Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенованың туындылары бесіктегі баласының болашағына алаңдаған Ана табиғаты арқылы бүкіл адамзаттық құндылықтарды, ұрпақ пен ұлт, өмір мен өлім арасындағы экзистенциалдық мәселелерді қозғайды. Әрине, мұндай кең мағыналы, терең тамырлы ой толғау үшін авторға қазақтың ғана емес, әлемдік руханияттағы арғы-бергі асыл қазыналарды ақтарып-төңкеретін, оларды игеретін ынта мен мақсат, ең бастысы телегей-теңіз білім керек. Әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен жете танысқан жазушы Ш.Бейсенова отбасымен қатар қоғамда әйел затының өз жаратылысы мен болмысына сай қасиетті де киелі орны бар екендігін әрбір әңгімесінің темір қазығы етіп, Әйел-Ана табиғатының тылсым сырларын, құпия қалтарыстары мол болмыс-бітімін шебер бейнелеуге бейім.
Шәрбану Бейсенованың жазушылық шеберлігі осынау қарапайым қазақ өмірін, қазақ қыздарының таза табиғатын сол биікте бейнелеуінде жатса керек. Шәрбанудың шығармаларынан қазақтың иісі, әсіресе әйел аналарымыздың ақжаулығының, сол ақжаулық секілді ақпейіл, ақжарқын аңқылдаған адал да таза табиғатының иісі шығып тұрады. «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен жарық көрген таңдамалы шығармаларының «Туған үйдің түтіні» топтамасындағы әңгімелеріндегі (1-том. Астана: Фолиант, 2011.-464 б) алыста тұрсаң да есіңнен шықпайтын атамекен иісінің өзі қандай тәтті, сағынышқа, сырға толы. Ауылдағы ақ жайлау даланың жұпар аңқыған иісі, кеудесі сүт аңқыған аңқылдаған аппақ жеңгелеріміздің иісі жазушының әрбір әңгімесінің темірқазығы, көркемдіктің күретамыры, шеберліктің шыңы. Шынайы өмірдің шындығын шым-шытырық оқиғалар шырғалаңында емес, қарапайым бір тіршілік барысын бейнелеу арқылы ашатын автор кейіпкерлерінің жан дүниесін де күрделі көркемдік бейнелеу құралдарын пайдалану арқылы емес, бәрімізге түсінікті үшінші жақтан баяндау арқылы-ақ ажарлап жеткізеді. Кейіпкерлердің бастан кешкен оқиғалары, өзге өмірді тануы, олардың ойлары мен іс-әрекеттері де табиғи. Кейіпкер мен оқырманға да ортақ ойлар, сезімдер, толғаныстар бір көркемдік құндылық аясында өрбиді. Оқиғаға еніп кеткен оқырман да кейіпкермен бірге ойланады, ондағы ойлар да, сезімдер де, тағдырлар да, мұң мен сыр да, өмір сабақтары да қарапайым тілмен, қарапайым тәсілдермен, нанымды нақышталған.
Әйел жанының әдемі әлемін әдебиетімізге өзіндік өрнегімен алып келген Шәрбану Бейсенованың шығармалары, әсіре қызыл бояусыз, ділмарсудан ада, ерекше тағдырдан тысқары кәдімгі бәрімізге белгілі, күнделікті өмірде кездесіп жүрген, сырласып, көріп жүрген көп қыз-келіншектердің табиғатын қарапайым ғана қазақтың қара сөзімен майын тамызып баяндап беретіндігімен бағалы. Оның шығармаларында шым-шытырық оқыс оқиғалар шиеленісі де кездеспейді. Шешендікке салынған мақал-мәтелдерден де ада, данасынып ой қуып кеткен пәлсапашылдықтан да алыс, нені айтқысы келсе де неғұрлым қысқа да нақты, ең бастысы нанымды суреттеуге ниет қойған қаламгердің, бәлкім, шығармашылығының ерекшелігі де, артықшылығы да осында жатқан шығар?!
