Биыл 1 шілдеден бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) күшіне енеді. Сарапшылардың пікірінше, аталған кодекстің қабылдануы мемлекет үшін маңызды оқиға. Себебі жаңа кодекске бірқатар жаңашылдықпен қатар, материалдық және процедуралық тұрғыдан тиімді нормалар енгізілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында сот жəне құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар азаматтардың құқықтарын қорғаудың, сонымен қатар отандастарымыздың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екенін атап айтқан еді. Осылайша, сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараны жүзеге асырудың қажеттігі пайда болды.
Әрине, еліміздегі судьялардың шешім шығару құқығы заңнамаларды басшылыққа алатындықтан мызғымас сипатқа ие. Солай бола тұра, қабылданып жататын сот шешімдеріне мұқият талдау жасап, бірыңғай сот тəжірибесін орнықтыру қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен əрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде əкімшілік əділет құрылымын енгізу қажет», деп ұтымды ұсыныс жасаған еді.
Осылайша, дауларды шешу барысында соттың қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы екені айқындалды. Алайда Президент аталған айғақтарды жинақтау міндеті жекелеген адамдарға, болмаса бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетінін жеткізген еді. Мемлекет басшысы айтып өткендей, заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдəмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескеру арқылы түсіндірілуі қажет.
Міне, алдағы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа кодексте ел Президенті сөз еткен мәселелердің барлығы ескерілген секілді. Ең алдымен, бұл кодекс азаматтардың мүдделерін қорғауға, соның ішінде мемлекеттік органдардың негізсіз және жеткіліксіз уәжделген шешімдерінен қорғауға арналған қағидаттарды енгізеді. Осылайша, заңнаманың барлық түсініксіз тұстары азаматтардың пайдасына шешілетін болады. Азаматтарға мемлекеттік органдардың соңғы шешімі қабылданғанға дейін өз уәждері тыңдалатынына процедуралық кепілдеме бекітілген. Бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Азаматтардың мемлекеттік органдармен дау-жанжалдары кезіндегі мүмкіндіктерін теңдестіру үшін сот ісін жүргізудің жаңа түрі – әкімшілік сот ісі енгізіліп жатыр. Сот ісін жүргізудің жаңа түрінің негізгі айырмашылығы – соттың дәлелдемелер жинау процесіндегі белсенділігі, сондай-ақ азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған өзге де тетіктер.
Әкімшілік сот төрелігінің жаңа форматы азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын айтарлықтай оңтайландыруға және отандастарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, азаматтардың мүдделерін құрметтеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысындағы ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Нәтижесінде, азаматтар әкімшілік органдардың шешім қабылдау процесіне нақты қатыса алатын болады.
Бүгінде әлемде әкімшілік әділет басты рөл атқарады. Бұл қадам билікпен дау-дамай кезінде әлеуеті әлсіз тарапты қорғауға бағытталған. Яғни қоғамдық-құқықтық қатынастарды реттейтін белгілі бір тәртіп бар. Өкінішке қарай, елімізде бұл даулар әлі де азаматтық іс жүргізу ережелеріне сәйкес реттеледі.
– 2020 жылы қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс биыл 1 шілдеде күшіне енеді. Бұл кодекс жариялы-құқықтық дау-дамайларды реттеуге негізделген. Яғни жеке немесе заңды тұлғалардың мемлекеттік органдардың немесе өзге де ұйымдардың қандай да бір шешімімен келіспеген кезінде осы кодекстегі нормативтер назарға алынатын болады. Осылайша, азаматтық іс жүргізу заңнамасы жеке-құқықтық дауларға байланысты мәселелерді реттейді. Мысалы, ауладағы қоршауға қатысты бір адам екінші адамды сотқа беріп жатады. Яғни жеке мүдделерге қатысты дауларды айтып отырмыз. Мұндай даулар өте көп. Шамамен 1 миллионнан асады. Алайда осы азаматтық процессуалдық заңнамамен реттелетін даулардың арасында жариялы-құқықтық даулар да бар. Олардың саны шамамен 30 мыңға жуық. Осылайша, 30 мыңға жуық жариялы-құқықтық дау біз айтып отырған 1 миллионнан астам жеке мүддеге қатысты даулардың жалпы массасында байқалмай қалады. Бәріміз білетіндей, азамат мемлекеттік органға тең бола алмайды. Адам салалық министрлікпен соттасып жатқан жағдайды елестетіп көрейік. Әрине, министрліктің жауапкер бола отырып, жеңіске жетуі әбден мүмкін: оның қолында бюрократиялық аппараттың барлық ресурсы бар, іс жүзінде адам ресурсы да көп – бүкіл заң бөлімі өз иелігінде және, әрине, олар көп күш жұмсамай-ақ жеңеді, – дейді Жоғарғы сот судьясы Аслан Түкиев.
Азаматтық процестік кодекстің жалпы ережесіне сәйкес тараптар тең. Сот талапкерге де, жауапкерге де бірдей қарайды. Үлкен дәлелдер базасынан басқа, талапкер талаптардың процедуралық нысандарын әлі де сақтауы керек. Өтінішті, талапты дұрыс толтырмаса, құжат қоса берілмесе, жіберетін жерге жіберілмесе, іс бұзылады. А.Түкиевтің айтуынша, статистика бойынша 100 істің 85-і мемлекеттік органдардың пайдасына шешілуде.
