Осы әңгімені маған көп жылдардан бергі танысым, құқық қорғау саласында әжептәуір кәделі қызметтер істеп, қазір зейнетке шыққан бір ағамыз айтып берген еді. Енді сол әңгімені қаз-қалпында сізге де жеткізейін, ардақты оқырман. Қорытындыны өзіңіз жасарсыз. Біз ешкімге де пікір таңбаймыз.
Осы әңгімені маған көп жылдардан бергі танысым, құқық қорғау саласында әжептәуір кәделі қызметтер істеп, қазір зейнетке шыққан бір ағамыз айтып берген еді. Енді сол әңгімені қаз-қалпында сізге де жеткізейін, ардақты оқырман. Қорытындыны өзіңіз жасарсыз. Біз ешкімге де пікір таңбаймыз.
Кезінде ата-анам мені «орысша оқысаң, адам боласың» қағидасымен орыс мектебіне оқуға беріпті, деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Тұратын жеріміз Белағаш аталатын таза қазақтың ауылы болса да, әкем мені 30 шақырым жердегі орыс ауылына сүйреп, өзінің ескі танысы Сергей Портниковтің үйіне тұрғызып, орысша оқытты. Әкем өзі кілтші болып істейтін, еті тірі, ауылдың пысық кісісі еді. Алыс-жақын ауылдардан оған күні түспейтін адам жоқ, сондықтан таныстары мен тамырлары да көп, жүріп-тұрған адам. Орыс тіліне сәл шорқақтау болды-ау деймін, әйтеуір бір нәрсені түсінбей қалып, қысылып қалатынын сезіп жүретінмін. Бірақ ауызекі тілде долбарлап, ойын жеткізіп жататын. Соның ызасы да бар шығар, әйтеуір мені ауылдағы өзге балалардан жырып, жылағаныма қарамай, орыс балаларының ортасына апарып топ еткізді.
Мен әкемнің жасы ұлғайған шағында көрген жалғыз ұлы едім. Сондықтан қатты үміт еткен болуы керек, орысша оқыса адам болар деп жүргені де сол ғой деп ойлаймын. Ал орыс ауылында оқығаннан, орыс балаларынан, тіл білмегеннен көрген талай қорлығымды айтпай-ақ қояйын. Оның бәрі балалық қой. Кейде солармен жалғыз төбелесіп, үнемі астарына түсіп қалып, тырбаңдап тұра алмай жатқандарым, бет-аузым көгеріп, ұялып жүретіндерім түсіме кіреді. Жә, оны қойшы, балалық шақта не болмайды дейсің...
Әкемнің тілегі қабыл болып, мен Свердловскінің заң институтына еш қиналмай түстім. Орыстың тілін орыс балаларынан артық сөйлемесем, кем білмейтініме мақтанып та қоятынмын. Бірақ менімен сол жылдары қазақ, грузин, армян, татар мектептерін бітірген балалар да оқыды. Алғашқы бірнеше айда қиналыңқырап жүрсе де, соның бәрі де артынан оқуды жақсы оқып кетті. Қазір солардың кейбірі үлкен ғалым, беделді қайраткер дәрежесіне жетті. Осылайша, ортаңнан озық болу орыс тілінде оқудан ғана емес екеніне сол кезде-ақ көз жеткізген едім.
Мен ұзақ жылдар құқық қорғау, бақылау, сот саласында қызмет етіп, жуырда зейнетке шықтым. Ал енді орысша оқығаннан көрген қорлығымды айтайын. Ауызекі тілде қазақшаны біршама тәуір сөйлегеніммен, әдеби терминдерді, ежелден қалыптасқан тіркестерді, көркем әдебиет түгіл, көркемсөзде қолданылатын көп сөздің мағынасын, ішкі астарын түсінбей иттей боламын. Ондай тіркестер орысшада да бар. Мәселен, «В ступе воду не толочь» деген көпсөзділікті, мылжыңдылықты келістіріп айтатын тіркес бар. Жиі қолданбағандықтан, оның мағынасын орысша жетік білетіндер болмаса, ұға қоймайды. Дәл сондай қазақтың «үзеңгі қағысып келеді» деген сияқты тіркестері де тілді терең ұқпасаң ішін алдырмайды.
Өмір бойы бірде-бір қазақ тіліндегі кітапты ашпағандығымнан шығар, тіпті қазақшаны жүгіртіп оқи да алмаймын. Орысша шыққан ақпараттардың қазақшасы қалай екен деп қолыма алсам, түгін түсінбей қалатын кездерім жиі кездеседі. Әсіресе, халықаралық терминдердің қазақшасын ұға алмай қатты қиналамын. Мәселен, «кешен» деген сөзді көп уақыт түсінбедім. Сөйтсем, ол «комплекс» деген оп-оңай сөз екен-ау. Осы, халықаралық сөздерді қазақшалағаннан да көп қиындық туады. Бірде қолыма қалам алып, осындай терминдердің қазақшасын теріп алып, алдыма жазып қойдым. Соның арқасында ғана газеттердегі көптеген мақалаларды түсінуге біршама қол жеткіздім.
Мен туралы талай журналист әдемі, ойлы мақалалар жазды. Өз кәсібіме адалдығым, кәсіби шеберлігім туралы оң пікірлер білдірілді. Түрлі мерейтойлық жастарымда да басшылар мен бағыныстылар, әріптестер тарапынан түрлі жақсы пікірлер айтылып немесе құттықтаулар келіп жатты. Солардағы көп сөздерді де түсінбей, қатты қиналатынмын. Оралымды тіркестерді сөзбе-сөз ұғамын деп теріс кеткен кездерім де болды. Зайыбым да орысша оқыған, оның қазақшасы менікінен де төмен. Екеуміз қарапайым ғана «жұптарың жазылмасын» деген тіркестің өзін ұзақ уақыт бойы ұға алмадық қой. «Жазылмасын» дегенді ауруға ғана қатысты екен деп ойлап, ол неге жазылмауы керек, неге олай айтады екен деп іштей қарсылық білдіретінмін. Тек артынан бір жақсы жолдасымның қосағы қайтыс болғанда ғана оның аузынан «жұбымыз жазылмаса екен деп тілеуші едім» деп қиналғанын естігенде ғана бұл сөздің астарын түсіндім.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні орысша оқығанның қорлық екеніне көзім жетіп жүр. Қазақша оқымағандықтан, оның терең сырларына қанығып, салт-дәстүрмен бірге кірігетін күрделі иірімдеріне бойлай алмаймын. Керісінше, жасыңнан орысша оқи, сөйлей бергендіктен, солардың барлық ұнасы мен мінезін қабылдай беретін көрінесің. Оның үстіне бізді «орыс халқы бәрінен артық, бәрінен озық» деген ұлы орыстық шовинистік саясатпен оқытып, тәрбиеледі ғой. Сондықтан маған орысшаның бәрі дұрыс, қазақтікінің бәрі қате көрініп тұратын.
Жуырда Парламент палаталары спикерлерінің бірі қазақтың «Мәке, Сәке» деп сөйлеуі дастарқан үстіндегі қатынаста ғана айтылатын дүние, «бұл жерде ресми түрде имя-отчествомен сөйлеу керек» деген ескертпе жасап, біраз қазақтың түсінбестігін тудырды. Ал орыстікі ғана дұрыс деп өскен мен сияқтылар үшін осылай айтқан дұрыс көрінеді... Осының өзі бізді өмірге кең өлшеммен қарауға емес, біржақты ғана қарауға үйреткен тәрбиенің кесірі ме деймін.
Қазіргі қазақ тілінде оқытуға барлық мүмкіншілік туып тұрған заманда өзінің ана тілі сұранысқа ие болып, қоғамдағы ең маңызды тіл деп саналып отырғанда өз балаларын орысша оқытуға беретін ата-аналарды мен еш түсінбеймін. Өз тіліңді жақсы білмеу, әсіресе, жасың ұлғайғанда қатты батады екен. Жасың жетпіске таянғанда өзге тілде шүлдірлеп, жақын-жұрағаттарың, құда-жегжаттарыңның алдында сақалды басыңмен, әжептәуір атағыңмен өз тіліңде ойыңды жеткізе алмай тұрғаннан асқан қорлық жоқ па деп қалдым. Ендігі ұрпақты Алла өз ана тілінде таза сөйлей алмай қапаланатын біздейлерден сақтасын.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.