• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Желтоқсан, 2013

Ел түледі, енді жерді түлетейік

420 рет
көрсетілді

Оны тыңайтудың тың тәсілдері бар

«Жер семіз болса – дән егіз, мал семіз болса – төл егіз» немесе «не ексең, соны орасың» дейді емес пе. Бүгінде бұл қағида аздап толықтыруды қажет етеді. Өйткені, еккен егінің, төккен терің төлеусіз болып қалатын жағдай жиі кездеседі. Бұл жердің құнарын сақтай алмау құлықсыздығынан туындайтын келеңсіз құбылыс. Өндіріс дамыған ғасырда табанымыз басып, тіршілігімізге қажетті азық-түлік өндіріп отырған топырақтың таза әрі құнарлы болуына

Оны тыңайтудың тың тәсілдері бар

«Жер семіз болса – дән егіз, мал семіз болса – төл егіз» немесе «не ексең, соны орасың» дейді емес пе. Бүгінде бұл қағида аздап толықтыруды қажет етеді. Өйткені, еккен егінің, төккен терің төлеусіз болып қалатын жағдай жиі кездеседі. Бұл жердің құнарын сақтай алмау құлықсыздығынан туындайтын келеңсіз құбылыс. Өндіріс дамыған ғасырда табанымыз басып, тіршілігімізге қажетті азық-түлік өндіріп отырған топырақтың таза әрі құнарлы болуына

бізде әрдайым жағдай жасала бермейді. Әрине, өткен кезеңдерге тас лақтырудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, мол табиғи байлықтарымыздың қажеттісін ғана ел игілігіне пайдаланып, қалған бөлігін келешек ұрпақтардың үлесіне қалдыру біздің міндетіміз деп есептейміз.

Қазіргі таңда шешімін таппаған күр­де­лі мәселелердің бірі – суармалы жерлердің сортаңдануы мен қарашірік мөлшерінің төмендеуі. Соның нәтижесінде ауылшаруашылық екпе дақылдарының өнімдері күрт төмендеуде. Мұндай жерлерге Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы облысының Балқаш өңіріндегі күріш өсіретін ауыспалы егістік­терді жатқызуға болады. Кейінгі жылдары топыраққа тыңайтқыш беру, дренаж жүйесінің өз дәрежесінде пайдаланбауы аталған аумақтарда топырақтың құнарына кері әсерін тигізіп отыр. Нәтижесінде ауыл­шаруашылық дақылдарының айналымындағы егістік жерлердің көпшілігі екінші рет тұзда­нып, пайдалануға жарамсыз болып қалды.

Әсіресе, тұзданған топырақтарды тазалаудың баршаға белгілі дәстүрлі әдістеріне жататын шаю, гипстеу, химиялық мелиоранттармен өңдеу бүгінгі таңда түрлі себептерге байланысты қолданылмай отыр.

Егіншілік саласында химиялық тыңайтқыштарды үзіліссіз, шамадан тыс қолданудың пайдасымен қатар зияны болатыны да белгілі. Бұл басында табыс бергенімен, қарашіріктің тез ыдырауына, нәтижесінде топырақ құнарының күрт төмендеуіне тікелей әсер етеді. Топырақтың тірі ағза екенін ескерер болсақ, оның бойында тіршілік ететін микроорганизмдердің тыныс-тіршілігіне қалыпты жағдай жасаған кезде ғана топырақ құнарын сақтап, ауылшаруашылық дақылдарынан межелі өнім алуымызға мүмкіндік туады.

Егер де, топырақтың құнарлы қабатының, яғни, қарашіріктің түзілуіне бірнеше мыңдаған жылдар қажет болса, оның мөлшерін төмендетіп, жоғалтып алуға бірнеше жылдың өзі жеткілікті.

Осыған орай, экономикасы дамыған елдер қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өндірісінде химиялық қоспаларды қолданудан арылып, табиғи биологиялық таза әдістерді толық пайдалануға көшкен. Яғни, өсімдік қалдықтары арқылы топырақ бойына табиғи органикалық заттарды жинақтау, сондай-ақ, тыңайтатын өсімдіктерді егу арқылы топырақтың биологиялық белсенділігін арттыру секілді әдіс-тәсілдерге көшкен.

