Алға ауданының орталығындағы Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының директоры Ақшолпан Ізтілеуова бізге қайын атасының жеке мұрағатынан табылған хат туралы хабарлады. Оның айтуынша, 1980-1990 жылдары Қобда аудандық газетінің редакторы болған Мәскеу Шүкірановқа Алматыдан Шолпан Ахметқызы хат жазып, әкесінен оқыған шәкірттер туралы сұрастырған.
«Осы хатты жазып отырған – Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова. Менің әкем Ахмет Байтұрсынов Архангельскіде айдауда жүргенде, сіздің әке-шешеңізбен таныс болған деп естідім. Сол кісінің айтқан сөздерін сенің шешең есінде жақсы сақтаған, өзіңізбен барып, әңгімелесуге денсаулығым кеміс болып отыр. Дәм бұйырса барып, анаңыздың естелігін тыңдасам деймін. Соны білуге құштар болып отырмын.
Ақаң Ақтөбе облысына өте құрметті ғой. Ең бірінші мұғалімдік қызметін Октябрь, Мұғалжар аудандарында бастады. Әкемнің Архангельскіде сіздің ата-анаңызбен дәмдес болғанын маған Ақлепес Нәубетияров жеткізді. Шешеңіздің білетін әңгімесін жеткізсеңіз, өте жақсы болар еді. Келешек ұрпаққа қажетті шындықтар ғой.
Сәлеммен, Шолпан Ахметқызы Байсалова» деп аяқтаған.
Шолпан Ахметқызы 1994 жылы дүниеден өтсе, бұл хат қайтыс боларының алдында жазылған сияқты. Өйткені Ақшолпан Ізтілеуова қайын атасының хатты алып оқығанында, 1993 жылы қайтыс болған анасы Ақтеңгенің естеліктерін жазып алмағанына өкінгенін есіне алды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын аяқтаған соң бірден Ақтөбе уезінің Қарағаш болысының орталығы Батпақтыда ашылған 4 басқыштық мектепте сабақ берген. Ахмет Байтұрсынұлы оқытқан шәкірттердің ұрпақтары Мұғалжар, Алға аудандарында болса, редакцияға хабарласады деген үміттеміз. 1994 жылы жазылған Шолпан апайдың хатына сол уақытта Ақтөбе облысынан ешқандай жауап болмаған.
Ақтөбе облысы