Жуырда Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы мектептің жайымен танысқанбыз. Бұл ауылда бертінге дейін қазақ мектебі болмаған екен. Ауылдан қазақ мектебін ашу туралы арман ұзақ жылдар бойы кедергіге ұшырай берген-ді. Мұның түрлі себебі болды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұл мақсат орындалған.
Бүгінде ауыл адамдары Түргенде туып, өсіп, еңбек жолын да өз жерінде өрістеткен азамат Абыхан Жексембековтің есімін құрметпен атайды. А.Жексембеков Түрген ауылына әкім болып тағайындалған күннен бастап қазақ мектебін ашудың қамына кірісті. Бұл 1994 жыл еді. Ауыл азаматтарының басын қосқан әкім балабақшадан босаған ғимаратты жөндеуден өткізіп, мектепке лайықтап жабдықтауды қолға алады. Ғимарат мәселесі шешілгенімен, қазақ тілінде оқытатын мұғалім тапшы еді. Іргелес Шелек, Кеген, Нарынқол аудандарындағы білім ордаларына сауын айтып, мұғалімдерді Түргенге шақырады. Осылайша, 1994 жылдың күзінде ауылдағы қазақ мектебінде алғаш рет қоңырау үні естілді. Бұл ауылдағы 1500 отбасының қуанышы ғана емес, үлкен жеңісі де еді.
– Абыхан Аманбайұлы қазақ мектебін ашуға бел шеше кірісті. 1993-1994 оқу жылында «Түрген қазақ орта мектебі» 50 бала, 8 ұстазбен сол кездегі қаңырап бос қалған балабақшаның ғимаратында өз жұмысын бастады. Бұған көп күш кетті. Әкіміміз көрші мектептер мен ауыл-ауылдағы мектептерді аралап, басы артық парта мен орындық, тақта сияқты мектеп жиһаздарын жинап берді. Оқулықтарды жинаудың өзі бір тарих. Абыхан ағамыздың қолқа салуымен Түргенге қоныс аударған 8 ұстаз өздері қызмет істеп кеткен ауылдарындағы тамыр-таныстарын жағалап, біршама оқулықтарды сол жерлерден алып келді. Әрине, бұл айтуға ғана жеңіл, қазір өткен күнді еске алсақ, күлеміз. Шындығында қазақ мектебінің ашылу тарихы осындай қызық және қиын кездерді артқа тастады. Түрген ауылына қандас бауырлардың көптеп қоныстануына және жергілікті халықтардың балаларын орыс мектептерінен ауыстыруына байланысты бала саны артып, балабақша ғимараты тарлық етті. 2000 жылы бұрынғы кәсіптік-техникалық училищенің бос қалған ғимараты қазақ мектебіне берілді. «Берілді» дейміз-ау, бұл да Абыхан Аманбайұлының құзырлы орындарға толассыз хат жазып, босағасын тоздыруымен жеткен еңбегінің жемісі еді, – дейді сол күндерді еске алған мектеп мұғалімі Алтынхан Өзбекова.
Бүгінде Түрген ауылындағы осы мектеп қоғам қайраткері Абыхан Жексембековтің атымен аталады. Ауылдастары өңірдің дамуына өз үлесін қосқан азаматтың аты өшпесін деп, 2015 жылы бірауыздан мәселе көтеріп, оның есімін мектепке беру туралы үндеу жасады. Енді Түрген ауылының өскелең ұрпағы Абыхан аталары ашқан мектепте білім алуда.
– Биыл мектептің құрылғанына 27 жыл толады. Осы жылдарда қаншама шәкірт білім алды, олардың тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүргені аян. Шәкірттер арасында ғылым, білім, ауыл шаруашылығы саласында, министрліктерде жауапты қызмет істеп жүргендері баршылық. Бүгінде мектеп оқушылары облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба байқауларынан жүлделі орындар иеленіп жүр. Мектепте алты жүзге тарта оқушы білім алуда, оларға 58 педагог сабақ береді, барлығы жоғарғы білімді. Оқушыларға білім беру сапасы жылдан-жылға артып келеді, – дейді Абыхан Жексембеков атындағы мектептің директоры Гүлбақыт Қасымжанова.
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы