­­тан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадір­берді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды» – деп өлген жері мен кім өлтіргеніне дейін жазып кеткен.

Зерттеушілердің айтуынша, Хижра есебінен қазіргі күнтізбеге көшкенде Едіге 1356-1419 жылдары өмір сүрген. Ал Қ.Жалайыр айтып отырған Ортаңғы Бөртенің Електің үстіндегі бөлігі қазір­гі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты территория. 2016 жылы Мәртөк ауданы әкімі, мамандығы бойынша тарихшы Нұржауған Қалауов өлген жеріне белгітас қойған. Ақтөбенің Атырау облысымен шектескен тұсында «Едіге» деп аталатын ойпат бар. Байғанин ауданында «Едігенің жалы» деп аталатын үлкен қырат кездеседі.

Шара барысында атақты жыршы, Қазақ ұлттық университе­ті­нің профессоры Алмас Алматов «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомын қалай шығарылғаны туралы кеңі­нен айтып берді.

«Бұл альбом – көп уақыт із­деністің нәтижесінде, жан-жақ­ты зерттеліп барып қолға алын­ған күрделі жұмыс болды. Се­бебі «Ер Едіге», «Қырымның қырық батыры» дастандары кі­тап күйінде том-том болып сөреде тұ­ратын. Жыршы-жырау­лары­мыз оны жырлауға дайын болмады. Сондықтан, 1998 жылы «Дәс-­ тү­р­­лі өнер, жыр» мамандығы­­ның мем­­лекеттік стандарты жасалып, ЖОО-да арнайы мамандық ре­тінде ашылды. Бүгінгі таңда оны бітірген мамандардың ал­ды өнертану ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылым­дарының кандидаты болып, жо­ғары дәрежеге жетті. Қазіргі таң­да аға буын жыраулар ішінде Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембековтің жасы 70-ке таяды. Орта буындар 30-40 жас шамасында, ал соңғы орын­дау­шыларымыз – 18-20 жас­тағы студенттер. Демек, дәс­түр­лі өнер мамандығының ЖОО-да оқы­­туы, кәсіби маман ретін­де әзірленуі – 550-ден астам ба­тыр­лық жырымызды халыққа рухани байлық негізінде ұсынуға да­йын деген сөз. Моңғолияда ХІІІ ғасырда жазылған «Жаңғыр» жыры 14 мың жол екен. Соған Ұланбатырға оныншы симпозиум шақырып отыр. Түркияның Болу қаласында Көрұғлы эпосының 12-ші симпозиумы өтіпті. Ал біз­де 550-ден астам эпос бар деп отыр­мыз. Оның әрқайсысына қан­ша­лықты деңгейде ғалымдар ке­рек, оның рухани кеңістікке шығуы үшін жасалатын істер алдымызда тұр. Бүгінде 10 күй­табаққа көшірілген жыр тех­нологиялық жабдықтармен қа­ру­ланып, электронды оқу құрал­дарымен, қала берді әлемдік өр­кениеттің музыкалық мұрасына қо­сылатындай жағдай жасалуы керек», деді А.Алматов.

Музыкалық дастан екі бөлік­тен тұрады. Бірінші кітапта «Қы­­рымның қырық батыры» жә­не Едіге батыр туралы та­ри­хи жырды жеткізген жырау­лар­­­дың өмірбаяны қазақ, орыс жә­не ағылшын тілдерінде бе­рілсе, екінші кітапта жыр жа­зылған 10 диск орналасқан. Му­зы­калық альбомның басы-қа­сында Қазақстанның жетекші ғалымдары, тарихшылар, белгілі өлкетанушылар, этнограф, музыка зерттеушілері жүріп, өз үлестерін қосқан. Атап айтсақ, негізгі идея авторы – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин. Одан кейін жобаның ғылыми жетекшісі – С.Бәйішев университетінің профессоры, едігетанушы Жұманазар Асан, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, музыкалық редакторы – Қазақконцерт солисі Күнсұлу Түрікпен, дыбыс режиссері – Дас­тан Палманов, музыкалық шығармаларды өңдеген – композитор Амангелді Сәндібай, альбомды басып шығарған – «Қазақ кітаптары» ЖШС директоры Орынбек Әнесов және ұлттық нақышта безендіруші – суретші Айбек Орынбасаров секілді ел азаматтары екен.

Айта кетейік, жиынға Пар­ламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерле­рі, ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, тарихшы­лар, ақын-жазушылар, атақты жыршы-жырауларымыз, өлке­тану­­шылар және БАҚ өкілдері қатысты. Олар алма-кезек лебіз білдіріп, тек эпос қана емес, жал­пы, Едіге би тұлғасының зерт­телуі мен ұлықталуы, қазақ ға­лым­дарының едігетануға қосқан үлесі төңірегінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдік ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.