Шәрбанудың кейіпкерлері кімдер десек, олар әрбір қазақ отбасында кездесетін әйелдер, солардың тағдыры, табиғаты, тіршілігі, ойы, қуанышы мен мұңы, қайғысы мен қасіреті. Ол жөнінде автордың өзі: «Мен қазақ жазушыларының шығармаларын бәрін оқуға тырысамын. Сонда көңілім қабылдай алмайтын бір нәрсе: ана бейнесін жасаумен бірге, оларды жеңілтек, ұябұзар, дүниеқор етіп көрсету белең алады. Әйел адам болса, міндетті түрде бір жағынан міні шығып тұратындай. Ал мен әйелдің бойынан тазалықты іздеп, оны көре білуіміз керек деп ойлаймын. Сондықтан да көпке үлгі болатын кейіпкерлерді насихаттауымыз керек деп түйдім», дейді. Расында да автор айтып отырғандай қазіргі қоғамдағы қасіреттерді, ұрпақ тәрбиесіндегі кеткен кемшіліктерді, отбасы ошақ қасындағы жиі орын алатын ажырасу, әйелдерді қорлау секілді сорақы әрекеттерге тек әйелдерді кінәлау секілді жат мінездердің, пікірлердің туу себептерін зерттеп, зерделеуге өмірін арнағаны аңғарылады. Рухани құндылықтар құлдырап қазақтың атам заманнан келе жатқан адам, оның ар-ожданы, иманы, оның жаны мен таным-түсінігі, түйсігі, сезімі мен сөзі т.б өзінің тектілігінен, бекзаттығынан айырылған алмағайып дәуірде, адамзаттың азғындыққа жол бермеуі үшін рухани бастауларға көз жіберіп, тарихымыздың тамырынан нәр, өткенімізден өнеге алып, тарихи тұлғаларымызды тірілтіп, олардың ғибратты ғұмырларынан тағылым алуды насихаттайды автор.
Сондықтан да болар, соңғы жылдары қазақ тарихындағы қаһарман қыздар, тарихи әйелдер, дана аналар бейнесін сомдауға көп көңіл бөліп жүрген қаламгер Шәрбану Бейсенова бұрындары түрлі себептермен архив қойнауында қалып қойған қазыналарды қаузап, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүр. Қазақтың небір дана аналары мен елдікті сақтау жолында ерлік көрсеткен қаһарман қыздардың арман-мұратын, биік бекзаттық болмыс-бітімін, ақыл-парасатына сай сұлу да көркем келбетін зерттеп, зерделеуі көңіл қуантады. Қазақ тарихындағы ойып алар орны бар тарихи тұлғалар, қашанда ұлт тұтқасы бола алған, бірақ осы күнге дейін қазақ руханиятында көркем бейне ретінде көріне қоймаған Сүйінбике, Сүзге, Бозоқ, т.б сияқты қаһарман қыздардың тарихын, тағдырын түрлі архивтерден іздеп, жазып, насихаттап, жариялауы сөз жоқ, жазушының ұлтжандылығын танытады.
Шәрбану Бейсенова тарихта қазақтың қасиетті даласын дүрілдеткен небір қанды оқиғалар, тарихи жорықтар, тар жол, тайғақ кешулерде отбасы, ұрпағы мен ұлтының тәуелсіздігі үшін тайсалмай қайрат көрсеткен қайсар қыздарымыздың сұлулығы мен айбарын, ақылы мен даналығын, батырлығы мен мәрттігін, ерлігін жас ұрпақтың санасына сіңіруді өзінің суреткерлік парызы санайды. Сонау сақ патшайымы Тұмар, Сүйінбике, Сүзгелерден басталған қазақ қыздарының қаһармандық ерліктерін, солардың кезіндегі қазақтың жанын ауыртқан ахуалдарды оқырманға таныстыруды мұрат тұтады. Қазіргі қазақ прозасындағы ақсап жатқан да осы, адамзаттың жан дүниесіне шуақ шашар аты аңызға айналған Әйел-Аналардың асыл бейнесі, олардың уақыттың рухани қажеттілігіне айналуы. Тың тақырыптағы жаңа шығарма жазу үшін соның көркемдік атмосферасына еніп, өз стилін, формасын, өзіндік өрнегін тапқанға дейін бір тыным таппайтын қаламгердің «Сүйінбике – ұлы дала аруы» атты танымдық-көпшілік басылымында (Құраст: Ш.Бейсенова, Ж.Әскербекқызы. Астана: Фолиант, 2016.-192 бет) бүкіл түркі әлеміне танымал тарихи тұлғалар Сүйінбике ханым мен Сүзге жайлы тарихи деректі материалдар негізінде жазылған туындылары топтастырылған. «Менің Сүйінбикем», «Сүйінбике өскен ортадағы ханымдар», «Сүйінбике мұнарасы», «Сүйінбикенің Мәскеуге аттанардағы Сапагерейдің рухымен қоштасу монологы», «Сүйінбикенің Қазанмен қоштасуы», «Сүйінбикенің көрегендігі», «Сүйінбике білезігі», «Сүйінбикенің арманы» деген тарихи деректі хикаят толғаулардан тұратын топтамада қазақтың тарихында бұрындары кеңінен танылмаған тұлға арудың бейнесі жан-жақты ашылып, өмір тағдыры сөз болады. Бүкіл Шығыстың тарихында ақыл-парасатына сұлулығы сай келетін Сүйінбикедей ханша сирек кездесері хақ. Хикаяттағы Сүйінбике патшайым Алтын Орданың әйгілі әскербасы атақты Едігенің шөпшегі, Ноғай ордасына хан сайланған Жүсіптің қызы. 1533 жылы Қазан ханы – Ұлық Мұхамедтің ұрпағы Жанәлі ханға ұзатылып, алайда көп ұзамай аңшылықта күйеуі қаза тауып, хан жиені, Қырым ханзадасы Сапагерейді хан сайлап, Сүйінбике оған тұрмысқа шығуы хикаятта тарихи деректер негізінде әдемі, көркем кестеленеді. Шығарма сюжетінің желісін Алтын Орданы құртуды көздеген төртінші Грозаның (тарихта қаһарлы Иван, Иван Грозный) құпия қылмысының нәтижесінде белгісіз жағдайда қайтыс болған Сапагерейдің орнына Сүйінбике ханымның билікке келуі ширатып, бағасын арттырады. Міне, осы тұстағы ханымның ақыл-парасаты, өз елін қорғаған ерлігін баяндау автордан белгілі бір әзірлікті, білімді қажет еткен. Тарихи тұлға туралы жазу тек үйде отырып, қиялға немесе суреткерлік шеберлікке сеніп қалам сілтеу емес, ол жылдар бойы жабық жатқан қазынаны қаузап, талмай, табанды түрде тер төгуді талап етеді. Бұл ынта-талап жазушының қиындықтан ықпайтын ыждаһаттылығын, ізденімпаздығын танытса керек. Шынында да Сүйінбике кім, екінің бірі біле бермейтін тарихи тұлғаны өз ұрпағына таныстыру үшін қаламгер талай кітап, архив ақтарып, талай жерге барып, оның елін, жерін, т.б. өз көзімен көріп, бес ғасыр бұрынғы тарихи оқиғалармен танысып басы бүтін тарихты танытатын туындыны тарту етіп отыр. Жоғарыда аталған әрбір тараудағы тарихи оқиғалар мен ұлт руханияты үшін құнды фактілерді нысанаға алған көркем туындылардың бәріне бір мақалада тоқталып, талдау мүмкін емес. Тек оқырман бүкіл түркі жұртына ортақ ірі кітапхана жинақтап, тарихта тұңғыш рет «Ғашықтар саябағын» жасап, әлемнің түкпір-түкпірінен неше түрлі ағаштар мен гүлдер, өсімдіктер, бұталардың тұқымын алдырып көз тартар көркем қалалар салған ақыл-парасаты мол, өмірі өнеге, ерлігі ересен тарихи ару апамызды тереңірек танығысы келсе, әрине, бұл еңбек ең керек, құнды дүние. Татар ғалымы Фатих Урманче жинап, зерттеген Сүйінбикенің жоқтауларының («Лиро-эпос татар Среднего Повольжя») өзі қазақ әдебиеті үшін тың мәтіндер, әр тарауда қамтылған құнды ғылыми, әдеби мәліметтер, сөз жоқ, біздің руханиятқа қосылған қомақты қазына. Қаламгердің тақырып таңдаудағы, кейіпкердің мінез-құлқын мүсіндеудегі өзіндік өрнегі, кәсіби шеберлігі, көркемдік талғам танымы да көңіл аударарлық. Тарихи шындықтың шеңберінен шықпай отырып та ойлы дүние жазуға, мазмұн мен пішіннің ішкі тұтастығын, көркемдік-эстетикалық үндестігін үйлестірудегі үлкен кәсібилік те көңіл аудартпай қоймайды.
