Бұған дейін жергілікті бюджеттің спортты дамытуға бөлген 70-80 пайыз қаржысына «қол сұғып», өзге де спорт түрлеріне бөлінетін ақшаға ортақтасып келген өңірдегі футбол клубтарының «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірі енді келмеске кетті. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылдан бастап отандық футбол клубтарын мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен қаржыландыру 50 пайызға қысқартылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен қыруар қаржы тиімсіз жұмсалуда. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», деген болатын.
Өйткені бұған дейін отандық футболға өте көп көлемде қаржы бөлінгенімен, ел футболының әлі күнге дейін көсегесі көгерген жоқ. Әріге бармай-ақ кейінгі бір жылдағы Қазақстан Премьер-лигасындағы командалардың мемлекет бюджетінен алған қаржысына тоқталып өтейік. Мәселен, отандық футбол командаларының былтырғы бюджеті мынадай болған: «Ордабасы» – 6 млрд 250 млн, «Қайрат» – 4 млрд 900 млн, «Ертіс» – 3,8 млрд (банкрот деп танылды), «Тобыл» – 3 млрд 250 млн, «Жетісу» – 3 млрд 186 млн, «Қайсар» – 2 млрд 637 млн, «Шахтер» – 2 млрд 580 млн, «Оқжетпес» – 1 млрд 526 млн, «Тараз» 1 млрд 421 млн, «Каспий» – 1 млрд 30 млн, «Қызылжар» – 912 миллион теңге. «Астана» клубының былтырғы бюджетінің нақты сомасы әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, елорда командасын «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыратынын айта кетейік.
Яғни орта есеппен жыл сайын футбол командаларына мемлекеттік бюджеттен 30 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп отырған. Ал былтыр жыл соңында Мәжілістің жалпы отырысында қаралған дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша кәсіби спорт клубтарын ұстауға мемлекеттен 55,5 млрд теңге бөлінгенін айтқан еді.
«Кәсіби клубтарға 55,5 млрд теңге, оған қоса «Астана» президенттік кәсіби спорт клубына 27 млрд теңге бөлінеді», деп мәлімдеді Райымқұлова.
Ал биылғы жағдай бойынша клубтардың нақты бюджеті әлі ресми бекітілген жоқ. Алайда бейресми мәліметтерге қарағанда, клубтардың бюджеті әжептәуір азайғанын байқаймыз.Мәселен, «Ордабасы» клубының бюджеті 3 млрд-қа қысқарып, 3 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ былтырғы ел чемпиондары «Қайрат» – 1 млрд (демеушілік қаржыны есептемегенде), «Тобыл» – 1 млрд 750 млн, «Атырау» – 1 млрд 700 млн, «Қайсар» – 1 млрд 600 млн, «Тараз» – 1 млрд 500 млн, «Каспий» – 1 млрд 400 млн, «Қызылжар» – 1 млрд, «Шахтер» – 800 млн, «Жетісу» – 800 млн, «Ақтөбе» – 800 млн, «Тұран» – 800 млн, «Ақжайық» – 652 млн теңге.
Әрине, бұл ресми мәлімет емес. Десек те, алдағы уақытта клубтардың бюджет цифрында пәлендей өзгеріс болмайтыны анық. Бәлкім, кей клубтардың бюджеті жоқ дегенде 500 млн-ға дейін өсуі мүмкін. Бірақ 1 млрд-тан аспайтыны анық.
ҚПЛ клубтарының жағдайы «нашарлағанын» былтырғы біріншілікте команданың қозғаушы күшіне айналған бірқатар үздік легионерін команда құрамында ұстап қала алмағанынан-ақ аңғаруға болады. Бұған дейін ел чемпионатында алты мәрте топ жарып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне, Еуропа лигасының плей-офф сатысына дейін жеткен елорданың «Астана» клубы айналдырған екі айдың ішінде ҚПЛ-да бір команда жасақтап шығаратындай ойыншыларымен қош айтысты. Атап айтар болсақ, қорғаушылар Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Урош Радакович (Сербия), жартылай қорғаушылар Юрий Перцух, Дидар Жалмұқан, Иван Маевский (Беларусь), Рунар Мар Сигурьонссон (Исландия) және шабуылшылар Алексей Щеткин мен Пиерос Сотириу (Кипр) командадан кетіп үлгерді. Сондай-ақ 10 жыл бойы команданы алға сүйреп, жергілікті жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған қақпашы Ненад Эричтің де командамен келісімшарты аяқталған. Клуб басшылығы оған карьерасын аяқтап, қақпашылар жаттықтырушысы қызметін ұсынғанымен, сербиялық футболшы әлі де өзінің тың екенін, тағы 1-2 жыл қақпа күзетуге күші жететінін айтып, бапкерлік жұмысқа келісімін бермей жатқан көрінеді. Командадан осындай тәжірибелі ойыншылар кеткенімен, «Астана» жаңа ойыншылар алуға асығар емес. Бәлкім, басшылық алдағы ел біріншілігінде клуб тәрбиеленушілеріне мүмкіндік бергенді жөн көрген болар. Өйткені «Астана» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына бір топ жас футболшыларын ала кеткен болатын.
Сонымен қатар былтыр күміс жүлдені қанжығасына байлаған Қостанайдың «Тобылы» да бірталай шетелдік футболшыларына рахметін айтып, шығарып салды. Енді қорғаушы Арман Оганесян (Армения), жартылай қорғаушылар – Ника Квеквескири мен Джаба Канкава (екеуі де – Грузия), Петрос Аветисян (Армения), шабуылшылар – Роман Муртазаев пен Сенин Себаи (Кот-д’Ивуар) бақтарын шетелдің командаларынан іздеуде. Сондай-ақ «Ордабасы» клубынан жартылай қорғаушы Зиги Бадибанга (Бельгия), «Қайсардан» шабуылшы Элгужа Лобжанидзе (Грузия), «Тараздан» Кларенс Битанг (Камерун) және тағы басқа бірнеше клубтың шетелдік ойыншылары келісімшартын үзген.
Қазіргі таңда футбол клубтарының бюджетін қысқарту мәселесі қоғамда кең талқыланып жатыр. Мамандар тарапынан әртүрлі сын-пікірлер айтылып, қазақ футболының келешегіне алаңдап жатқандар да бар. Дегенмен, футбол сарапшысы Ербол Қайыров Қазақстан Футбол федерациясы мен Кәсіпқой лига басшылары Президенттің пәрменін күтпей-ақ бюджетті қысқартуды бірнеше жыл бұрын-ақ өздері қолға алуы керек еді дейді. «Себебі қазіргі таңда клубтарды негізінен футболдан хабары жоқ адамдар басқарып отыр. Олар мемлекеттен бөлінген қаражатты инфрақұрылымға, не болмаса, балалар және жасөспірімдер футболына жұмсағанды құп көрмейді. Басты мақсаты – ҚПЛ-дің турнир кестесінде жоғары орындардан көріну, тым болмағанда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу, сөйтіп жергілікті әкімнің көңілінен шығып, келесі жылы да тәуір бюджет алу. Сондықтан олар басқа мәселеге бас ауыртқысы келмей, тек нәтиже көрсету үшін күреседі. Алайда мемлекеттен бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен азайтып, командаларды жартылай жекелеген демеушілер мен меценаттарға беру керек. Оларға қолайлы жағдай жасап, футболға деген қызығушылығын оятса, бар мәселе тез шешіледі деп ойлаймын. Себебі футбол – бизнес. Мемлекет тарапынан демеушілерге де қолдау болуы қажет. Сондай-ақ мемлекет футбол туралы заң қабылдап, керек емес жобаларға қыруар ақшаны құйғанша, футбол инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлгені жөн. Өйткені жаңа стадиондарсыз футболымыздың деңгейін көтере алмаймыз», дейді сарапшы.
