Кітап оқитын, жазу-сызумен айналысатын кез келген адамның басында қарға туралы біраз мәлімет бар. Ал дәл сол қарғаға қатысты ондаған мақал-мәтелді қарға тамырлы қазақтың көбі білетініне күмәніміз жоқ.
Қарқылдаған, қап-қара құс санамызда сүйкімсіздіктің, сұмпайылықтың, қарғыстың, қара ниеттің символы сияқты қалыптасты. Тіпті «қарға» деген атаудың өзін құпия тылсыммен байланыстырып қарайтын адамдар бар. Олар, әрине, оқымыстылар. Әйтпесе «ей, аспанда ұшып жүрген қара кітап» (М.Салық) деп сөз арнай ма? Айналып келгенде, басқаны қайдам, қазақ қарғаға бейжай қарамайды, елеусіз қалдырмайды. Аулақтау жерде топталып алып, «сөйлесіп» отырған қарғаларды көрген қазақ «қарқылдап жамандық шақыруын қарашы» деп қабағын тыржитып, күбірлеп өтеді қасынан. Ақын әрі жазушы замандасымыз Серік Сағынтайдың «Қарға» деген әңгімесін қызығушылықпен оқығанымыздың бір себебі осы еді.
Қаламгер әңгімесіне көктен түскен төрт кітапта баяндалатын ең ежелгі аңызды – Қабыл мен Әбіл оқиғасын өзек еткенімен, оқиға осы заманда өтеді. Аңыз бойынша адамзат тарихындағы ең алғашқы қанішер Қабыл мен әңгімедегі қарға өлтіргіш Қабыл – параллель бейнелер. Адамзат тарихындағы ең алғашқы құрбандық Әбіл мен әңгімедегі бала Әділ бейнесі параллель өрілген. Аңызда Аллаға атаған сапасыз дәні қабыл болмаған Қабыл дихан еді. Ал құрбандыққа шалған қошқары қабыл алынған Әбіл малшы болатын. Сол оқиғада қызғаныштан інісін өлтіріп қойған Қабылдың көзіне қарға түседі. Қарғаның өлген қарғаны жер қазып, көміп жатқанын көрген соң, інісін жер бауырына береді. Ал Серік Сағынтайдың әңгімесіндегі қарғалар обал-сауапты білмейтін, жүрегі қатты Қабылдың пәрменімен өлтіріліп, жерге көміледі.
Әңгіменің қысқаша мазмұны бойынша оқиғаны көзбен көріп, жүрегінен өткізген бас кейіпкердің Жәкесі жер сатып алып, оның көп бөлігіне күнбағыс, тебінгідей, тоқымдай, алашадай бөліктеріне қартоп, қияр, сәбіз егеді. Оның ауыр да мазасыз күндері күнбағыс күнге қарап өсіп, қауызындағы дәндер жетіле бастағанда басталады. Күнбағысты көздеген қарғаларды үркіту үшін ауылдағы үй-жайын құлыптап, отбасымен қос басына көшіп келеді. Жазушы қарғалардың күнбағысқа қонып алып, пісте шаққанын, Жәкесінің, балалардың сол кездегі көңіл-күйлерін былай суреттейді: «Қона кетеді де, сол аяғына салмағын салып, оң сирағын ырғап-ырғап, сояу тырнағын батыра құламастай жайғасады. Сосын төменге үңіліп, иіле кетіп шоқып ала бермек. Шырт еткізіп шаққаны кедейдің бит сыққанындай. Жер жаралып, су аққалы пісте шағып жүрген секілді. Кейде жанына тақап келсең, қып-қызыл көзімен ата қарап, «қғарққ» дейді де, аспанға атылады. Есіл еңбек рәсуә. Жәкем жыларман. Балалар шаршаулы. Қарға қаптап келеді. Күн санап көбейетін тәрізді. Жеке-жеке топқа бөлініп ап, бәсекені қыздырып жүрген сыңайлы».