Осы кітаптың үшінші бөлімін құрайтын Ш.Бейсенованың «Алтын көмбеден табылған асыл ару. Тарихи баян», «Сүзге-дастан. Көркем баян» деген жеке хикаяттарының да берері мол тарихи тағылымды туынды десе болады.
«Туған үйдің түтіні» деген жинақтағы «Сүзгенің соңғы күндері» хикаяты мен «Сүйінбике – ұлы дала аруы» деген танымдық-көпшілік басылымындағы «Сүзге-дастан» атты жанры «көркем баян» деп анықталған туындының мәтіндері бір. Сондықтан біз алғашқы жинақтағы «Сүзгенің соңғы күндеріне» тоқталдық. Оқиғаның тарихи кезеңі мен кейіпкерлері, оқиға желісі оқшау қалған Көшім ханның жас ханымы Сүзге сұлудың тағдыры мен бастан кешкен жан күйзелістері, жалғыздық күйі, бәйбішеден көрген күндестігі, бақталастық, іштарлық, секілді дерттерден туындайтын адамдар арасындағы арпалыстар, қақтығыстар мен қайшылықтар арқылы тереңдеп, қаламгердің суреткерлік шеберлігін танытатын ерекшелікке ұласады. Сүзге сұлудың бастан кешетін күдік пен үмітке толы өмір өткелдері мен тағдыр тәлкегі қаламгердің өзіндік, қолтаңбасын, шығармашылық ұстанымын танытады.
Елін жау шауып хан үрім бұтағымен көшіп мұны жалғыз тастап кетуі, соның салдарынан салынған сары уайымы, бәрі-бәрі кейіпкердің ішкі монологы, сана ағымы, түс көру тәсілдері секілді психологиялық күрделі көркемдік бейнелеу құралдары арқылы баяндалады. Жалғыздық категориясы көркем шығармадағы психологиялық талдау тәсілдеріне тәуелді. Ханның былайғы жұрттан жасырын сезімі, оны бағалаудағы құрмет-ізеті жөніндегі Сүзгенің толғаныстары да нанымды әрі нақышты. Сүзгенің өзіне ырық бермеген ішкі сезімдік құбылыстарын табиғи тұрғыдан жақсы танитын суреткер әйел табиғатына тән психологиялық құбылыстарды да қалт жібермей қырағылықпен қадағалай зерттеп, суреттейді. Әсіресе, жападан жалғыз жылдар бойы тұрып, қосағын сарыла күткен Сүзгенің тағдыры, нарративті нақыштар, санасы мен бойын билеген әзәзілмен арпалысы, сана қақтығысы, ой қайшылығы, сезім сергелдеңдері де қаламгер қолтаңбасын айшықтап, ерекшелендіре түседі. Күрделі жан арпалыстарын психологиялық талдау тәсілдері арқылы тереңдей саралап, сәт сайын сан алуан көңіл күйге ауысқан кейіпкердің сезімдік эмоциялық құбылыстарын кәсіби шеберлікпен бейнелеген автор хикаят соңында пендешілік тіршіліктен биіктеген ел мен жер, ұлт пен ұрпақ, намыс пен ар-ұждан сияқты мәңгілік мұраттарды мақсат тұтқан Сүзгенің тұлғалық табиғатын тұғырландыра түседі. Көшпенді елдегі ерлі-зайыптылардың қабақ қағыстан танылатын құпия ішкі сезімдерінің сілемдерін сүйіспеншілікке толы сөздерсіз-ақ шынайы бейнелеген, сәтті образдар жасаған жазушының шығармалары адамға ұлттық рухтың тізгінін ұстатып, ұлы апаларымыздың аруақтарына тағзым еткізеді.