Негізінен күріш өсіретін суармалы аймақтарда топырақтың құнарын арттыруда ұсынылып отырған биологиялық әдістің бірі – тұзға шыдамды бұршақ тұқымдас мал азықтық өсімдік болып табылатын түйежоңышқа егу. Бұл өсімдік топырақтың құрамындағы тұздарды тамырлары арқылы өз бойына сіңіріп, топырақта тұздың мөлшерін едәуір азайтады, нәтижесінде топырақта тіршілік ететін пайдалы микроорганизмдердің көбеюіне мүмкіндік жасайды. Егер де түйежоңышқа тұқымын себер алдында «Ризовит-АКС» препаратымен өңдеп барып егетін болсақ, аталған өсімдіктің өніп-өсуі және одан алынатын көк балауса өнімділігі артады. Оған қоса түйежоңышқаның тамырларындағы түйнек бактериялары белсенділігінен әр гектар топырақта 200-300 кг. болатын таза биологиялық азот жинақталады. Осынша мөлшерде жиналған азот ауылшаруашылық дақылдарының азотқа қажеттілігін 2-3 жылға дейін қанағаттандырады.

Қазіргі уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасында ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. Негізгі міндеті – бес жыл ішінде ірі қара етінің экспорттық әлеуетін 60 мың тоннадан 2020 жылға қарай 180 мың тоннаға дейін жеткізу болып табылады. Алайда, соңғы жылдары мал өнімін арттыруда қолбайлау болып тұрған мәселенің бірі мал азығы базасының жеткілікті дамымауында болып отыр. Бүгінгі таңда көп шаруашылықтар тек қана пішен дайындаумен ғана шектеліп отыр. Төрт түлікті, әсіресе, сүтті ірі қараны азықтандыруда ең маңызды болып табылатын бұршақ тұқымдас өсімдіктерден дайындалатын жемшөп өндірісі кібіртіктеп тұр.

Шаруалар үшін құнары мен қуаты жоғары пішендеме мен сүрлем сияқты мал азығын дайындаудың дамыған технологиясын пайдалану – аса қажеттілік. Бұл мәселенің күрмеуін шешу үшін біздің институт ғалымдары мамандандырылған бактериялар негізінде жасалатын «Қазбиосил» бактериалдық ашытқылар тізбегін өндіріске ұсынып отыр.

Мал азығы қорын қалыптастыруда, жоғарыда айтқанымыздай, ақуызы мол сапалы шөп дайындалатын түйежоңышқа мен жоңышқа дақылдарының атқарар маңызы өте зор. Дегенмен, назар аударатын мәселенің бірі, қазіргі уақытта, түйежоңышқа мен жоңышқа өнімділігінің төменділігінде болып отыр. Бұл кемшілік негізінен дәннің өніп-өсуіне кедергі келтіретін сыртқы қабығының қатты болуына байланысты тұқымдық дәннің шығымдылығының нашарлығында. Түйежоңышқа мен жоңышқа егілген алқаптың көп жағдайда дәннің төрттен бір бөлігі шықпай қалады. Кейбір өңірде шығымдылығы одан да төмен болып, 15-20 пайызы ғана көктеп шығады. Тұқымдық дәннің өнімділігін арттыру үшін түрлі әдістер, оның ішінде механикалық, физикалық және химиялық тәсілдер қарастырылған. Өндірісте көбінесе арнайы машиналардың көмегімен дәннің қатты қабығын бұзу үшін механикалық зақымдау /скарификация/ әдісі қолданылады. Аталған әдіс көп жағдайда дәннің қабығын ғана зақымдаумен қатар оның ішкі құрылысын да едәуір зақымдап дәннің физиологиялық өніп-өсу үдерісіне кері әсерін тигізеді. Оған қоса дәннің кейбір ауруларға тез шалдығуына мүмкіндік береді де олар топырақта шіріп, өнбей қалады. Сонымен қатар, механикалық зақымдау әдісі едәуір шығынды да талап етеді.

