• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Ақпан, 2021

Құлағында қи қоңыз

1205 рет
көрсетілді

Орал қаласының орталық музейінде ерекше жәдігер – алтыннан жасалған кәдімгі қи қоңыз түріндегі қос сырға сақтаулы тұр. Ол Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы аумағындағы көне Мұқыр обаларының бірінен табылған.

Ғалымдар бұл жәдігердің ХІV-ХV ғасырларға жататынын айтады. 583 сынамалы алтыннан жасалған, салмағы 3,93 граммдық сырға 1974 жы­лы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының профессоры Ғаяз Кушаев басқарған архео­логиялық экспедиция кезінде табылған. «Қоңыздың» іші қуыс, үрленіп жа­салған, ілмек сымы дәнекерленген. Бір қызығы, қи қоңыз түріндегі мұндай сырға бұрын-соңды Қазақстанның өзге жерінен табылмаған екен.

– Ғылыми ортада Scarabaeus (скарабей) деп аталатын мұндай қи қоңыз түріндегі әшекей бұйымдар шығыс елдерінде, мысалы Мысырда ежелгі және орта ғасырлық кезеңде жиі кездескен. Олар бұл жәндікті «Күннің жолын қайталайтын қасиетті жәндік» деп санаған. Өйткені, қи қоңызы тұқымы жетіліп, жарыққа шыққанша, өз «шарын» батыстан шығысқа қарай домалатады. Яғни қоңыз тірі әлемді өмірге қайта әкеледі, көктегі күн тәрізді саяхат жасайды. Скарабей қоңызы аңыздарда Күн құдайының қасиетті жәндігі және Күннің жасампаз күші, о дүниеде өмірге қайта келу белгісі ретінде бағаланыпты, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, музей саласының ардагері Гүлмира Қауланова.

«Ортағасырлық Ніл өзені аймағында киелі саналған жәндік бейнелі бұйымның Еділ мен Жайық өзендері арасынан табылуы – ХІV ғасырда Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген халықтардың Шығыс елдерімен де алыс-беріс, қарым-қатынас жасап тұрғанын көрсетеді», дейді ғалымдар.

 

Батыс Қазақстан облысы