Қаладағы бір адамды да шығындамай еліне жеткізіп, өзінің де ар ұятына сынықтай да сына қақтырмай пәк күйінде, еліне, жарына, арына деген адалдығын өлім құшу арқылы дәлелдеген тарихи тұлға Сүзге арудың ерлігін суреттеген Ш.Бейсенованың бұл туындысы қазіргі әдебиетіміздегі жақсы жетістіктің бірі десек қателеспейміз.
«Туған үйдің түтіні» деген жинаққа енген «Бір махаббаттың баяны» деген туындысы саяси репрессияға ұшырап ұзақ жылға Сібірге айдалған жұбайы Мұқанның тағдырына ортақтасып, ит жеккенге сапар кешкен Марғуаның айналасындағы адамдардан көрген қасіретінен сыр шертеді. Жүрек ауруынан емханаға түскен кейуана Марғуаның еске алуы, нарративтік мәтіндер арқылы бүкіл өткен өміріне саяхат кешуі жазушының жақсы тапқан тәсілі.Тарихи шындыққа негізделген туынды болғандықтан онда өмірде болған, көз көрген кейіпкерлердің бой көрсетуі, олардың образдары өмір шындықтарына жанасымды болуы, автордың әдеби ортадағы ахуалды, психологиялық, моральдық аураны жақсы білетіндігі байқалып отырады. Қаламгердің өз кейіпкерлерінің тағдырымен етене таныстығы, олар туралы ойлары романға жаңаша рең, көркемдік күш-қуат берген. Әдебиет әлеміндегі білімі, көзбен көріп, көңілге тоқыған өмір шындығы көркем шындыққа көрік сыйлайды. Жалған жаланың құрбаны болып, саяси репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының бастан кешкен трагедиясы, отбасы мүшелеріне келген кесепат, қазақ әйелдерінің басына түскен тағдыр тауқыметтері Марғуаның естеліктері, нарратологиялық мәтіндер негізінде нанымды нақышталған.
Баяндалған оқиғаны көзбен көріп, бастан кешкен куәгердің көзімен беру оқырманның оқиғаға сенуіне себепкер болары да сөзсіз. Үшінші жақтан, яғни авторлық баяндау мұнда басты рөл атқарса да мәтін сыршылдығымен, сенімділігімен, шынайылығымен оқырманға ой салады. Әңгімелеуші нарратор Марғуаның еске алу тәсілі арқылы баяндалған «Бір махаббаттың баяны» хикаяты қазақ әйелінің қандай қиындықта да қайрат көрсетіп, ақыл-парасатпен жол тауып тіршіліктің тізгінін өз қолына алатын қайсарлығын, рухани жан тазалығын табиғи бейнелеген. Тағдыр тәлкегіне тас түйін боп бекінген қазақ зиялыларының қосақтарының типтік бейнесін танытатын кейіпкер – Марғуа мұнда жаңа сапада, биік өреде көрінген. Ішкі-сыртқы мәдениетімен, қазақы ибалы тәрбиесімен, өмірлік тәжірибеден жинаған ақыл-парасатымен танылған әйел тағдырын суреткер Ш.Бейсенова бүгінгі уақыт талғамына сай ой таразысына салып, салмақтайды. Жазушы оқиға өрбітуде, кейіпкердің мінез-құлқына ашуда көркемдік детальдарды ұтымды пайдалануға шебер.
