Өткен сенбі, жексенбі күндері, яғни екі күн қатарынан Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тағам өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті.
Өткен сенбі, жексенбі күндері, яғни екі күн қатарынан Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тағам өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті.
Осы жәрмеңке болады деген хабарды күні бұрын естіген біз сенбі күні таңғы сағат тоғыз жарымда Астана қаласы әкімдігінің алдындағы сайланған орынға келгенімізде қаз-қатар тізілген сөрелерде самсаған тауарларды, сауданың қызығына беріліп кеткен халықты көріп, біршама таңданып қалдық. Өйткені, дәл осы күні Астананы аяз кернеп тұрған болатын. Оның үстіне әдеттегі сауда орындарының таңғы сағат оннан кейін барып, қимыл-қозғалысқа келе бастайтындығы бар. Демек, шығысқазақстандықтардың жәрмеңкесі өтетіндігін астаналықтар да біз секілді күні бұрын біліп, аязға қарамастан, әкімдік алдындағы алаңға ертерек жиналған. Міне, осыған қарап-ақ шығысқазақстандық ауылшаруашылық құрылымдарының сапалы өнімдерінің ел ішінде брендке айнала бастағандығын байқауға болады.
Біз тілші ретінде өз жұмысымызды осы жәрмеңкені ұйымдастырушылармен жолығудан бастадық. Мұндағы шаруаның басында Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсенбай Селиханов жүр екен.
– Егер сәл шыдасаңыздар осы жерге облысымыздың әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі де келеді. Бұл жәрмеңке сол кісінің бастамашылдығымен ұйымдастырылу үстінде. Демек, негізгі әңгімені де сол кісінің аузынан естігендеріңіз жөн болар. Ал, бізді астаналықтар жаман қабылдап жатқан жоқ. Күннің аязына қарамастан, міне, көріп отырсыздар таңертеңнен бастап-ақ саудамыз қыза бастады, – деді Дүйсекең.
Биыл егіншіліктен жоғары өнімге қол жеткізіп, 1 миллион тонна астық жинаған шығысқазақстандық шаруалар көңілді екен. Осы жәрмеңкенің өзіне жүзден астам қожалық өнімдерін әкеліпті.
Біз осы жерден өзімізге қажетті мәліметтердің біразын алдық. Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының тамақ және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Жәния Мұхамедқалиеваның айтуынша, шығысқазақстандықтар жәрмеңкеге 57 тонна ет, 31 тонна бал, 12,5 тонна өсімдік майын, 6,5 тонна шұжық өнімдерін, 6,2 тонна қымыз, 3,6 тонна сары май мен ірімшік, 6,2 тонна жарма, бұршақ, қарақұмық өнімдерін, 2 тонна құс етін, 3,7 тонна балық өнімдерін, сондай-ақ, бұғыдан алынатын емдік қасиеті күшті панты өнімдерін әкеліпті. Бұл өнімдердің бағасы Астана базарларындағыдан 20 пайыздай арзан екен. Әрі сапасы да көңілдегідей. Сондықтан болар аязға қарамастан сауда жасаушы астаналықтар көңілді.
– Шығысқазақстандық шаруалар биылғы жылы осымен екінші рет Астанаға өз өнімдерін әкеліп саудалап отыр. Олардың бағалары арзан. Сондықтан осы жәрмеңкеде біраз азық-түлік өнімдерін сатып алдық. Осы істі ұйымдастырған Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласы әкімдіктеріне ерекше ризашылығымызды білдіреміз, – дейді қала тұрғыны Райхан Әшімбаева.
Жәрмеңкеден ет, бал өнімдерін сатып алған Данағат Мұратбекұлы да мұндағы бағаның арзандығына өз ризашылығын жеткізді.
Расында да, жәрмеңкені аралап көрген кезімізде бұл жерде сиыр етінің килограмын 800 теңгеге, балықты 200 теңгеге, дүние жүзіне атағы шыққан Алтай балының килограмын бар болғаны 800-900 теңгеге сатып алуға болатындығына көз жеткізіп, риза болып қалдық. Оның үстіне бұл жәрмеңкеде былайғы халыққа таңсық, тек Шығыс Қазақстан жерінде ғана өндірілетін өнімдер де баршылық екен. Мәселен, бұғы мүйізінен жасалынатын панты өнімдерімен қатар, марал еті де саудалануда. Сондай-ақ, жәрмеңкеге шығысқазақстандықтардың қолөнерлік бұйымдары да қойылыпты.
Біраздан кейін жәрмеңкеге Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та келіп, жәрмеңкені аралап көріп, тілшілерге шағын сұхбат берді.
– Астанада мұндай жәрмеңкені ұйымдастыру екі жаққа да бірдей тиімді. Астаналықтар шығыстан келген арзан өнімдерді сатып алғандықтарына ризашылық танытса, екіншіден, біздің шығысқазақстандық шаруалар өз өнімдерін өткізу мүмкіндігіне ие болады. Демек, ауылшаруашылық өнімдерін жарнамалап өткізудің ғасырлар қойнауынан келе жатқан тиімді тәсілі – жәрмеңке мүмкіндіктерін пайдалана білуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Иманғали Тасмағамбетов өз кезегінде Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге Астана тұрғындарының атынан алғысын білдірді.
Расында да, облыс әкімі айтқандай, Астанада екі күн бойы өткен Шығыс Қазақстан облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі бізге береке бастауындай болып көрінді. Осы арқылы өңірлер бір-біріне жақындай түскендей сезілді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».