Осы орайда біздің институт ғалымдары осы әдісті алмастыра алатын, тұқымдық дәннің өніп шығуын биологиялық жолмен жүзеге асыратын «Фитобацирин» атты тиімділігі жоғары отандық биопрепарат әзірлеп, пайдалануға ұсынып отыр. Оның негізін Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайына бейімделген және целлюлоза ферментін синтездеуге қабілетті арнайы сұрыптаудан өткізілген целлюлолитикалық бактериялар құрайды.

Тұқымдық дәнді себу алдында препаратпен өңдеу дәннің өнуіне кедергі келтіретін сыртқы қалың қатты қабығындағы целлюлозаның ыдырауына әсер етеді. Аталған әдіс дәнді механикалық зақымдау әдісін толығымен алмастырады. Целлюлозаның ыдырауынан дән қабығының жұмсаруы дәннің ұрығы мен эндоспермасына судың және сумен бірге оның құрамындағы еріген минералдық және қоректік заттардың өз дәрежесінде жеткізілуіне ықпал етеді. Тұқымдық дәнді себу алдында «Фитобацирин» биопрепаратымен өңдеу аталған дақылдардың шығымдылығын 80-90 пайызға дейін арттырды. Бұл себуге жұмсалатын тұқымдық дәннің тең жартысына жуығын үнемдеуге мүмкіндік береді. Жалпы, өндірістік жағдайда әр гектарға 18-20 кг. тұқымдық дәндерді себер болсақ, бір килосы орта есеппен 1200 теңге тұратынын ескерсек, әр гектарға кететін шығын шамамен 22-24 мың теңге болары анық. Егер ұсынылып отырған биопрепаратпен өңдеп барып себер болса, 11-12 мың теңге жеке шаруашылықтардың өз пайдаларына қалады.

«Фитобацирин» биопрепаратын қолдану әдісі өте қарапайым әрі қолайлы болып табылады. Мысалы, түйежоңышқа мен жоңышқаның тұқымдық дәндері себу алдында бактерия сус­пензиясымен өңделеді және дән кеуіп кетпес үшін 2-3 сағат аралығында себілуі қажет. «Фитобацирин» препаратымен дәнді өңдеп болғаннан соң, олардың өнімдерін арттыру және азотқа деген қажеттілігін өтеу мақсатында «Ризовит-АКС» препаратымен өңдеу дақылдың тиімділігін арттыра түседі. Яғни, «Ризовит-АКС» препараты өсімдіктердің азотқа деген қажеттілігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар, келесі егілетін ауылшаруашылық дақылдарының азотқа деген қажеттілігін де толығымен қанағаттандырады.

«Фитобацирин» биопрепаратын қолдану экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі қоршаған ортаны қорғау талаптарына толығымен сәйкес келеді. Ағымдағы жылы аталған препарат Қызылорда, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының озат шаруашылықтарында 3,0 мың гектардан астам егістік алқаптарында кең ауқымды сынақтан өтіп жоғары нәтижеге ие болды.

Ауылшаруашылық дақылдарының, оның ішінде жоңышқаның өнімін арттыру мен сақтауда зиянкес жәндіктермен күрес жүргізудің маңызы өте зор. Тәжірибелік байқаулар бойынша, зиянкестер әсерінен алынатын өнімнің 30-40 пайызы шығынға ұшырайды. Соңғы жылдары кең етек жайған өсімдік зиянкестері /фитономус/ жоңышқаның өніміне үлкен зия­нын тигізуде.

