Жаңа жыл басталғалы бір айдың ішінде елімізде жүзден астам адам жол-көлік апатынан көз жұмған. Отыз бір күнде 900-ге жуық жол апаты болып, соның салдарынан мыңнан астам жолаушы зардап шеккен. Қара жолдағы қайғылы оқиғалардың азаймауына ең алдымен жүргізушілердің жүгенсіздігі мен жауапсыздығы түрткі болып отыр.
Күні кеше Алматы-Бішкек күре жолында тағы бір қаралы дерек тіркелді. Қатты жылдамдықпен келе жатқан жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйел мен оның 8 жасар ұлын қағып өткен. Соққының ауыр болғаны соншалық, ана мен бала сол жерде тіл тартпай кеткен.
Ақпан айының алғашқы күні де Ақмола облысында бес бірдей адам жол апатынан қаза болды. Жеңіл автокөлік пен «КамАЗ»-дың соқтығысынан қаза болғандардың екеуі кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек болса, тағы екі бала ауыр жарақаттармен Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 ауруханаға жеткізілген...
Соңы ауыр қайғымен аяқталған мұндай деректерді тізбектей берсек, жаның түршігеді. Айдың-күннің аманында, ауырмай-сырқамай қыршыннан қиылған, мүгедек арбасына таңылған тағдырлардың тым жиілеп кеткені алаңдатады.
Жылдамдықты асыру мен жаяу жүргіншілердің жауапсыздығы. Жолдағы апаттың жиілеуіне осы екі фактор қазіргі таңда қатты әсер етіп отыр. «Асығыс түбі – қып-қызыл шоқ» екенін, өкінішке қарай, «темір тұлпар» тізгіндегендер тым кеш түсініп жатады. Әсіресе, желіккен жастар жылдамдатқанды жақсы көреді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің хабарлауынша, елімізде жыл сайын 6 млн-ға жуық жол қауіпсіздігі ережесін бұзу дерегі тіркелсе, соның 2 млн-нан астамы жылдамдықты шамадан тыс асыруға қатысты екен.
Қолда бар деректерді сараптап қарасақ, жол апатының үш түрі – жаяу жүргіншілерді қағып кету, көліктің аударылуы мен жолдың қарсы бетіне шығу оқиғаларының көп екенін аңғаруға болады. Мәселен, 2020 жылы 600-ге жуық жаяу жүргінші жолда қаза болған. Әрбір бесінші жол-көлік апаты асыққан жүргізушінің жүгенсіздігінен елді мекендердің ішінде жасалады. Мәселен, өткен жылы 2 мың жол апаты болып, 18 мыңға жуық жолаушы түрлі жарақаттармен аурухана төсегіне таңылған. Осы қаралы сандарға қарап отырып, Мөңке бидің үш ғасыр бұрын айтып кеткен «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деген сөзі еріксіз ойға орала береді.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов: «Қайғылы оқиғалардың көбеюіне жаяу жүргіншілердің жолдағы мәдениетсіздігі де теріс әсерін тигізіп отыр», дейді. Жолды кез келген жерден қиып өтіп, көлік ағыны көп көшеге жүгіріп шығу, бағдаршамға бағынбай, арғы бетке өтуге асығу – міне, арты орны толмас қайғыға ұласып жататын оқиғалардың астарында осындай бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін жауапсыздық жатыр. ІІМ өкілі елімізде болатын әрбір үшінші жол-көлік апатына жаяу жүргіншілердің қатысы барын айтады. Қара жолда қаза болғандардың әрбір төртіншісі – жаяу жолаушылар.
Жүз метр жерді жаяу жүруге ерініп, белгіленбеген жерден көшенің арғы бетіне өтуді әдетке айналдырғандарға әкімшілік жаза күшейтілді. Мәселен, егер сіз көшенің кез келген жерінен кесіп өтсеңіз, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 615-бабына сәйкес екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейсіз. Ал егер осындай жауапсыз істі бір жылдың ішінде екінші рет қайталасаңыз, айыппұл 10 есеге артады. Үшінші рет жол ережесін өрескел бұзсаңыз, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайсыз, яғни 60 мың теңгедей ақшаңыздан қағыласыз немесе үш тәулікке әкімшілік қамаққа алынасыз.
Мамандар автоматтандырылған бейнебақылау камераларының көбеюі жол-көлік апатының алдын алуға айтарлықтай оң әсер еткенін айтады. Өткен жылы ел көлемінде 3,5 мыңға жуық камера орнатылып, осы құрылғылардың көмегімен 2,6 млн жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Бұл елдегі әрбір екінші жол апатының ақ-қарасы автоматтандырылған камералардың көмегімен анықталады дегенді білдіреді. Тағы бір айта кетерлік жайт, «Сергек» секілді бақылау камераларының көбеюі жолдағы апаттылықты азайтып қана қоймай, жаяу жүргіншілерді де тәртіпке келтіре бастаған. Жол сақшыларының сөзімен айтсақ, бақылау камералары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртібін түзетуде тиімділігін дәлелдеп отыр.
Жол апатының тым жиілеп кетуіне кім кінәлі? Жүргізушінің жүгенсіздігі ме? Жолаушының жауапсыздығы ма? Әлде жолдың сапасыздығы түрткі шығар... Мүмкін апаттың алдын алу іс-шаралары тиімсіз болар...
Қалай десек те, қауіпсіздіктің ең басты қағидаты – жолдағы жауапкершілікті естен шығармаған жөн. Себебі, тақтайдай жол да, төбеңнен төнген бақылау камералары да, тіпті, су жаңа «темір тұлпар» да адамның өз өмірі мен өзгенің тағдыры алдындағы жауапкершілігін арқалай алмайды. Жауапты – сізсіз һәм жолдағы әрқайсысымыз!