Атырау қаласының іргесінде бірнеше елді мекен бар. Соның бірі – Томарлы. Жақында осы ауылда тігіншілікке оқытатын орталық ашылды. Оған қажетті орынды Атырау қаласының әкімдігі ұсынды. Ал тігін машиналарын облыстық мәслихаттың депутаты, «Азаматтық Альянс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлібек Семғалиев сатып алып берді.
Мұндай орталық кішкентай балаларын тәрбиелеп отырған, мүмкіндігі шектеулі әйелдерді жұмыспен қамтуға жол ашады. Кейін олар өз кәсібін ашып, отбасылық бюджетіне табыс түсіретін қадам жасайды, дейді Әлібек Семғалиев.
Аталған орталық жетекшісі Гүлсім Биташеваның айтуынша, тігіншілік курсына 15 әйел жазылыпты. Оның ішінде үш әйел – ІІ топтың, бір әйел – ІІІ топтың мүгедегі. Үшеуі – көп балалы ана. Олар тегін дәріс алады.
– Қазір киім тігу де бизнестің бір түріне жатады. Өйткені бұл – шығармашылық, дизайнерлік идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл қызмет түрі табыс табудың көзі бола алады. Мұнда әйелдер отбасы мүшелері үшін қажеттің бәрін тігуді үйренеді. Киімнің түрлерін пішу де, тігу де – ынталы жанның қолынан келетін іс. Қазақтың ұлттық киімдерін заман талабына сай жаңартып тігу тәсілін меңгереді, – дейді Г.Биташева.
Атырау облысы