Негізінен өсімдіктің зиянкестері (фитономус) жоңышқа егістігінде олардың тамырларында, топырақтың беткі қабаттарында қыстап шығады да, сол жерлерге жұмыртқалайды. Ерте көктемде күн жылына бастаған кезде личинкалары пайда болып, жоңышқаның сабағымен және жапырақтарымен қоректенеді.Сондықтан да жоңышқа дақылының өсіп-өнуіне және де өніміне тікелей зиян келтіретін олардың жаңадан пайда болған личинкалары болып табылады, ал жаз айының орталарында олар толығымен жәндікке айналған кезде егістікке оншалықты зиян келтіре қоймайды. Ал бұл кезең жоңышқа өсімдігінің бірінші орымының аяқталған кездеріне сәйкес келеді. Сондықтан да олардың личинкаларын дер кезінде жою ғана дұрыс нәтиже береді.

Қазіргі кезде фитономус личинкаларына қарсы күрес жүргізуде хлорпирифос, фас­так, дурсбан және тағы басқа химиялық дәрі-дәрмектер кеңінен қолданылады. Алайда, синтетикалық пестицидтерді үнемі жыл сайын пайдалану аталған зиянкестердің препараттарға деген төзімділігін қалыптастырады. Одан өзге, бұл химиялық қоспалардың құрамында уландырғыш қасиеттері болғандықтан, көп жағдайда жануарлар мен адамдардың ағзаларына едәуір зиян келтіріп, орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Оған қоса жоңышқадан дайындалған мал азықтары арқылы да улы химиялық заттардың сиырлардың сүтінде де жинақталатыны дәлелденіп отыр.

Сондықтан да өсімдіктерді зиянкестерден қорғауда бактериалды препараттарға негізделген биологиялық әдістерді қолдану экологиялық, әрі әлеуметтік тұрғыдан маңызды мәселе. Бүгінгі таңда елімізде 800 мың гектардан аса алқапта жоңышқа дақылы өсіріледі және оның көлемі ұлғая түсуі мүмкін, алайда, зиянкестер кесірінен алынатын өнімнің мөлшерінің азаюы дайындалатын құнарлы мал азығының қорына тежеу болып тұр.

Микробиология және вирусология инс­титутының ғалымдары зиянкестерге қарсы микроорганизмдерді зертханада өсіріп, тәжірибелік ізденістерде тиімділігін шыңдап, сол микроорганизмдердің негізінде қолда­нылуға ыңғайлы сапалы бактериалды препаратты өндіріске ұсынды. Сонымен, «Тур­ингин» атты фитономус зиянкестеріне қарсы биологиялық белсенділігі жоғары жаңа отандық препарат өндіріске жол тартты.

«Турингин» препаратын фитономусқа ғана емес, бізтұмсық және колорад жәндіктері сынды зиянкестерге де пайдалануға болады. Зиянкес құрттардың личинкалары мен жәндіктеріне қарсы препаратпен жоңышқа егістік алқаптарын өңдегенде, олардың жапырақтарына жабысқан личинкалары 1-2 тәулік ішінде өз тіршіліктерін тоқтататыны анықталды. Ағымдағы жылы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы шаруашылықтарда 3 мың гектардан астам жоңышқа алқабында жүргізілген өндірістік сынақта «Турингин» биопрепаратымен бір рет өңделген егістіктерде жоңышқаның көк балаусасы 50-60 пайызға, ал екінші рет қолданылған жерлерде өсімдіктің көк балаусаларын толығымен сақтауға болатыны дәлелденді. Сондай-ақ, препаратты қолданғанда қоршаған ортаға және де жан-жануарлар тіршілігі үшін қауіпсіз, әрі зиянсыз екендігі зерттеліп анықталды.

Түйіндей келгенде, институттың ұсынып отырған биологиялық препараттары аталған өңірлердегі топырақтың құнарын, жоңышқа және түйежоңышқа өсімдіктерінің тұқымдық дәндерінің шығымдылығы мен өнімін арттыруға, жоңышқа өсімдігінен алынатын өнімді зиянкестерден сақтап қалуға және жоғары сапалы мал азықтарын дайындауға арналған. Яғни, еліміздің ауыл шаруашылығын дамытудағы өте маңызды мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған.

Аманкелді САДАНОВ,

Микробиология және вирусология институтының бас директоры,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Соңғы жаңалықтар