• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Ақпан, 2021

Алматы маңынан табылған археологиялық артефактілер тұрғындар назарына ұсынылды

718 рет
көрсетілді

Ерте ғасырлардың құпиясын қойнауына бүккен Алматы шаһары көне жәдігерлердің мекені. Археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған Алатау баурайындағы әсем қала жәдігерлері бүгінде музейлердегі зерттеу жұмыстарының нысанына айналып отыр.

Жақында Алматы музейінде «Жәдігер жауһарлар» жобасы аясында youtube-бағдарламаның таныстырылымы өткен болатын. Бағдарламаға «Алматы маңынан табылған археологиялық артефактілер» көрмесі арқау болды. Қаланың Мәдениет басқармасының тапсырысымен жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған бірегей құнды экспонаттар осы көрмеге қойылып, қала тұрғындарының назарына ұсынылған-ды.

«Жәдігерлер Қазақстанның ежелгі тұрғындарының материалдық және рухани мәдениетін бейнелейтін ғылыми және мәдени тарихи құндылыққа ие ерте темір дәуірінің ескерткіштері болып табылады. Қара тұрғындары мен қонақтары бұл көрмені осы жылдың 15 ақпанына дейін таламашалай алады», – дейді музей директорының ғылым жөніндегі орынбасары, тарихшы Сержан Саров. Көрме барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев, археолог Бауыржан Бесетаев, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері Ералы Ақымбек қатысып, көрмеге келушілердің, сонымен бірге студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Ерте ғасыр куәсіндей болған жәдігерлер қатарында ерте темір дәуіріне тиесілі  алтын жапсырмалар, Медеу мұз айдынының шығысынан табылған орта ғасырлық жәдігерлер, Жетісу, Қастек қалашығына тиесілі көптеген бұйымдар бар. Темір қазанның бүйірі, қайшы, пышақ, апқы басы, кетпен, таға, шыны ыдыс, табақша, қола қазанның сынығы, сүйек таяқшалар, шырағдан, жазу құралы, тағы да басқа жәдігерлер дала мәдениетінің сол дәуірге тән ерекше көріністерін көз алдыға әкелгендей әсерге бөлейді.