Қазіргі уақытта елімізде экономиканы дамытудың маңызды факторы ретінде ресурс үнемдейтін озық технологияларды өндіріске енгізу айрықша мәнге ие болып отыр. Мұндай тың технологияларды тиімді қолдану әдісі еліміздің мұнай-газ саласында да жүзеге асырылуда. Осы бағытта жуырда «Ембімұнайгаз» АҚ-қа қарасты «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Шығыс Мақат кен орнында ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы салтанатты жағдайда ресми пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта елімізде экономиканы дамытудың маңызды факторы ретінде ресурс үнемдейтін озық технологияларды өндіріске енгізу айрықша мәнге ие болып отыр. Мұндай тың технологияларды тиімді қолдану әдісі еліміздің мұнай-газ саласында да жүзеге асырылуда. Осы бағытта жуырда «Ембімұнайгаз» АҚ-қа қарасты «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Шығыс Мақат кен орнында ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы салтанатты жағдайда ресми пайдалануға берілді.
Шығыс Мақат кен орнынан шығатын газды мемлекеттік стандарт бойынша коммуналдық-тұрмыстық және өндірістік қажеттілікке пайдалануға болады. Қондырғыда жылына 40 млн. текше метр газ өндіріліп, ол тасымалдаушы кәсіпорын – «ҚазТрансГазАймақ» АҚ құбырларына беріледі. Сол арқылы Шығыс Мақаттың көгілдір отынымен Мақат және Қызылқоға аудандарының елді мекендері қамтамасыз етілетін болады.
Ең бастысы, осы қондырғыны орнату арқасында тұрғындарға газ жеткізумен айналысатын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға бір текше метрі үшін 1,9 теңгемен көгілдір отын беріліп отыр. Бұл нарық бағасынан әлдеқайда арзан. Газ қондырғысын орнату жұмысы 2012 жылы басталып, 2013 жылдың жазында толықтай аяқталды. Қондырғы құрамында негізінен компрессор, газ өңдеуші техникалық жабдық, компрессорды басқару машинасы, сеператорлар, тағы басқа техникалық жабдықтар бар.
Өндірістік үрдіс бойынша алынған газ сеператорларға жіберіліп, сонда өңделеді де, одан әрі компрессорға айдалады. Мамандардың айтуынша, мұндағы газдың қысымы жоғары. Ол Мақат, Жамансор, Сағыз және тағы басқа елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Мұндағы мақсат Шығыс Мақаттан алынатын газды далаға жақпай, өндіріске, көпшіліктің тұтынуына пайдалану. Сонда ауаға лас заттар шығарылмай, газ халық игілігіне жаратылады. «Бұл газдың 2-3 млн. текше метрін біз өзіміздің өндірістік мақсатта пайдаланамыз, ол осындағы қазандарға пайдалануға, басқа да өндірістік қажеттілікке жұмсалады», – дейді «Доссормұнайгаз» басқармасының бастығы Талғат Тасқынбаев.
Сонымен қатар, жаңа қондырғыда жұмыс істейтін мамандар әзірлеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Ембімұнайгаз» АҚ-тың 23 маманы «Татнефтегазпереработка» АҚ-қа арнайы жіберіліп, оқу-дайындық курсында тәжірибе жинақтап, жаңа газ жабдығында жұмыс істеуге машықтанып келді. Ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы әлемдік стандарттарға сай жабдықталып, жұмыс істейтін болады. Мұнда газдың алыну сәтінен бастап барлық технологиялық үрдістер қатаң қадағаланып отырады. Жұмыс барысын бақылау автоматтандырылған және компьютерлендірілген. Мамандар компьютер арқылы газдың қысымын, оның мөлшерін, сепараторлардағы газ құрамын бақылайды.
Шара барысында жаңа нысанның символикалық кілті «Доссормұнайгаз» басқармасының бастығы Талғат Тасқынбаевқа табыс етілді.
– Біздің компания өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізуге жете көңіл бөліп келеді. Бүгін, міне, Шығыс Мақат кен орнындағы ілеспе газды дайындау және тасымалдау қондырғысы біздің үш жылдық өндірісті технологиялық жаңғырту бағдарламасы аясында іске асып отыр. Біздің мақсатымыз – Шығыс Мақат кен орнынан өндірілетін газды өндірістік қажеттілікке және тұрғындардың тұтынуына пайдалану. Осы қондырғыны орнату арқылы біз ілеспе газды өндірістік қажетіне пайдаға асырып, екіншіден тұрғындарды табиғи отынмен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Айболат Ғабдуллин.
Осы күні тағы бір қуанышты жағдай орын алды. Жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын С.Балғымбаев кен алаңына дейінгі жолға асфальт төселіп, құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай бұл жол да пайдалануға тапсырылды. Шыны керек, өндіріске апарар осы жолдың сапасыздығы қатынауға көптеген қиындықтар тигізген еді. Енді кенішке барар жол тақтайдай сайрап жатыр. Мұнайшылар бұған да қуануда. Міне, Шығыс Мақатта бір күнде осындай екі маңызды нысан қолданысқа тапсырылып, халыққа да, өндіріске де пайдалы іс атқарылды.
Ғазиз САТЫПАЛДЫ.
Атырау облысы.