Ербол Қайыров бюджеттің қысқаруы көп командаға оң әсерін тигізетініне де сенімді. Өйткені жыл сайын әкімдіктен қаржының бөлінгенін күтіп, «алма – піс, аузыма – түс» деп күтіп жататын басшылар енді компаниялармен тығыз байланыста болып, қаржы табудың амалын қарастырады. Тіпті клубтар маркетинг пен PR бөлімдеріне көбірек көңіл бөліп, стадиондарға көрермен жинап, қосымша табыс табу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алатын болады.
Сонымен қатар сарапшы бюджеттің қысқаруы ұлттық құрама ойындарына да оң әсерін тигізетінін айтты.
– Қазірден бастап осы шешімнің ұлттық құрама үшін жақсы жағын көріп отырмыз. Себебі ұлттық құраманың негізгі ойыншылары шетелдік командаларға ауысып жатыр. Олардың ішінде Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко және Алексей Щеткин бар. Бұрынғы клубы оларға жоғары жалақыны төлей алмайтын болғандықтан, футболшылар көрші елдерде өз бақтарын сынап көруге бел буған. Қазіргі сәтте елімізде жоғары жалақы тек «Қайратта» ғана төленеді, сондықтан ұлттық құрама ойыншылары шетелдерден түрлі ұсынысты қарастыратын болады. Беларусь, Армения, Польша, Балтық жағалауы елдерінде қазақстандық футболшылардың қатары аз емес. Енді олардың саны бұдан да арта түседі. Бұл жастар (U21) және ұлттық құрама үшін де өте жақсы. Себебі халықаралық тәжірибе біздің құрамаға пайда әкеледі деген ойдамын. Оның үстіне, бүгінде ЕАЭО елдерінің футболшылары бір-біріне легионер саналмайды.
Ал спорт журналисі Асқар Хамиден футбол клубтарының қысқарған қаржысына мемлекет тарапынан заң арқылы бағдарлама жасалып, ең болмағанда клубтарға өзінің базасын салуды міндеттеу және стадиондарын толықтай УЕФА талабына сай етіп жөндеуден өткізу керек деп есептейді. «Қазіргі таңда елімізде халықаралық ойындарды өткізе алатын, шетелдіктерге ұялмай көрсете алатын үш-ақ стадионымыз бар. Біріншісі – елордадағы «Астана-Арена», екіншісі – Алматыдағы «Орталық стадион» және үшіншісі жуырда ғана пайдалануға берілген Түркістандағы «Түркістан-Арена». Қалған 11 клуб алаңының сапасы сын көтермейді. Оны елге келген шетелдік бапкерлер үнемі айтып жатады. Бірақ бұл сөздерді біздің футбол командаларының басшылығы мүлде естімейді. Дәлірегі, естігісі келмейтін шығар. Сондықтан сол үнемделген ақшаға клубтардың стадиондарын, инфрақұрылымын жақсартып алуға болады. Осындай мәселелер заң аясында шешілмесе, тек бюджет қысқартқаннан ешқандай пайда жоқ. Егер клуб стадионын жөндеп, балалар академиясын жолға қойып, футбол базасын салатын болса, алдағы 5-10 жылда командалар үкіметке алақан жаймай-ақ өз алдарына күн көріп кете алар еді. Ақыры өзгеріс жасайды екен, енді заң аясында клубтардың база салып, стадион жаңартқанын қадағалау керек деп есептеймін», дейді Асқар Хамиден.
Қорыта айтқанда, футболды дамыту клубтардың қаржысын қысқарту немесе көбейтумен есептелмейді. Егерде футболда барлық мәселені ақша шешетін болса, мұнайдың үстінде отырған Араб елдері бүгінге дейін әлем чемпионатының бас жүлдесін ешкімге бермейтін еді. Тек бөлінген бюджетті тиімді әрі нақты істерге жұмсаса ғана футболымыз алға озатыны анық.