• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Ақпан, 2021

Мұқағали дауысы

1330 рет
көрсетілді

Мұқағали өлеңдерін оқып отырғанда еріксіз ақынның өз дауысымен, интонациясы – екпінімен, тіпті паузаларымен оқи жөнелетінімізді байқамай қалатынымыз несі екен? Біз, әлбетте ақынның тірі дауысын естіген жоқпыз. Ол дауылдатып жырларын оқып тұрғанда жанында болған жоқпыз. Ал көзін көрген ағаларымыз «қырандай саңқылдап» оқитын дегенде тіпті елти түсеміз.

Құдай-ау деймін, техниканың жарық жылдамдығымен дамы­ған жиырмасыншы ғасыр­дың белортасынан бері қарай да өмір сүріп, өнер тудырған ақын-жазушылардың көбінің таспаға жазылған бейнесі, ра­диоға басылған үні неге көп сақталмады екен. Тіпті өткен ғасырдың арғы жағын­да­ғы Толстойдың «Анна Каренина­дан» үзінді оқитын қоңыр, тұнық даусы мен Есениннің жарықшақтанған, бозбалалық ырғақпен жүректі жұлқып «Говорят, что я скоро стану, Знаменитый русский поэт» деп тұрғанын тыңдаймыз. Сол дауыстан Лев ақсақалдың дүние­ні дәргейіне лайық көр­мес данышпандығы мен жас Сергейдің уақыт өзегін көктей өтетін өмірқұмар болмысын аңдаймыз.

Бақыт деген сәттерден тұрады дейді ғой, сәттерден тұрса, сол сәттің бірі – Мұқағали мен Төлегеннің таспаға түскен дауысын естіген шақ болар. Мақатаевтың кітабын сол тұсқа дейін өз дауысыммен, өзгелер айтқан естеліктер дауысымен оқыдым. Құныға, құмыға оқы­дым. Оның өлеңдері, күн­делігіндегі жазбалар, ол жайлы жазылған және жазыл­май­тын, тек әдеби ортада ғана айтылатын естеліктер, өз ішімде жасап алған ақын образы, бәрі-бәрі қосылғанда менің даусымдағы Мұқағали – өмір ашындырған, қоғам қарайтқан, адамдар ыза­лан­дырған, сатқындық пен опа­сыз­дық, көреалмаушылық пен көпе-көрнеу байқамау­шы­лық, түсінбестік пен мойын­да­мау­шылық, немкеттілік пен жаны ашымастық, қызғаныш пен жалғаншылық жасытқан, күйдірген, жанын ауыртқан, басын қаңғыртқан шерлі, қа­сіре­тті, назалы ақынның азалы, ашынған дауысы еді. Налалы ақынның найзағайдай шарқ ете түскен үні келетін құлаққа. Ал суреттеріне қарасаң, маңғаз, момын, жаймашуақ жан. Бір күні Мұқағалидің өз даусын естідім:

«Қарлығашым, келдің бе,

қаршығадан саумысың?

Аман-есен жеттің бе, айыр

құйрық нау-құсым?

Оралдың ба тағы да өзің

өскен ұяға,

Оралдың ба, сүйіктім, екеуің

де бармысың?»...

О, құдірет! Неткен мейірімді, жұмсақ, қоңыр дауыс! Неткен сонша таныс, сонша бауыр дауыс! Алдыңғылар айтқан айқай қайда? Көкті тіліп түсердей кекті үн қайда? Бәрін жек көр­ген, бәріне өкпелі жанның өксік­ті дауысы қайда?

Мұқағали жайлы жасап алған бүкіл дүнием бір-ақ сәтте тас-талқан болды. Таудан құлап аққан көктем өзендерінің лайланып, қыстың жұртын ша­йып өтіп, көлге барып құйып, аздан кейін тұп-тұнық боп мөлдіреп жататыны бар ғой. Бүкіл қайғысы мен қасіретін, азабы мен дертін жұтып қойып, сонша қатыгез жылдардан сондай мейірімді жырлар тудырған ақын жаны, ақын жүрегі неткен үлкен еді!

Өлеңдер Мұқағалидің өз даусымен басқаша оқыла бас­­тады. Тіпті күнделігіндегі ыза­­лы жаз­ба­лардың өзінің тоңы жіби бастады. Көз алдыма күлім­сі­реген, бәрінен биік тұр­ған, бәрін кешірген, алып жү­рект­і ақынның бейнесі келді.

Дауыс дегеніміз дыбыс­тау мүшелері шығаратын үн, им­пульс­тарға байланысты пайда болатын дыбыс тербелістері ғана емес, дауыс деген – мінез, болмыс, адамның өзі екен. Дауыс – стиль. Ақын дауысы, ұлт дауысы, замана дауысы, дәуір дауысы деген сол екен ғой.

Мұқағали Мақатаевтың дауысы жыл сайын жаңғырып, алып таулардан асқақ естіліп, бүкіл қазақ байтағына тарап жатады. Жыл сайын ақпандатқан боранда ақынның жұмсақ, жылы дауысын естиміз. Сол дауыс – өлең дауысы, өмір дауысы.

 

Арыз жазып кетейін

Бүгін менің туған күнім,

Ой, бәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?!

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,

«Мынау – шапан,

Мынау – атың, мін» демей.

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!

Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?

Халқым,

Сенің қасиетіңді білем деп,

Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!

Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.

…Тойланбаса тойланбасын,

He етейін.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін…

 

 Мұқағали МАҚАТАЕВ

 

Ақын кетіп барады көшеменен

Ақын кетіп барады көшеменен,

Екпінінен бір дауыл еседі ерен...

Жанарында найзағай семсер сілтеп,

Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең!

Жөн-жосықсыз достары даттады ма,

Жөн-жосықсыз дұшпаны мақтады ма,

Әлде жардың қылығы жақпады да –

Бас сауғалап барар жер таппады ма ?

Біреулердің бетке айтып арамдығын,

Біреулердің бетке айтып сараңдығын,

Қызуына көңілдің зарықты да –

Қызығынан өмірдің жалықты ма?...

Шабыт – тұма ашылмай астанасыз,

Тарықты ма күн кешіп баспанасыз?!.

Ұлыларша... ұмытып өз ошағын...

Ойлағанда халқының болашағын –

Қазақ тілін білмейтін қазақтарды

Көріп, бәлкім, ол іштей азаптанды!?

Ал мәңгүрттер деп осы ойың қалай –

Мықтылығын қойды ма мойындамай.

Ақын кетіп барады көшеменен,

Екпінінен бір дауыл еседі ерен...

Жанарында найзағай семсер сілтеп,

Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең!

Аға, түгіл, тыңдамай бала да ақыл,

Орнағандай басына заман ақыр...

Қайран ақын безініп бүгінінен –

Болашаққа адымдап бара жатыр!..

 

Жарасқан Әбдірәшев