• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Ақпан, 2021

Арнайы шоттарға аударыла бастады

155 рет
көрсетілді

Өткен айдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге пайдалану немесе басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру құқығын беретін заң жүзінде жұмыстар басталды. Ал 23 қаңтардан бастап азаматтар «Отбасы банкі» арқылы зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім бере бастады. Осынау бастаманың алғашқы нәтижелері кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлім болды.

 

Брифинг барысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов науқанның алғашқы қорытындылары жайлы баяндады. Ол науқанға қаты­сушылар, ең алдымен, өз жинақтарын тек­серіп, жеткілікті шегінен асатын со­маның бар екеніне көз жеткізуі керек еке­нін еске салды. Ақпаратты электронды форматта алуға болады. Оны enpf.kz сай­тында жеке кабинеттен немесе ЭЦҚ пайдалана отырып, мобильді қо­сым­шадан, сондай-ақ telegram бот арқылы және «Азаматтарға арналған электронды үкіметтің» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.

Биыл 5-31 қаңтар аралығында БЖЗҚ-ға түрлі арналар арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме сұрап, 1,2 млн-нан аса салымшы мен алушы жүгінген. Оларға 3,7 млн үзінді көшірме берілді. Бұл ретте азаматтар үзінді көшірменің 96%-ын қашықтан және 4%-ға жуығын БЖЗҚ бөлімшелерінен алды.

«Азаматтар өз шотының жай-күйі туралы ақпарат алып, ең төменгі қажетті жеткілікті сомасынан асатын қаржыны пайдалану туралы шешім қабылдап, өтінім беруге және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселені уәкілетті операторларға «бір терезе» қағидаты бойынша жібереді. БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді. Барлық процесс автоматтандырылған», деді Ж.Құрманов.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ 4 банкпен өзара іс-қимыл туралы келісім жасас­ты. Олар – «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит»АҚ.

25 қаңтарда БЖЗҚ уәкілетті оператор – «Отбасы банкінен» өтінімдер қабылдай бастады. 28 қаңтарда БЖЗҚ-ға «Қазақстан Халық Банкі» уәкілетті операторынан өтінімдер түсе бастады. Осылайша, өтінімдерді қабылдау басталғаннан бастап 30 қаңтарға дейін БЖЗҚ жалпы сомасы 212,6 млрд теңгеге 38 507 өтінімді алдын ала мақұлдады және өңдеуге қабылдады.

«Талдау көрсеткендей, өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себебі – өті­німде көрсетілген сұратылатын сома зей­нетақы жинақтарын алу үшін қолже­тімді сомадан асып кетуі. Қайта беріл­ген өтінімдер болды. БЖЗҚ-да жи­нақтары жоқ салымшылардан жеке­леген өтінімдер келіп түсті. Дұрыс ресім­дел­меген басқа да өтінімдер болды. Сон­дықтан салымшыларға алу сомасы дұрыс болуы үшін ақпаратты мұқият тексеру қажет екенін тағы айтамыз. 2021 жылдың 1 ақпанында БЖЗҚ 25 қаңтарда келіп түскен өтінімдер бойынша төлем жүргізуді бастады. Салымшылардың 8 454 өтінімі бойынша шамамен 49,2 млрд теңге уәкілетті оператор – «Отбасы банкіндегі» арнайы шоттарға аударылды», деді қор басшысы.

106,5 мың қазақстандық «ТҚЖБ24» мобильді қосымшасы және «Отбасы банк» сайтындағы бейнеқоңырау арқылы арнайы ағымдағы шоттар ашты. Enpf-otbasy.kz онлайн-платформасында 81 мың адам біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға өтінім берді. БЖЗҚ 50 519 өтінімді мақұлдады. Бірінші кезең аяқталды. Олардың өтінімдері бойынша арнайы шотқа ақша аударылуда.

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, әлеуметтік желілерді пайдаланушы­лардан келіп түскен көптеген өтініш­терді ескере отырып, банк порталды жаңғырту туралы шешім қабылдады.

«Сирек кездесетін, бірақ өте табанды өтініш болды, бұл – өтінімнің мақсатын түзетуге мүмкіндік беру. Яғни алдымен адам қарызды өтеуге өтініш берген, ал енді ипотекаға жаңа пәтер сатып алғысы келеді. Екінші өтініш – өтінімді жою мүмкіндігі. Көбі ақшаның барын, оның аударылғанын және жыл соңына дейін барлық операцияларды орындай алатынын тексергісі келген. Мұндай мүмкіндік те беріледі. Үшінші ұсыныс – қазірдің өзінде жіберілген өтінімдер, мысалы, қарызды өтеуге, сол өтінімге қосымша өтініш беруші – туысты тіркеу. Біз бұл мүмкіндікті де пысықтап жатырмыз. 10 күннің ішінде ол дайын болады деп ойлаймын», деді банк басшысы.