Расында өзен жақтан топтанып, қарақұрымданып ұшып келіп, егістіктен «нәпақа айырып» жүрген қарғалар бір отбасының есіл еңбегін рәсуа етіп, өздерін шаршатып, одан құтылудың амалын айтқан кісіге сыйлық бергізердей күйге жеткізеді. Сондай күндердің бірінде Жәкеңнің досы Қабыл келеді егістік басына. Ары қарай оқиға нағыз америкалық кинолардың сюжетіне ұқсап қоюланады, адамды мазасыздандырады, үрейлендіреді, қорқытады. Ең бастысы, жанын ауыртады. Азаппен өлтірілген қарғалардың ащы даусы құлағыңа келеді. «Қара қауырсындары шашыла, жұдырықтай ғана денелері қанға малшынған бейбақтар өзара бақұлдасып жатты-ау деймін. «Қғғ-ғарққ. Өлдім. Өлдім. Өлдім! Қарғыс атсын! Қарррр-ғғыс атсссын, адам атаулыны! Қққққайдасыңдар, балапандарым? Өлдім!» деп, зарлады бір кәрі құзғын. «Қғғғаааа-ааа-ааааа! Қап! Қаррр-ғыс тіледім!» «Өлдім! Өлдім!» деп жыласты қарғалар. Үш жүз, үш мың, үш жүз мың жылдар бойы бойына жинап келген қаралы қарғыстар атылды қарғалардың жүрегінен. Тозақтың бар тұрғыны арқалаған аһ ұрған ажал зары төгілді қарғалардың үнінен».
Қарғаларды адам ойына келмейтін сұмдық әдіспен жазалап, олардың зар илеген ащы үнін басқа қарғаларды қорқыту үшін магнитофонға жазып алған Қабылдың әрекетін жазушы асқан шеберлікпен суреттейді. Санаңа сүйкімсіз құс ретінде орнаған байғұс құсқа деген аяушылық оянып, енді қарғаны көрсең, оның атына бірдеңе демек түгіл, кешірім сұрағың келетін сезімді бастан кешесің.
«Қарға» – тасқа қашап жазылғандай бояуы қалың, әсері күшті, санаңда мөрленіп қалатын әңгіме. Топтанып ұшып, тегін олжаға дәніккен қарғалар, оларды жазалап өлтірген Қабыл, қарғалардың жерді тітіркендірген ащы даусынан үрейі ұшқан балалар, өкініш пен ызадан жүзі қарауытқан дихан, осы оқиғаларды баяндаушы бас кейіпкер, қысқасы бәрінің бейнесі көз алдыңда бір тізбекте тербеліп тұрады. Ауылдан қашық, өзен жағасындағы «тастанды» қу тақырды заңдастырып алған Жәкеңнің егінін неге қарғалар басып алды? Ал оларды аяусыз жазалаған соң, Сарыесікте қарға түгіл, басқа құстардың қалмауы ненің белгісі? Келер жылы суға кетіп өлген Әділ баланың денесі неге табылмады? Біздіңше, жазушының негізгі айтар ойы осы үш сұрақтың тасасында тұр. Басқасын емес, тек Әділдің денесінің табылмай қалуының жауабын былайша түсіндіре аламыз. Жоғарыда ескі аңызда, яғни Қабыл мен Әбіл оқиғасында екі қарға таласып қалып, біреуі екіншісін өлтіріп, жерге көміп тастайтынын айттық. Адамдардың өлген адамды көмуді дәстүрге айналдыруы осы аңыздан бастау алады. Егер марқұмның тәні жерге көмілмей қалса, оның рухы шат болмайды дейтін көне заманнан келе жатқан сенімді ескерсек, «Қарға» әңгімесінде Әділдің денесінің табылмауы – қарғалардың қарғысымен тікелей байланысты. Яғни сол оқиғада ең көп қайғырып, азап шеккен бозым баланың бұл өмірдегі талқанының ерте таусылғаны аздай, тым болмағанда, өлген соң рухы да шат болмады, катарсис жағдайына жеткен жоқ...
«Қарға» әңгімесін оқып шыққан соң басымызға келген алғашқы ойлар осы болды. Бастысы, жазушы бас кейіпкер кешкен сезім-күйлерді оқырманға төгіп-шашпай жеткізіп берген.