1985 жылы кешегі келмеске кеткен Кеңес Одағының айдай әлемге әйгілі астанасы – Мәскеу қаласында жастар мен студенттердің дүниежүзілік XII фестивалі өткенін бүгінде біреу білсе,біреу білмейді.Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналған жалындап тұрған жас жүрек иелерінің аталған басты бас қосуына, әрине, күн сәулетті Қазақстаннан да (о тұста осылай деп жиі айтушы едік) үлкен делегация қатысты.
– Осыдан отыз алты жылдай бұрын ғой. Ол да бір, шіркін, қызық уақыт еді-ау! – деп еске алады Қазақстан және Халықаралық журналистер одағының мүшесі, кезінде республикалық барлық басылымдарда (ішінде қазіргі «Егемен Қазақстан» да бар) жиі көрініп жүрген, бірнеше рет жеке көрмесі өткен, ҚазТАГ пен одақтық АПН ақпарат агенттігімен де тығыз байланыста болған, сезіміңді селт еткізер талай тамаша фотосуреттің авторы, бүгінде жасы сексеннен асқан Қалиғұмар аға Қабдешев. – Фестиваль алдында еліміздегі «Ленинская смена» газетінің редакциясы фотосуреттерге байқау жариялаған еді, соның жеңімпазы ретінде маған да Мәскеуге (ол жақта түсірген көп фотосуретім бар) баруға жолдама берілді ғой. Енді мына суреттің жай-жапсарына келейік. Бұл қала орталығының көрікті жерінің бірінде жинала қалған қазақстандық жастардың бір тобы. Сол жақтан түрегеп тұрғандардың үшіншісі қазіргі кезде жаныңды әлдилеп, жүрегіңді шым еткізетін керемет ән-әуендердің авторы, композитор Төлеген Мұхамеджанов, оң жақтан алғанда бірінші тұрған мен, менен кейінгі әйгілі актер, режиссеріміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсынов. Ал отырғандардың ішінде оң жақтан бірінші әріптесім, белгілі фототілші, марқұм Рақымбай Ханалиев.
Басқаларын, шынымды айтсам, ұмытыппын, қазір есімде жоқ...
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы