Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) былғары қолғап шеберлерінің қаңтар айына арналған рейтингін жариялады. Жаңартылған рейтингте қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы бірінші орынға көтерілді.
Өкінішке қарай, жуырда ғана бірінші ауыр салмақтағы WBA Regular белдігінен айырылып қалған отандасымыз Бейбіт Шүменов рейтингтен шығып қалды. Ал осы салмақта өнер көрсететін тағы бір қандасымыз Серік Мұсаділов 15-орынға көтерілді.
Екінші орта салмақта WBA International белбеуінің иегері Айдос Ербосынұлы өз салмақ дәрежесіндегі рейтингте бір саты жоғарылап, бірінші орынға жайғасты. Қазіргі таңда бұл салмақтағы әлем чемпионы – кубалық Давид Моррел. Ал WBA суперчемпионы атағы мексикалық Сауль «Канело» Альвареске тиесілі.