Ұлттық академиялық кітапханада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен «Парасат жолы» жобасының таныстырылымы өтті.
Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және қоғам қайраткерлері мен дін өкілдері қатысқан салтанатты іс-шарада екі мемлекеттік орган арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжаттың басты көздегені – Ұлттық академиялық кітапхана базасында ашылған «Парасат жолы» орталықтары арқылы парасаттылық идеологиясын ілгерілету болып табылады. Жаңадан іске қосылған жоба адалдық пен парасаттылықты, ізгілік пен даналықты, әділдік пен қамқорлықты дәріптеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің мәнін түсіндіруге бағытталған. Сондай-ақ мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінбекші.
Ел астанасында 8 қаңтарда ашылған «Парасат жолы» орталығының өңірлік бөлімшелері қазіргі таңда Қазақстанның барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларында, Алматы және Шымкент қалаларында іске қосылған.
Елордалық тәжірибені аймақтарға тарату мақсатында жұмыстарын бастаған өңірлік орталықтар қоғам мен өскелең ұрпақты мәдени, рухани ағарту және тәрбиелеу ошақтары болып табылады.
Ғылыми, шығармашылық интеллигенция және дін өкілдерімен тізе қосып, қоғамда парасаттылық ұғымын сіңіруді мақсат тұтқан «Парасат жолы» орталықтары зиялы қауым, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдері мен жастар үшін ашық диалог алаңына айналғаны анық. Себебі осы алаңда тікелей эфир арқылы көпшілікке жол тартқан «Жұмадағы жүздесу» жобасы әлеуметтік желі пайдаланушылардың оң пікіріне ие болып отыр.
Ауқымды жобаға өз үлестерін қосуға ниет танытқан іс-шараға қатысушылар «Парасат жолы» орталықтарының игі бастамалар мен жарқын істердің ұйытқысы болатынына сенім білдірді.
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»