– Әкімшілік әділет институты талапкердің әлсіз жағын, яғни азаматтардың мемлекеттік органдар алдындағы әлсіздігін жоюға бағытталған. Судья заңды басшылыққа ала отырып, талапкерге мемлекеттік органдарға қарсы дауларда шындыққа қол жеткізуге көмектеседі. Мұны дауларға өте әділ әрі адал көзқарас деп қарауға болады. Себебі іс жүзінде азаматтар мемлекеттік органның монополиялық билік жағдайын айналып өте алмайды. Азаматтар көршісімен дауласқан кезде келісімге келе алатын болса, мемлекеттік аппаратпен дауласу кезінде басқа мемлекеттік органға жүгіне алмайды. Сот мемлекеттік органдарды өздерінің қызметтік міндеттерін тиісті түрде орындауға мәжбүрлейді. Мысалы, лицензиядан бас тарту заңды болса, онда сот заңды шешім қабылдайды. Егер мемлекеттік органның лицензиядан бас тартуы негізделмеген болса, онда сот бұл бас тартудың күшін жояды, – деп түсіндірді Жоғарғы соттың судьясы.
– Еліміз нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін қоғамның түрлі салаларында туындаған даулардың кейбірінде азаматтар мемлекеттік органдармен, лауазым иелерінің шешімдерімен келіспей жатады. Өкінішке қарай, көп жағдайда жеке адамдардың мүддесі, құқығы сотта жоғары деңгейде қорғала бермейді. Оның себебіне тоқталсақ, құқықтық даулардың көбісі Азаматтық процестік кодекстің аясында қаралады. Яғни азаматтық-процестік заңнамаға сәйкес тараптар тең. Мемлекеттік орган, оның құқықтық аппараты, заңгерлер корпусы мен жеке адамдардың мүмкіндігін салыстыру қиын. Осы жерде теңсіздік туындайды, – дейді Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов.
Орта есеппен алғанда, бізде 1000 адамға бар болғаны 1,4 жария-құқықтық даудан келеді. Дамыған елдерде мұндай дауларды қараудың тәжірибесі қалыптасқан (1000 азаматқа орта есеппен 2-ден 5-ке дейін). Бұл цифрлар құқықтық реттеудің қолданыстағы моделінің латенттік сипатының жоғары және тиімділігінің төмендігін көрсетеді. Аталған санаттағы істердің келешегіне күмәнмен қарағандықтан, азаматтар сотқа жүгіне бермейді. Осындай жағдайды реттеу мақсатында ӘРПК қабылданды.
– Осы заңға сәйкес сіздің жер учаскеңізге, төлемақыларға, берілуге тиіс лицензияларға қатысты мәселелер бойынша уәкілетті органмен немесе лауазымды тұлғамен арада даулар болған кезде, бұл істер азаматтық соттарда қаралады. Яғни азаматтық соттарда азаматтық-процестік заң нормасы аясында қаралады. Бұл тұрғыда судьяның қолы байлаулы. Осы мәселеде судья жеке немесе заңды тұлғаға көмектесе алмайды. Оның берген талап-арызының қателігін көріп тұрса да, оған жақтасуға, көмектесуге құқығы жоқ. Енді қолданысқа енгізілетін заңға сәйкес судьяның белсенді рөлі болады. Судья азаматтың талап-арызын дұрыстауға, оған құқықтық жағынан қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл заң жеке адам мен заңды тұлғаның мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаларға қарсы өзінің құқығын дұрыс қолдануына зор мүмкіндік береді, – деді А.Сәдуақасов.
Кодексте әкімшілік сот ісін жүргізу үшін «соттың белсенді рөлі» деп аталатын жаңа өміршең қағидат бекітілді. Азамат мемлекеттік органның шешімімен келіспесе, сотқа талап-арызбен жүгінсе жеткілікті. Бұл талаптар «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қаралады. Мемлекеттік орган сотта өз шешімінің, әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс.
Сот тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қалмай, дауды шешуде маңызға ие барлық мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттейді. Осылайша, сот өз бастамасы бойынша қосымша мәліметтер мен дәлелдемелер жинауға құқылы. Кодекске сәйкес ауыртпалық түсіретін заңсыз акт шығарылған жағдайда оның күші міндетті түрде жойылады, ал заңсыз әкімшілік актінің күшін жойған кезде әкімшілік рәсімге қатысушының сенім құқығын қорғау қағидаты назарға алынады. Бұл қағидат – қабылданатын әкімшілік актінің заңды және дәйекті болуының кепілі.
Әкімшілік процестің жаңашылдықтарына талап қою түрлері, сот талқылауының шектері және сот бақылауы да жатады. Әкімшілік сот өз шешімдерінің орындалуына қатаң бақылауды қамтамасыз етеді. Жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген. Ол сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін. Сот шешімін орындамаған жағдайда жеке, лауазымды, заңды тұлға немесе оның өкілі көлемі 50-ден 100 АЕК-ке дейінгі соманы төлейді.
P.S. Бүгінгі таңда мемлекет пен азамат арасындағы даулар жалпы юрисдикциялық, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қарастырылады. Олардың барлығы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әкімшілік соттардың қарауына өтеді. Тиісінше, бұл соттар судьялардың қолданыстағы штат санын қайта бөлу негізінде құрылатын болады. Азаматтардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғау мақсатында республикада 21 жаңа әкімшілік сот құрылады. Олардың 17-сі – облыс орталықтарында және 4-еуі Қаскелең, Семей, Жезқазған, Екібастұз қалаларында жұмыс істемекші.