Әйел табиғатын, психологиясын, жан-жақты зерттеп жүрген Ш.Бейсенова кешегі «халық жауының» әйелі атанып, көпшілікке көзге шыққан сүйелдей «сүйкімсіз» көрінген әйелдердің тағдырын тілге тиек ете отырып, бүтін бір халық басынан кешкен кезеңнің зардабын, қилы қасіретін, олардың ұрпағына, бүкіл үрім-бұтағына келген кесепатты тарихи шындық тұрғысынан әдемі суреттеген. Туындының композициялық құрылымы, философиялық ой-идеялары, нарратологиялық мәтіндер, уақыт пен кеңістік, монолог, диалог, сөйлеу тәсілдері т.б секілді көптеген көркемдік категориялар, әдеби дискурстар қаламгердің өзіндік қолтаңбасын танытары сөзсіз.Көбіне нарративті мәтінге, еске алу, елестету секілді әдеби тәсілдерге әуес автор өткен өмір мен бүгіннің бейнесін өзара салыстыра отырып, екі ұдай сезім кеше отырып ой таластыруды дұрыс көреді.
Қазіргі қазақ прозасында баяндаудың да, бейнелеудің де тілі өзгергені белгілі. Ұзақ сонар мәтіндер оқушыны тартпайды, ол уақыт талабы. Мейлінше ықшам, нақты, нанымды мәтіндер маңызды. Бұрынғы өлшеммен алсақ, Шәрбанудың хикаяттары күрделі де көлемді романдарға лайық. Алайда уақыт сұранысына сай хикаяттың өзі сол деңгейден шығып отыр.
Абай атамыз айтқандай, «Қазақтың жауы қазақ» дегенді осы шығармадағы Мұқанды жазықсыз жалған жаламен итжеккенге айдатқан айналасындағы адамдар алауыздығы (және олар жалғыз емес еді), шолақ қол уәкіл кекшілдігі, күндестік пен бақталастық секілді кенедей жабысқан жымысқы дерттер көркем кестеленсе де жүректі қарып түсер қасіретімен ойда қалады. Автордың айтпағы «Бұрынғылардан қалған бұл жалған дүние бізден де қалатынын» ұғындыру.
Шәрбану айтып отырған Мұқан мен Марғуаның махаббаты атақты «Ләйлі-Мәжнүн» жырындағы екіге бөлінбеген бір негіздегі тұлғалардың аңызға бергісіз таңғажайып, қандай қиындық кешсе де алғашқы асқақтығынан айнымаған, сол киелі күйінде мәңгі қалған қымбат та құнды қасиеттерге құрылған адами сезімдер символы сипатты дүние.
Қазақтың өжет, ерекше тағдырлы қызы атанған Марғуа туралы М.Әуезовтің өзі: «Мен әлі сен туралы кітап жазамын» десе, батыр Бауыржан Момышұлы: «Бұл қазақта Марғуадай әйел кем де кем», деген Шарбану Бейсенова сомдап отырған Марғуасы шын мәнінде қазақ әдебиетіндегі соны кейіпкер тың бейне болса керек. Саяси репрессияға ұшырап итжеккенге аударылған ұлылардың артынан барып қосақтарына қысылғанда қолдау, мұңайғанға медеу болған тарихта белгісіз болып қалған талай апаларымыздың асыл бейнесін Марғуа арқылы бейнелеп, ұлт тарихында, әдебиет әлемінде, көркем дүниеде қалдыра білді.
Талантты қаламгер Ш.Бейсенованың шығармалары қазақ әдебиетіне Сүйінбике, Сүзге ханым, Марғуа, Зағипа секілді естен кетпес образдарды әкелді. Өзінің биязы да мәдениетті мәтіндерімен қазақтың әдеби тілін байытып, кесек кейіпкерлерімен ұлттық прозамыздың интеллектуалды деңгейін көтеруге көп үлес қосты.
Олай болса, Ш.Бейсенованың да шығармалары, нарративті мәтіндері өмір шындығын кәсіби шеберлікпен бейнелеуі нәтижесінде киелі сөз өнері кеңістігінен өзіне тиесілі заңды орынға ие.
Гүлзия ПІРӘЛІ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы