«Халқымыз үшін қашанда жеті санының орны бөлек. Жеті ырыс, жеті қабат көк, жеті қазына: айта берсек жеті санына байланысты қасиетті ұғымдар өте көп. Еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан – 2050» Стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болды».
Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Сөйтті де, сол жеті қазынаны санамалап өтті, олардың әрқайсысын шымыр сөзбен, жұмыр оймен түйіндеп берді – бір заманда жүйрік атты, қыран бүркітті, құмай тазыны, берен мылтықты, қанды ауыз қақпанды, майланғыш ауды, өткір кездікті жеті қазынаға балаған қазақтың дәстүрлі дүниетанымын одан әрі кеңейтіп, бұл ұғымды байыта түсті, оған жаңаша, биік сипаттар қосты.
Ел газеті «Егемен Қазақстан» мереке күндерінде халқымызға танымал бір топ тұлғаларға Елбасы айтқан, бізге Тәуелсіздік сыйлаған жеті қазынаның қадір-қасиетін айшықты ашып беру жөнінде ұсыныс
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕТІ ҚАЗЫНАСЫ
«Халқымыз үшін қашанда жеті санының орны бөлек. Жеті ырыс, жеті қабат көк, жеті қазына: айта берсек жеті санына байланысты қасиетті ұғымдар өте көп. Еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан – 2050» Стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болды».
Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Сөйтті де, сол жеті қазынаны санамалап өтті, олардың әрқайсысын шымыр сөзбен, жұмыр оймен түйіндеп берді – бір заманда жүйрік атты, қыран бүркітті, құмай тазыны, берен мылтықты, қанды ауыз қақпанды, майланғыш ауды, өткір кездікті жеті қазынаға балаған қазақтың дәстүрлі дүниетанымын одан әрі кеңейтіп, бұл ұғымды байыта түсті, оған жаңаша, биік сипаттар қосты.
Ел газеті «Егемен Қазақстан» мереке күндерінде халқымызға танымал бір топ тұлғаларға Елбасы айтқан, бізге Тәуелсіздік сыйлаған жеті қазынаның қадір-қасиетін айшықты ашып беру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Ол мақалалардың алды кеше қолымызға да тиді. Бас басылым жаңа жылға дейін Тәуелсіз Қазақстанның Жеті қазынасы жөнінде жеті мақала жарияламақ ойда.
Бірінші қазынамыз: Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап, еркін көсілген Мәңгілік Еліміз. Біз шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, көршімен тату, алыспен сыйлас ісі ілгері басқан жасампаз Ел болдық.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,
Тәуелсіздік күніне арналған
салтанатты жиында сөйлеген сөзден.
Адамда арман көп. Арман – адам өміріне, санасына тән ерекше құбылыс. Ол адамның алғашқы балалық сезімімен бірге оянып, қиялын шарықтатып, бүкіл өмір бойына жетелеп жүретін бір керемет сезім. Ғажабы – баланың ішкі сыры да, құпиясы да өзінің Арманы. Сол армандарына жетсем деп өмір сүреді. Арман адам санасының көрінісі. Өмір бойы қаншама арманына қол жеткізе алған адамның тағы арманы болары да табиғи шындық. Солай. Арман – адамды үнемі ертеңге, болашаққа, жарық күннің жақсылығына жетелейді.
Адам санасымен, түйсік, сезімімен бірге туатын пенденің басты арманы – бостандық, еркіндік болса керек. Кез келген ұлттың, елдің, қоғамның қалтқысыз ұмтылатын басты арманы – еркін ел, тәуелсіз ұлт, мемлекет дәрежесіне жету екендігі де заңды құбылыс.
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мәліметіне қарағанда – жер бетінде бес мыңнан астам ұлттар мен этностар, алты мыңға жуық тілдер бар екен. Осылардың тек 197-і ғана мемлекет деген статусқа ие. Сірә, бұл кез келген сауатты адамдарды ойландыратын-ақ жағдай. Қаншама этностар үшін теңдік пен еркіндік, мемлекеттік қол жеткізбес арман болып жүргенін біз бүгінгі халықаралық жағдайлардан білеміз. Мәселен, дүние жүзінде 40 миллионнан астам күрдтер, әлі таборлық жүйемен елден елге көшіп жүретін сығандар, тағы басқа этностардың тәуелсіз мемлекеттілікті көксейтіндіктері бәрімізге аян.
Ұлттық тәуелсіздік, тәуелсіз мемлекеттілік – біздің де ғасырларға созылған асыл арманымыз. Жүздеген жылдар, қиын асулар, бостандық жолында көтерілістер мен жорықтарда, саясат майданында құрбан болған есіл ерлер, тұтас ұрпақтар – шежірелі тарихымыз – түгелдей ұлттық арманымыз.
Біздің ұлттық, мемлекеттік тәуелсіздігіміз – теңдесі жоқ жетістігіміз.
Тәуелсіздігіміз – бүгінгі бүкіл өміріміздің қайнар бұлағы, бастауы, барлық жақсылығымыздың арқауы.
Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақтың қолы жеткен Арманы!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің тәуелсіздігіміздің 22 жылдығында сөйлеген сөзін: «Барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мереке – Тәуелсіздік күні – елімізге, әрбір азаматымызға құтты болсын! – деп бастап, «Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл – ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн. Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Бүгін Мәңгілік Еліміздің жаңа ғасырдағы жаңғыру жолы – «Қазақстан 2050» Стратегиясы дүниеге келген күн», – деп болашақтың қақпасын айқара ашып, алғашқы Арманнан ұлтын келесі ұлы Арманға шақырды.
Тәуелсіздікке қол жеткізумен мемлекет ісі өз өзінен өрби бермейтіндігіне жаңа тарихымыздың осы 22 жылында көзіміз әбден жетті. Мемлекет болып, елдің ішкі тұрмысы мен сыртқы саясатын қалыптастыру, дүниежүзілік қоғамдастыққа кіру, барлық бағыттарда бәсекелестікке лайық болу сияқты мемлекет міндеттерін жүзеге асыру арқылы, өсу-өркендеу үдерістерінің күрделілігімен күнде бетпе-бет кездесіп жүрміз.
Тәуелсіздік, оның кешегісі мен бүгіні, ертеңі мен болашағы туралы үнемі, үздіксіз, әсіресе, келер ұрпақ үшін айтып жүруіміз міндет. Ол – тек тарихқа көрсетілер ілтипат емес, қоғам, әрбір саналы азамат үшін, тәуелсіздіктің құнын, бүкіл өміріміздің ең қасиетті құндылығы екенін естен шығармай, көздің қарашығындай сақтау үшін қажет.
Тәуелсіздіктің игіліктері ең алдымен халық тіршілігінің деңгейінің көтерілуін көздейді. Оның осы жылдардағы көрсеткіші көз тоярлық. Мысалдарды тізбелеу бұл мақаланың мақсаты емес, тек кейбір көріністерін ғана тәуелсіздік жемісі ретінде тілге тиек етпекпіз.
22 жылдың алғашқы он жылы бұрынғы одақтық экономика мен саяси жүйенің зардаптары мен ыдырауынан болған кең ауқымды дағдарысты еңсеруге кетті.
Саясаттағы басты бағыт ешқандай идеологияның үстемдігіне жол бермеу арқылы рухани еркіндік ауанын, дін еркіндігін сақтау, заңдық, құқықтық база мен кеңістігін, көппартиялықты қалыптастырып, халықаралық дәрежеде тең терезелік өзара түсіністік, сыйластық, достық, әріптестік қатынастарға қол жеткізе отырып, өркениет жолына бет түзеу еді. Бұл бағыттарда тарихымызда бұрын-соңды көрмеген жаңа құбылыстарға куә болдық.
Елдің, қоғамның ашықтығы мен еркіндігі жағдайында өмірге жаңа институттар орнықты, жаңа дүниетаным, жаңа ойлау жүйесі жаңа ұрпақпен бірге келді. Тәуелсіздікті армандаған халықтың ең зор құндылығы, әрине, рухани бостандық. Осының нәтижесінде халықтың еңсесі көтерілді.
Мемлекет еліміздің ұлттық рухын ынталандыратын көптеген шаралардың жүзеге асырылуына бастамашы болып, қамқорлық жасап, қаржыландыру жолдарын ашты. Ұмыт болған тарихымыз, өткен замандардың ұлттық, тарихи түлғалары олардың еңбектері, тағдырлы оқиғалар, ұлт мүддесіндегі беріспес талас, күрес, бітіспес шайқастар туралы жәдігерлер жанданып, қоғам назарына ұсынылды.
Қауіпсіздік – қай мемлекет үшін де маңызды құндылықтардың бірі. Әрине, оның мазмұны да әр мемлекет үшін әр алуан. Мәселен, Ресей, Қытай, АҚШ, Англия, Германия сияқты ежелгі мемлекеттердің жалпы әлемдік, өңірлік, өзіндік қауіпсіздікке ықпалы да әртүрлі дәрежеде болуы мүмкін. Әлемде, халықаралық қатынаста тәуелсіздік ұғымы ортақ мазмұнға сыйғанымен әр мемлекеттің ішкі, сыртқы геосаяси жағдайларына байланысты оның талаптары, мүмкіндіктері мен әсерлері, сипаты мен себептері өзгеріп тұруы да заңды құбылыс.
Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті біздің де еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы сәтінен бастау алады. Бұл орайда, ең алдымен көршілес елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату барысындағы ең маңызды мәселе болған олардың біздің ортақ шекарамызды мойындап, біздің жеріміздің тұтастығына ешқандай қолсұғушылық әрекеттерге жол берілмейтіндігіне кепілдік етілуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп, қол жеткізген келісімдердің маңызына тоқталудың да жөні келіп тұр. Елбасымыздың күні кеше ғана салтанатты жиында біздің шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіткенімізге ерекше екпін түсіре айтқаны сондықтан.
Тәуелсіздігіміздің жария болған күнінен көрші елдермен, әсіресе, Шығыстағы Қытай елімен шекараны заңдастыруға айрықша мән берілді. Сонымен қатар, бұрын Одақта болған көршілес Ресей, Өзбекстан, Түркіменстанмен де шекараларымызды өзара мемлекетаралық дәрежесінде айшықтап, заңдастырып алу қажеттігі де күн тәртібінде тұрды. «Біткен істің қиындығы жоқ» дегендей, бүгін шекаралық келісімдер туралы бір-ақ сөзбен өз-өзінен орындалғандай көріп, айтамыз. Ал, сәл зейін қойып айтар болсақ, әр елмен жүргізілген келіссөздердің әрқайсысы бірнеше мақалаға жүк болар еді. Әдетте, шекаралардың терең тарихы бар, әрі сол тарихының қойнауында әлі де толық ашыла қоймаған, жария болмаған қатпар-қатпар сырлары бар. Тек ежелгі көрші Қытай елімен шекарамыздың ғасырлар тереңінің тарихына үңіле қалсаңыз – қаншама қайшылықтар мен қақтығыстарды, текетірестерді, тіпті, қайғылы оқиғаларды, қаншама келіспеушілік пен түсініспеушілікті басымыздан өткіздік. Әсіресе, ХІХ ғасырда Кенесары хан өлтіріліп, Қазақ хандығы, яғни мемлекеті құлап, Қазақ жері түгелімен Ресей бодандығына кіргеннен кейін қазақтың қатынасуынсыз Ресей мен Қытай империяларының арасында 1880-1882 жылдары өткізілген шекаралық келісімдердің нәтижесі бойынша 1884 жылы шекара сызығы жүргізіліп, талай қазақтың атақонысы мен ұрпағы екі бөлінгені де тарих сандығында жатты емес пе? Ол кезде қазақтан ешкім пікірін сұраған жоқ. Себебі біреу-ақ – қазақтың мемлекеті болмады. Қазақ бодан ел болды. Қазақта ешқандай құқық болмады. Міне, мемлекет болудың басты маңыздылығы. Ғасырдың тереңіне кеткен ол кездердің келісіміне оралудың бүгін ешқандай мағынасы да, қажеті де, пайдасы да, ұтысы да жоқ. Ол тек нәтижесіз дау туғызып, бүгін мен ертеңгі болашаққа зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан да, Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы келіссөздерден бастап, ешқандай даусыз, кертартпалықсыз, бүгінгі күннің талабынан жаңа ғасыр даму тұрғысынан тату көршілік саясатын ұстанып, территориялық тұтастығымызды танып, мойындап, жасампаздық қозғалысымен болашақтың даму жолымен жүруді ұсынды, сол бағытты ұстанып келеді. Біздің Елбасының сындарлы әрі орынды ұсыныстарына 90-жылдардағы Қытай Төрағасы Цзян Цзямин де түсіністікпен қарап, қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде дипломатиялық жұмыс бабындағы келіссөздер кезіндегі пікірталас, өзара дәлелдесулерді есептемегенде өте терең әрі тиянақты екіжақты жұмыс жүргізіліп, 1994 жылы негізгі шекаралық келісімге (ұзындығы 1748 шақырым болатын шекараның 90 пайызына) қол жеткізілді. Қалған он пайызы ол кезде «даулы, талас туғызатын учаскелер (бөліктер)» деп аталды. Алғашқы келісімге сол жылы Алматыда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Премьері Ли Пен қол қойды.
Осыдан кейін Қазақстан және Қытай дипломаттары екі ел басшыларының келісімі бойынша стратегиялық бағытты ұстана отырып, «даулы учаскелер» бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл келіссөздерге дипломаттармен қатар екі жақтан маман шекарашылар, геодезистер, картографтар, тағы басқа білікті мамандар қатынасып, «даулы» деген жерлерді егжей-тегжейлі зерттеді. «Даулы жерлер» ар жағы Шыңжаң, біз жағы Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында, негізінен биік таулы, жазғы жайылым, яғни жайлау өңірлерінде болды. Кезінде, жаз айларында ол жайлауларға ар жағынан қытай (қазақ) малшылары, бер жағынан біздің малшылар мал жайып, шығып отырған. Қыс айларында ол тауларға шығу қиын, тіпті мүмкін емес, қалың қар басып жатады. Жан-жақты зерттеулерден кейін, негізінен ұзақ жылдардан қалыптасып қалған соқпақтар негізінде шекара сызығын жүргізуге келісіліп, «даулы» деген жерлер бөлініп, 57 пайызы Қазақстан жағында, 43 пайызы Қытай жағында қалатын болып келісілді. Ол жерлерде ешқандай тұрақты елді мекен, ауылдар немесе зираттар жоқ, ешқандай кен орындары жоқ. Міне, осы бағытта шекаралық бірінші қосымша келісімге 1997 жылдың жазында Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзямин қол қойды. Тек осы қосымша келісімнің көлемі 1 мың 300 бет болғанын айтсақ та мұның қандай күрделі жұмыс болғанын әркім-ақ көз алдына елестете алар. Осылайша жұмыс жалғасып, екінші қосымша шекаралық келісімге 1998 жылы қол қойылып, 1999 жылдың қараша айында Пекин қаласында Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзямин Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселелерінің толық реттелуі жөнінде арнайы коммюнике қабылдап, ғасырлар бойы жалғасып, күрделеніп, шиеленісіп келген шекара мәселесіне нүкте қойылды. Осыдан кейін ҚХР Үкіметі мен Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті барлық мемлекеттік орындарға Қазақстан мен Қытай арасында жаңа шекаралық келісімге сәйкес барлық оқулықтарға, ескі (Цинь династиясы тұсында шығарылған карта) географиялық карталарға өзгеріс енгізуді тапсырды.
