Сирия астанасы Дамасктың түбіндегі Адра қаласында содырлар 90-нан аса тұтқынды атып өлтірген. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Сирия әскері Дамасктан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жердегі қаруланған экстремистердің басып алған Адра қаласында ұрыс қимылдарын жүргізуде. Белгілі болғандай, әскерилер онда зеңбірек қолданудан бас тартқан. Себебі, содырлар бейбіт тұрғындарды әскерилердің оғынан қорғанатын тірі сауыт ретінде қолдануда. «Аль-Ахд» телеарнасының ақпары бойынша, әскерилер қаладағы әр үйге шабуыл жасап, оншақты отбасын содырлардың қамауынан босатып алған.
Әскерилер халықаралық әуежайға апаратын жолды бөгеп тастады. Тас жол Адра қаласынан небәрі 4 шақырым жерде орналасқан екен. Әскерилердің болжамы бойынша, содырлар қаладан осы бағытпен шығып кетуге тырысады.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com