• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қаңтар, 2021

Әлеуметтік ұтқырлықтан ұтып тұрмыз ба?

856 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік экономикалық форум-2020 шеңберінде ұсынылған жаһандық әлеуметтік ұтқырлық индексінде Қазақстан 38-орынды иеленген. Бұл орайда біздің ел Ресей мен Қытайдың өзін артта қалдырып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Аталған рейтингтің түпнұсқа атауы – Global Social Mobility Index. Әлеуметтік мобилділік деп те, әлеуметтік ұтқырлық деп те тәпсірлеуге болатын секілді. Мұндай индексті ойлап табушылар әлеуметтік ұтқырлықты – қазіргі азаматтардың бұрынғы аға буынға қарағанда жақсы өмір сүру қабілеті деп түсіндіреді. Яғни, ұйымдастырушылар әр елдің әлеуметтік-экономикалық оң ахуалын есепке алады. Соның ішінде денсаулық сақтау сапасы да, білім алуға қолжетімділік те, білім алуға арналған мүмкіндіктер де, жалақы төлеу әділдігі де, әлеуметтік қорғау да, қоғамдық институттардың тиімділігі мен ашықтығы да бар.

Рейтингтегі 82 елдің ішінде Қазақстан 64,8 балл жинап, 38-орынға орналасқан. Үздік нәтиже Данияға, екінші орын Финляндияға, ал үшінші орын Норвегия мен Швецияға тиесілі екен. Дегенмен Қазақстан жекелеген көрсеткіштер бойынша дамыған елдермен иық тірестіреді. Мәселен, «еңбек жағдайлары» көрсеткішінде біздің ел үздік 20 елдің қатарына (16-орын) кірсе, «жалақы әділдігі» бойынша 25-орын алып, Германия мен Ұлыбританияны артқа тастапты. «Жұмысқа орналасу» бойынша алған 30-орнымыздың өзі Швеция мен Канададан биік тұр.  

«Қызметкерлерді ұжымдық шарттармен қамту коэффициентімен 75 пайыз деңгейінде Қазақстан 12-орынды иеленді. Білім алуға қолжетімділік бойынша рейтингте Қазақстан Португалия (36-орын) мен Италиядан (37-орын) озып, 32-орында тұр. Білім беру саласындағы сапа мен теңдік бойынша біздің республика жоғарыда аталған елдерден кейін 33-орында. Экономикалық белсенді әйелдер саны бойынша Қазақстан айтарлықтай жоғары орынға ие болды – 22-орын. Жоғары білімді адамдар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бойынша Қазақстан 33-орында, одан кейін Ирландия, Жаңа Зеландия және Дания тұр» делінген еңбек ресурстарын дамыту орталығының хабарламасында.

Дүниежүзілік экономикалық форум баяндамасында әлеуметтік мобилділік индексінің артуы елдердің жалпы ішкі өнімінің өсуіне ықпал ететіні айтылған.