Бұл шекаралық келісім Қазақстан мен Қытай арасында жаңа, бейбіт ниеттегі, тату көршілік, іскер жасампаздыққа бағытталған санасы мен мазмұны өркениетті дамуды ұстанған жаңа дәуірдің бастамасы болды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық келісім Қытайдың өзімен шекаралас 14 мемлекеттің ішінде келісімге келіп, қол қойған тұңғыш мемлекет болды. Сондай-ақ, бұл келісім Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ-қытай қатынасындағы, кезінде бабалар ұрпағы армандап, қол жеткізе алмай кеткен ұлы әрі тарихи жеңісі болды.
Күні кешегі салтанатты жиналыста Елбасы Жеті қазынаның бірінші кезегінде қасиетті жерді, шекараны айтты. Тектен текке айтқан жоқ. Жер – қазақтың қаны, ұлттың жаны, бүгінге міндет, ұрпаққа аманат.
Жасалып жатқан барлық тірлік, барлық жаңғыруымыз, барлық жаңалығымыз, жаңа, тіпті күні кеше болжай алмаған жарқын, жасампаз жетістіктеріміз – тек қана тікелей мемлекеттік Тәуелсіздігіміздің жемісі.
Сол жемістің ең бетке ұстар көрінісі өте қысқа мерзімде айналасы он жылда салынып шыққан әсем Астана. Шындығын айту керек, Астананың осындай қысқа мерзімде жарқырап, әлем жауһарларының қатарынан орын алатынын Нұрсұлтан Әбішұлының өзінен басқа ешкім де, тіпті жобалаушылар мен қолдаушылардың ешқайсысы да болжай алмағаны ақиқат. Астананы Алматыдан көшірудің саяси маңыздылығын бірден қолдаған Премьердің орынбасары болған мен де оның дәл осындай қарқынмен әрі тіпті көз алдымызға, қиялымызға келтіре алмаған сән-салтанатпен салынатынын болжай алмағаным шындық.
Астана – Президент кеше атаған Жеті қазынаның біріншісі – ұлы жерге ие болып, оны гүлдендірудің тамаша үлгісі болды. Астананың құрылысы еліміздің бүкіл экономикасына, қалалардың жандануына оң ықпалын тигізді, барлық облыс орталықтарын рухани сілкініске әкелді. Өкшелеп Шымкент келеді. Барлық облыс орталықтары жаңарып, жаңа құрылыс нысандары көзтартарлық келбет көрсетуде.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қытайға сапарының бірінде (ол кезде – елшімін) екіжақты қарым-қатынас туралы әңгімелесіп отырып:
– Елді сағындың ба? – деп тосыннан сұрап қалды.
– Елді сағынбайтын қазақ болушы ма еді? Әрине, сағындым, – деп шынымды айттым.
– Білем. Бес жыл болып қалды ма, сенің осында жүргеніңе? Саспа. Уайымдама. Уақыт келеді, айтам, қазірше осы арада жүре тұр, өзің білетін маңызды шаруалар бар, – деп түйді.
Өз Отанын, туған ауылын, қаласын, кіндік қаны тамған жерін сағыну жалпы адам баласының санасына, сезіміне тән. Алайда, қазақ баласының туған жердің топырағын қастерлеуі ерекше екендігі де белгілі. Отанды, туған жерді, елді сүю бар, сағынышпен сезіну бар, қастерлеу, сыйлау, қасиеттеу бар. Сонымен бірге, оны игілікпен игеру, адам тұрмысына икемдеп, гүлдендіру де елдің, бәріміздің еңбегімізді талап ететінін де естен шығармауымыз қажет.
Елбасының жерді Жеті қазынаның басы ретінде айтуында қастерлеумен қатар үлкен міндет де тұр. Ол міндет жерді қорғаумен бірге тиімді пайдаланумен, оны көркейтумен тікелей байланысты. Елімізде, өңірлерде әртүрлі дәнді дақылдар, көкөніс өнімдерін өндіру саласын, мал шаруашылығын дамыту, жалпы егістік жайылымдық жерлерді жаңа, озық технология негізінде игеруге айрықша мән беріліп, жаңа сапаға көшуіміз қажет.
Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Елбасы өзінің Жарлығымен Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы «Абзал және К» ауыл шаруашылығы серіктестігінің жетекшісі Абзал Ерәлиевке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырып тұрып: «Бүгінде серіктестік күріштің түсімі бойынша Қызылорда облысында көш бастап келеді. Компанияда күріш өсіруден бастап, дайын өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуге дейінгі толық өндірістік цикл енгізілген. Кәсіпорын, сондай-ақ, күрішті шетелге басты экспорттаушы да болып табылады. Ол адамдарды жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға тұрақты түрде инвестиция салады. Мен бұл шаруашылықта бірнеше рет болдым және ол тұрған жерде саябақтары, әлеуметтік нысандары мен жақсы өмір сүру үшін қажетті нәрсенің бәрі бар, гүлдей жайнаған нағыз қалашықты көріп таңғалдым», – деп ақжарылқап ризашылығын білдірді («Егемен Қазақстан», 15 желтоқсан, 2013 ж. ).
Бұл – шын мәнінде үлгі-өнеге. Ауыл шаруашылығында еңбекті ұйымдастыру мен ауыл тұрмысының шынайы көркем көрінісі. Жерді күту мен сүюдің, игеру мен игілікке айналдырудың үлгісі десек артық емес. Әрине, мұндай ауылдарда жастар жұмыс істейді, әрі тұрақтайды, сол арқылы өздерінің де, жердің де, елдің де әлеуетін көтерері хақ.
Жердің тиімді пайдаланылуы туралы Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі тапсырма беріп, ескертумен келеді. Шын мәнінде кейбір аудандарда, облыстарда, әсіресе, суармалы егістік жерлер жүздеген, мыңдаған гектар көлемінде игерілмей, қамыс пен арам шөп өсіп жатуы мүлдем төзгісіз жағдай. Меншік иесі иемденіп алып, не өзі игере алмайды, не ешкімге бермейді. Мұндай жағдайды өзгерту үшін заңға да өзгеріс енгізу қажет болар.
Жер төсінде жүрер адаммен, адам жасаған тұрмыспен көрікті болмақ.
Елбасы тәуелсіздік мерекесі күні өз сөзінде халық санасына Жер қасиетінің осынау қажеттерін меңзегені болашаққа орасан ауқымды жұмыс болар.
Жерімізге ие болып, шашпай-төкпей игеріп, халық тұрмысын жақсарту, ұлттық руханиятымызды сақтап, жаңғырту арқылы өркениет өріне жететінімізді айшықтап, өркені өскен сауатты, қабілетті, ұйымшыл, бірлігі мол ұлт болғанда ғана Мәңгілік Ел боларымызға екпін беріп, елді болашаққа бастаған Елбасын қолдау да елдің игілігі болса керек.
Қолымыз жеткен мемлекеттік Тәуелсіздіктен кейінгі келесі Ұлы Арманымыз – Мәңгілік Ел.
Елбасының Ұлы Арманы Қазақ Елінің Мәңгі Ел болып жасай беруі екендігі де айдай анық. Нұрсұлтан Әбішұлының Мәңгілік Елді Жеті қазынаның біріншісі атағаны да сондықтан. Өйткені, Президент сонау 1992 жылдың өзінде-ақ: «Орнында бар оңалар» дейтін еді халқымыз. Шүкір, ел орнында, жер орнында. Жерге жетер ештеңе жоқ, жерден өтер байлық жоқ. Жер болса – ел болады, ел болса – ер болады. Осындай жеріміз барда, еліміз барда, өздеріңіздей еріміз барда біз ешкімнен кем болмаймыз!» деп еді. Айтқаны айдай келді.
Қазақтың қазынасы түгенделіп келеді. Тәубе.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесі
бюросының мүшесі.