Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы мектеп-гимназияда карантин уақытында көп адам жиналған ұстаздар жиналысы өткен. Бұл жиынды арнайы жасақталған мониторинг тобының мүшелері тоқтатты, деп хабарлайды Egemen.kz
Қызылорда облысында бұл бағытта барлығы 24 мониторинг тобы жұмыс жасайды. Осы мақсатта мамандар тарапынан рейд өткізіліп, 803 нысан қамтылды.
Нәтижесінде, 29 карантин талабын бұзу фактісі анықталды.
Оның ішінде қоғамдық тамақтану орындарында - 20 бұзушылық, үй жағдайында ұйымдастырылған мерекелік-көпшілік іс-шаралар саны - 7, білім беру нысандарындағы карантин талаптарын бұзушылық - 1, медициналық мекемеде - 1 деректі құрайды.
Карантин талабын бұзушылықтың басым бөлігі қоғамдық тамақтану орындарына қатысты анықталған.
Атап айтқанда, 9 кәсіпкерлік субъектісі уақыт шектеуіне қарамастан жұмысын жалғастырған.
Ал 3 нысанның персоналы жеке қорғаныш құралдарынсыз (маска) халыққа қызмет көрсеткен.
Сонымен қатар, шамадан тыс адам жинап, іс-шара өткізу бойынша 8 карантин талабын бұзу фактісі тіркелді.
«Мониторинг топтарының рейд тексерісімен тек кәсіпкерлік нысандар ғана емес, білім нысандары мен емдеу мекемелері де қамтылуда. Рейд барысында жұмысшы топ Қазалы ауданындағы мектеп-гимназияда шамадан көп адам жиналған ұстаздар жиналысын тоқтатты. Сонымен қатар, осы аудандағы дәрігерлік амбулаторияда дене қызуын өлшеу құралын тексеру мен тіркеу журналының жоқ екендігі анықталды. Есепке алынған карантин талабын бұзу фактілері бойынша жалпы сомасы 2 435 695 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды», деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облысында бес күнде 460 адам вакцина алғанын хабарлаған едік.