«Елбасымыздың «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында жарық көріп отырған «Ер Еді­­ге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомының жа­рық көруі – ұлттық музыка та­рихындағы елеулі оқиға десек, қателеспейміз. Едіге батырдың өмірі мен ерлік жолдары қазаққа ғана емес, исі түркі халықтарына ортақ мұра. Осы ретте атақты эпик жырау Мұрын Сеңгірбайұлының орындауындағы «Қырымның қырық батыры», ақын Нұрпейіс Байғаниннің жырларының осы жинаққа енуі жобаның құнын арта түсіргені анық. «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» му­зыкалық жинағы бүгінгі жә­не болашақ ұрпақты жаңа ізде­ніске бастап, алдағы уақытта да өз жалғасын табарына сенім біл­діремін. Осы орайда аталмыш шараны іске асырып, қол­дау көрсеткені үшін Ақтөбе облы­сының әкімі Оңдасын Сейілұлына Мәдениет және спорт министрлігі атынан ерекше алғыс айтқым ке­леді», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев.

Өз кезегінде Халықаралық Түр­кі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бүгінгі шара­ның Тәуелсіздік мерекесіне арна­луының маңызы зор екенін тілге тиек етті.

«Себебі «Едіге» жыры – реп­рессияға ұшыраған, тәуелсіздік арқылы ғана бізбен қауышқан тағ­дырлы жыр деуге болады. Татар­дың, ноғайдың, қарақал­пақтың «Едіге» жырларына Мәскеу ресми түрде тыйым сал­ған. Тіпті қарақалпақтың атақты Ерболат жырауы 1938 жылы 76 жа­сында «Едігені» айтқаны үшін азаптап өлтірілді. Ал 1947 жылы сол кездегі Қазақстан басшылығында өрескел қателіктер жөнінде арнайы қаулысы шыққан. Сол үшін «Едіге» шаң басып архивтерде қалған. Әрине, «Едіге» туралы Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев сынды ғалымдар айтқан. Бі­рақ оның ұлтпен қауышуы тәуел­сіздігіміздің арқасында ғана мүм­кін болды. Бұл жұмыстың Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына арнал­уында үлкен символикалық мән бар», деді Д.Қыдырәлі.

Иә, тарихшылардың жазуынша, Едіге – Алтын Ордадағы ислам дінінің біржола орнығуына зор ықпал еткен тұлға. Едігенің есімі түркі халықтары есінде ғасырлар бойы сақталып ке­леді. Ол ақылдылық пен қайырым­дылықтың үлгісі есебінде жыр­ларға қосылып, бірте-бірте түркі халықтарының қасиетті әулие ада­мына айналды. Ел билеп, мем­лекет басқарған Едіге талант­ты қолбасы ғана емес, дарынды дипломат болған. Өзінің оң­түс­тіктегі қаһарлы көршісі Ақсақ Темірмен арадағы қарым-қатынасты жақсартуды да ұмыт­қан жоқ. 1398 жылы оған сый-сияпат пен елші жіберіп, бетін бері қаратып қойды. 1400 жылы Темір Құтлық аяқ астынан өлген соң, билік бір жола Едігенің қо­лына көшеді. Алтын Орданың ха­лық­аралық беделі одан әрі өседі. Мұны көре алмаған Ақсақ Темір 1402 жылы Ордаға қарсы жаңа жорық ұйымдастыруды көздей­ді. Едігенің ұтымды жүргізген дип­ломатиялық әдісі негізінде ара­­дағы қырғи қабақтық тағы да тоқтайды.

Бүгінде батыр бабамызға көр­сетілген құрмет орасан. Эпостың атақты Қияс жырау нұсқасында әкесі Едігені іздеп Ақсақ Темір еліне барған Нұраддин балаға хан қайдан келдің дегенде: «Жерім жырақ үш айшылық шөл майдан, Шыққан жерім – Қарғалы, Елек, Кеңсайдан» дейді. Бұл өзендер күні бүгінге дейін Ақтөбе қаласын көлбей өтіп жатыр. «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді» деген атпен күллі түркі халқының есінде қалған, 60 нұсқалы «Едіге батыр» эпосының басты қаһарманына Ақтөбеден даңғыл атауын беріп, қоладан көрнекі ескерткішін ор­натты. «Едіге батыр» эпосының Ш.Уәлиханов нұсқасы Түркиядан түрік тілінде кітап түрінде баспадан шықты.

Тарих тудырған толағай тұлға уақыт тағынан түспесі анық. Ер Едігенің ел үшін жасаған жо­рығы жаңғырып, дәуірден дәуір­ге алмасары хақ. Тек баба ру­хын қадірлеп, ұрпаққа үлгі ете­тін осындай игі шараларды дәс­түрлі түрде ұйымдастырып отыр­ғанымыз абзал.