Әдетте, Алматы облысындағы туризмнің дамуы туралы айтқанда алдымен тіл ұшына Алакөл жағалауы оралады ғой. Әрине, бұл заңдылық. Өйткені көл жағалауындағы демалыс маусымының қызған шағында бұл өлкенің аты әлемге таралады. Алайда туристер қатары сиремейтін табиғаты ерекше аумақтар өңірдің басқа аудандарында да жеткілікті.
Мәселен, Ұйғыр ауданындағы демалыс орындарына келушілердің саны жылдан-жылға өсіп, нағыз демалыс аймағына айналып келеді. Былтыр Қарадала жазығындағы табиғи ескерткіштер мен ыстық су көздеріне келген саяхатшылар саны 62 500 адамға жетті. Нәтижесінде, қызмет көрсетуден түскен табыс көлемі 310 млн 500 мың теңгені құрады. Алақандай аудан үшін бұл аз олжа емес. Ал аумақтың туризмді дамтытып, табысты арттыруға мүмкіндігі бар. Соның бірі ретінде аудан аумағындағы геотермал су көздерінің тартымдылығын айтуға болады. Жер астынан шығатын ыстық судың емдік қасиеті жоғары екені ғылыми негізде дәлелденген. Оның шипасы су құрамының минералдарды қоспаларға бай болуында болса керек. Ал аудан үшін осы жер асты суы жыл он екі ай бойына жұмыс орнын ашып, өңірлік туризмді дамытудың да жаңа мүмкіндігі екені анық. Өйткені бұл жердегі жұмыс, яғни демалыс маусымы қоңыр күзден басталып, күн қатты ыситын жаз айларына дейін қызады екен. Сондықтан шығар, мұнда келушілер легі жыл сайын артып отыр.
– Табиғаттың бұл сыйы – ауданымыздың бағына біткен ырыс қой. Оның үстіне медицинада геотермалды судың ағзаға да, бұлшық ет пен сіңірді қыздыруға да пайдасы зор екені дәлелденген. Демек, дертке дәру, жанға шипа деген сөз. Екінші жағынан, табыс көзі. Осы өңірге келіп тыныққандар шетел асып, ақшаны сыртқа шашқанша елімізде демалып, экономиканы нығайтқан әлдеқайда артық екенін айтады. Мұндағы демалыс орындары жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Жақында аудан әкімінің есебінде өңірде тағы да бірнеше ірі қонақүй мен демалыс орындары қолданысқа беріледі деп айтылды. Яғни елдің жағдайы бұдан әрі жақсара түсетініне сенімдіміз, – дейді Ұйғыр ауданы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ноғайбек Дәуренбеков.
Айтса айтқандай, ауданда осы табиғи су көздерінің айналасында ғана үлкенді-кішілі ісін дамытып, келушілерге қызмет көрсетіп отырған демалыс орындарының саны 53 нысанға жетіпті. Бәсекеге қабілетті болуы талабы күшейген қазіргі кезеңде бизнестің мұндай түріне қойылатын талаптың қатал екені түсінікті. Демек, күн тәртібінде өңірдің негізгі туристік тартымдылығына айналған ыстық су көздерін пайдалану арқылы табыс тауып, жұмыс орнын көбейтіп қана қоймай, заманауи туристік мәдениет пен қызмет көрсету ортасын қалыптастыру міндеті тұр. Бұған қоршаған ортаны қорғау мен инфрақұрылымды дамыту сияқты негізгі талап қосылады. Діттеп келгенде Ұйғыр ауданы аумағындағы геотермалды су қорының маңызы әлі де артып, әлем деңгейіндегі демалыс орындарының қатарына қосылатын кезең келе жатқандай. Әрине, оған мемлекеттің де мүдделі болып, нақты қолдау көрсетуі қажет-ақ.
Жалпы, ауданда туризмді дамытудың ыстық су көздерінен де басқа мүмкіндігі жеткілікті. Мәселен, Қарадалаға табаны тиген адамның жол бойындағы Шарын шатқалы мен Ерен тоғайға соқпай кетуі сирек. Әрі бұл екі табиғи орын да қалыптасқан туристік нысан қатарына жатады. Бұл іспен қазір Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі айналысуда. Ұлттық парк құрамына Шарын шатқалы, Қамалдар мен аңғарлар, Үлкен Бұғыты тауы және Сарытоғай, Ерен тоғайы сияқты табиғи демалыс аумағы кіреді екен. Әрине, мекеменің негізгі міндетіне табиғи кешендерді қорғау, сақтау, зерттеу және қалпына келтіру, ғылыми жұмыстарды жүргізу, сонымен қатар экологиялық ағарту жұмысын ұйымдастыру мен қоршаған орта туризмін дамыту да кіреді. Бүгінде парк аумағына арнайы келетін адамдар үшін 4 туристік бағыт жасалған. Жалпы ұзындығы 49 шақырымға созылатын бұл маршрут бойынша Шарын шатқалын, сол маңдағы ескі бейіттер мен қорғандарды, әлемде сирек кездесетін өсімдіктер дүниесі сақталған Ерен тоғайды көріп, аралап шығуға болады. Қазір бұл туристік маршрут бойында 3 қонақүй, балалар лагері және арасан кешені жұмыс істейді. Жаз маусымында жолаушы түнеп, демалатын 52 киіз үй тігіледі. Ұйымдастырушылар автотұрақ, көріністі тамашалау алаңы сияқты қажетті дүниелерді салып, ыңғайлы қызмет көрсетуге бейімделуде.
Дүние жүзі бойынша дәл осы Шарын тектес шатқал Солтүстік Америкада ғана бар. Сол себептен алып даладағы терең құзды көріп, тамашалауға ел ішінен бөлек, шетелден де адамдар легі жиі келеді. Ал Ерен тоғайы туралы әңгіме тіптен бөлек. Деректер бұл Ерен тоғайы сонау неоген кезеңінен сақталып қалған табиғат сыйы екенін айтады. Таңғажайып тоғайды картадан іздегендер Іле өзенінің сол жақ саласы мен Шарын өзенінің ортаңғы ағысының тұсынан, Сарытоғай ауылының маңынан тауып, көре алады. Тек, бұл кереметті көзбен көру керек. Ерен тоғай Қазақстандағы өсімдіктер дүниесінде өте сирек кездесетін, реликті ағаш түрлерінің шоғырланумен ерекшеленеді. Мұнда ондай ағаштың үш түрі: Іле жидесі, Іле бөрі қарақаты және шаған ерені өседі екен. «Шаған ерені – зәйтүн тұқымдасының шаған туысына жататын, өте ылғал сүйгіш ағаш. Бұл ағаштар өзен арнасына жақын өседі, аумағы 5 014 гектар жерді алып жатыр. Ал соғды ерені немесе шағаны Қазақстаннан басқа тек Америка құрлығында, Невада штатындағы Гранд шатқалында өсетін, жойылып бара жатқан, аса ыждағаттылықпен қорғауды қажет ететін ағаш түрі» дейді бұл жайында ғаламтордағы танымдық деректер.
Алматы облысы