Қазақстан халқы Ассамблеясы «Медиация туралы» заңға – 10 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының медиациясына 5 жыл толуына орай онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ-нің жобаларын іске асыру және құрылымдарымен жұмыс істеу басқармасының басшысы Талшын Италиева және отандық, халықаралық кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.
Азаматтардың кез келген жанжалды шешу барысында ымыраға келуге дайын болуы – өз кезегінде азаматтық жетілу мен жауапкершіліктің индикаторына айналады, қоғамның құқықтық мәдениетінің даму деңгейін жоғарылатады, Қазақстанның бүкіл әлеуметтік құрылымының әлеуметтік жағдайы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан медиация институтын дамытудың маңызы төмендемейді.
Бұл жұмыс медиация институтын жүйелі түрде нығайтуға үлес қоса отырып, ҚХА республикалық және өңірлік қоғамдық құрылымдарының өкілдері арасынан кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерді даярлау арқылы жүзеге асырылады.
«Қоғамдық келісім» РММ-нің жобаларын іске асыру және құрылымдарымен жұмыс істеу басқармасының басшысы Талшын Италиева өз сөзінде «Медиацияның әлеуетін ұтымды пайдалана білсек, біз қоғамда орын алатын дау-дамайларды оңтайлы реттеу арқылы, ішкі бірлікті бекемдеп, ел іргесінің аман болуына үлес қоса аламыз.
Медиация терминінің мазмұны біздің халқымызға ежелден таныс ұғым. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген дана халқымыз аталы сөзге тоқтауды білген. Қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын билердің көмегімен ел бірлігін сақтап, дауласушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі, олар «араағайындық», «бітімгер», «мәміле» және т.б. терминдер қолданған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға ықпал еткен. Бүгінгі таңдағы әлемдік ахуал жедел өзгерістерімен, тұрақсыздығымен ерекшеленуде. Қалыптасқан жағдайда қоғамның ішкі тұтастығы мызғымас берік болғанда ғана болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа нық сеніммен қадам басамыз», деді.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы, татуластыру рәсімдері жөніндегі үйлестірушісі Гүлжа- нат Рахметова «Азаматтық іс жүргізу кодексінде медиаторлардың, адвокаттардың қатысуымен татуластыру рәсімдерін қолдануды кеңейту – дауды бейбіт жолмен шешетіндер қатарының өсуіне ықпал етеді. Заңда медиаторлардың ғана емес, судьялар мен адвокаттардың да татуласуын жүзеге асыру міндеті бекітілген. Тараптарды татуластыру үшін шаралар қолдану және дауды сот процесінің барлық сатыларында реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінен туындайды», деді.
Ал ҚХА республикалық Медиация кеңесінің мүшесі Рузанна Есентемірова «Меніңше, еліміздің барлық мектебінде медиация қызметтері құрылып, жоғары оқу орындарында медиация пән ретінде оқытылуы тиіс. Жас буын дау-жанжалдарды татуласу арқылы шешуге болатындығын түсінген кезде, медиацияның танымалдылығы артады және сұранысқа ие болады», деген пікірімен бөлісті.
Түркістан облысы әкімдігі «Қоғамдық келісім» КММ медиация институтының үйлестірушісі Дана Кенжеқұлова Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған медиация институтының негізгі мақсатына тоқталды. «Біздің міндетіміз – медиацияны дамыту мен насихаттау арқылы оның жұмысын жүйелендіріп, ұйымдастыру, ел бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуда медиация тетігін тиімді пайдалану. Соңғы жылдары ел аумағында медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның берік іргесі – заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде, ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Дау-дамай бұрын да болған, қазір де бар. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрсек те, ең алдымен ынтымақты сақтай білуіміз керек», деген ойын ортаға салды.
Медиация бойынша PhD докторы Гүлмира Нарбаева «Біз бәріміз және балаларымыз қауіпсіз қоғамда өмір сүргенін қалаймыз. Ал медиация – қауіпсіз орта құру құралы, өйткені медиацияның мақсаттарының бірі – тараптардың жанжалдық деңгейін төмендету. Егер медиация рәсіміне өтініштер көп болса, қоғамдағы жанжалдар азаяды, тиісінше, адам қауіпсіздігі деңгейі артады. Біз жанжалсыз қоғамға ұмтыламыз», деп қорытты өз ойын.
Жиын соңында медиация институтына арналған бейнеролик көрсетіліп, алыс және жақын шетелдегі медиаторлар әріптестерін Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңына – 10 жыл, ҚХА медиациясына 5 жыл толуына орай құттықтау тілектерін жеткізді.