Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онлайн форматта тікелей эфирден көрсетіліп, бейнеконференц-байланыс арқылы ұйымдастырылған жиын барысында ведомствоның өткен жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, биылғы жоспарлары мен жобалары талқыланды.
Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қоғамдық кеңестің, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестіктер өкілдері қатысты.
Отырыс барысында сөз алғандар ақпарат пен қоғамдық даму саласындағы маңызды жобалар туралы айтты. Азаматтық қоғам саласында атқарылған жұмыстар туралы вице-министр Болат Тілепов, ақпараттық жұмыс және медиа саланы дамыту туралы вице-министр Кемелбек Ойшыбаев, жастар және отбасылық саясат саласында атқарылған жұмыстар жөнінде вице-министр Асхат Оралов баяндама жасады, сондай-ақ Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов сөз сөйледі.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Atameken Business» бас директоры Қанат Сахариянов пандемия кезіндегі азаматтық қоғамды дамытудың өзекті мәселелері, ақпараттық саланың дамуы жөнінде өз ұсыныстары мен пікірлерін жеткізді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өз сөзінде 2020 жылғы негізгі нәтижелер мен министрліктің 2021 жылға арналған міндеттерін атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы министрліктің алдына қойылған барлық міндет коронавирустық пандемияға байланысты өзгерістерді ескере отырып толықтай жүзеге асырылды.
– Мемлекеттің негізгі идеологиялық органдарының бірі ретінде біздің министрлікке жүктелген міндеттердің орны ерекше. Ведомство тікелей жауап беретін екі үлкен бағыт – ақпараттық саясат пен қоғамдық қатынастар. Екеуі де ел Президенті ерекше сеніп тапсырған, жауапкершілігі мол сан түрлі саладан тұрады. Ең бастысы – елдің рухани кемелдігі мен саяси тұрақтылығы, қоғамдық берекесі мен бастаған істің баяндылығы көп жағдайда осы біздің министрліктің жұмысына байланысты. Бұл жауапкершілікті біз жақсы түсінеміз, салмағын сезінеміз, – деді Аида Балаева.
Ведомство басшысы ел Президенті алға қойған маңызды мәселелерге де тоқталып, соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың айрықша маңыздылығын алға тартты. «Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру – әрбір мемлекеттік органның тікелей міндеті. Әрине, бұл тұжырымдама бойынша мемлекет тек «тыңдаушы» ғана емес, қажет ақпаратқа жалпақ жұрттың қолын жеткізіп, әрдайым өзара байланыста болуды көздейді. Мұның бәрі, сөз жоқ, халыққа бір табан жақындауда 2020 жылға беретін оң баға деп білемін», деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, қоғамдық көңіл күйді тұрақтандырудың шешуші факторларының бірі – жалған ақпаратты жедел теріске шығару және халықты stopfake.kz және coronavirus2020.kz сайттарында КВИ даму динамикасы мен ауқымы туралы үнемі хабардар ету болып отыр. «Министрлік өткен жылы журналистердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курсын, сондай-ақ салалық журналистиканы дамытуды бастады. Қазіргі уақытта бұл бастамалар жүзеге асырылып жатыр», деді Аида Балаева.
Ведомство басшысы мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды берудің жаңа ережелері, БАҚ туралы жаңа заңды әзірлеу және телеарналарда отандық ақпараттық контент үлесін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, 2020 жылы шетелдік контент 30 пайызға қысқартылған. «Мақсат – мемлекеттің бірыңғай ақпараттық саясатының заңнамалық қамтамасыз етілген тетіктерін қалыптастыру. Осы орайда БАҚ туралы жаңа заң 2022 жылы әзірленіп, қабылдануы үшін биыл осы заң жобасының тұжырымдамасы кеңінен талқылауға ұсынылады», деді министр.
Сонымен қатар Аида Балаева келесі аптада облыстарда онлайн режімде де, офлайн режімде де ұйымдастырылатын «Министрлік күндері» басталатынын айтты. Осы іс-шаралар аясында барлық облыс тұрғындарын мемлекеттік орган жүргізіп жатқан жұмыстармен таныстыру жоспарлануда.
Министрдің айтуынша, азаматтық қоғаммен тығыз байланыс орнату – министрлік құзырындағы негізгі салалардың бірі. Өткен жылы 27 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданған болатын.
«Бұл құжат еліміздегі азаматтық секторды дамытудың алдағы он жылға арналған негізгі стратегиялық бағыттарын айқындайды. Оның үлкен бір бөлімі – сапалы заң шығару. Бұл ретте, өздеріңіз білесіздер, Қоғамдық кеңестердің мүмкіндігін кеңейтетін және мұндай Кеңестерді квазимемлекеттік секторда да құруды міндеттейтін заңға қол қойылды. Бүгінде «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе «онлайн-петиция» туралы толықтырулар қоғамда қызу талқыдан өтіп жатыр», деді Аида Балаева.
Ведомство басшысы волонтерлердің қызметі өткен жылмен ғана шектелмей, әрі қарай жалғасын табатынын да атап айтты. «Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Волонтер жылы еріктілер қозғалысының дамуына тың серпін берген жасампаз жоба болды. Сондықтан да ел Президенті Үкіметке бұл жұмысты тұрақты түрде жалғастыруды тапсырды. Қазір арнайы Жол картасы жасақталып, іске асыруға дайын. Мұның өзі Волонтерлік ұғымының ауқымы кең және ол бір жылмен немесе бір жоба аясында ғана шектелмейтіндігін көрсетеді», деді Аида Балаева.
Алқа отырысын қорытындылай келе, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов министрлік басшылығына бірқатар тапсырма берді. Вице-Премьер өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі республикалық жоспар аясындағы іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. «Жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде іске асыруға күш салып, тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген нәтижелерімізді ел ішінде де, халықаралық деңгейде де көрсете білуіміз керек», деді Ералы Тоғжанов.
Алқа отырысының соңында Аида Балаева жиында айтылған барлық ұсыныс ескеріліп, берілген тапсырмалар бұлжытпай іске асырылатынын жеткізді.