Академик-тарихшы Манаш Қозыбаев «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылғы 8 мамыр күнгі санында: «1941-1945 соғыс жылдары республикадан 1 196 164 адам қару асынып майданға аттанса, еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді, 96 638 қазақ жауынгері майдан даласында ерлігі үшін орден-медальдармен наградталды, 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанса, олардың 97-сі қазақ халқының өкілі болды» деп жазса, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеген белгілі ағылшын жазушысы әрі публицист Александр Верт «Ресей 1939-1945 жылдардағы соғыста» атты көлемді кітабында: «Қызыл Армияның ең ержүрек жауынгерлері Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының өкілдерінен шықты, оның ішінде қазақтар ерлігі ерекше көзге түсті» деген деректі айтады.
Майдан шебінде ерлік көрсеткен қазақтар арасынан әскери жоғары шен «генерал» атағына қол жеткізген тұлғалар да болды. Атап айтсақ, солардың бірі – генерал-майор Шәкір Жексенбаев. Биыл осы қазақ генералының туғанына 120 жыл толып отыр.
Алғаш ауыл мектебінде білім алып, тіршілік тауқыметін тарта жүріп, есейген бұл тұлға 1977 жылы қыркүйек айында өз қолымен жазған өмірбаянында: «1901 жылы 28 ақпан күні Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысы, Орда ауданы Шоңай ауылында тудым. Әкем Айталы Жексенбаев пен анам Жәмила Жексенбаева қарапайым шаруа адамдар еді. Әкем 1935 жылы, анам 1959 жылы қайтыс болды...» депті.
Қазақ генералының өмір-тарихын көктей шолып айтар болсақ, 1919 жылы өз өтінішімен І Үлгілі Қырғыз (Қазақ) атты әскері қатарына қабылданып, көп кешікпей Орынборда ашылған командирлер курсын тәмамдаған. Одан соң І Қазақ кавалериялық дивизионында взвод басқарады. 1920 жылы Қазақ өлкелік әскери-революциялық комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Жұмысшы-шаруа қызыл әскер академиясына оқуға барады. 1925 жылы академия басшысы Фрунзенің қолынан үздік оқу бітіргені жайлы куәлік алады. Соғыс жылдары бұл академияны бітірген курсанттар ішінен 20 адам әскери ең жоғарғы атақ «маршал» дәрежесіне қол жеткізсе, 700-ге жуық Кеңес Одағының Батыры шығыпты.
Қазақ өлкелік комитеті республика астанасын Орынбордан Қызылордаға көшірген 1925 жылы Жексенбаев Қазақ АКСР Әскери Комиссариатының дайындық бөліміне басшылық жасады. 1928 жылы Белоруссия округі 37-ші атқыштар дивизиясының 110-шы полкында штаб бастығы қызметін атқара жүріп бір жылдық жоғары Химия әскери академиясында білім алады. Осыдан кейін Қызыл Армияның әскери-химия саласы бойынша белді маманына айналды.
Әуелгі қызметін Украинада химия батальонының командирі болып бастаған ол кешікпей қосынын бастап Қиыр Шығыста К.Рокоссовский басқарған дивизияның құрамына қосылады. Ш.Жексенбаевтың әскери химик ретіндегі қарым-қабілетіне тәнті болған К.Рокоссовский оны полковник шеніне дейін көтеріп, 1940 жылы Калининдегі әскери училищеге батальон командирі етіп жіберді.
Кешікпей соғыс басталды. Туған еліне демалысқа келе жатқан Жексенбаев соғыс басталғанын пойыздың ішінде естиді де, ауылына барудан бас тартып майдан шебіне тартады. Қиян-кескі майдан басталғанда ол Батыс майданы химиялық қорғаныс бөлімі бастығының аға көмекшісі, кейін Орталық майданда химиялық қорғаныс бөлімінің қызметкері, Оңтүстік-Батыс майданы үшінші Брянск әскерінде химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы міндетін абыройлы атқарады. Яғни, майданның нағыз қауіпті жерлерінде міндет жүктеп, алғы шепте жүреді.
Запастағы генерал-майор Махмут Телегусов өзінің естелігінде, соғыс басталған тұста Кеңес әскерлері үздіксіз шегінумен болды да, жау қолында қалып бара жатқан үлкен қоймаларды жойып жіберу қажеттілігі туындады. Ол үшін аса қуатты химиялық жарылғыштар қажет болды. Сөйтіп Жексенбаев бастаған мамандар жанармайдың түрлі қосындысы толтырылған шөлмек жасап шығарды. Бұл химиялық қару Кеңес әскерлері үшін жаудың бетін қайтарудың бірден-бір құралы болды. Айталық 1943 жылы 6 мың танк, 4 мың ұшақ, 2 миллион адам қатысып, 49 күнге созылған атақты Курск шайқасында алғаш рет неміс әскеріне осы қару қолданылып, күйрете соққы берілді. Дыбыстық және түтінді шашкалар, артиллериялық снарядтар, миналар мен ампулалар түнгі уақытта «У-2» ұшағымен жаудың алғы шебіне, қару-жарақ базаларына тасталып олардың есін шығарды, деп жазады.
Орталық майданның бас қолбасшысы маршал К.Рокоссовский Шәкір Жексенбаевты Курск майданында сіңірген еңбегін жоғары бағалап, қазақ азаматы жайлы Кеңес Армиясы Бас әскери шаруашылық басқармасына жолдаған жауынгерлік мінездемеде: «Брянск майданы химиялық қорғау бөлімінің бастығы полковник Шәкір Жексенбаев жолдас саяси сауатты, адамгершілігі мол, жігерлі, өз бетімен дұрыс шешім қабылдай білетін таңдаулы командир. Өз ісіне жауапты және жолдастыққа адал. Қоғамдық және партиялық жұмыстарға белсенді араласады. Денсаулығы мықты әрі шыдамды», деп жазылған.
Кейін маршал К.Рокоссовский «Солдатский долг» атты кітабында: «Майдан барысында ең қауіпті нүктелерге отқаруларды (огнемет) және жарылғыш бөтелкелерді орналастырып, солдаттарды химия мамандары жасаған жарылғыш заттармен қаруландырып, мықты қорғаныс шебін құрдық» десе, кейінгі жылдары тұлғаның әскери қызметі жайлы зерттеген Сансызбай Сейтақанов ағамыз: «Маршалдың кітабында айтылған жарылғыш бөтелке («Бутылочный пара») дейтін химиялық жарылғышты жасап шыққан қазақ азаматы Жексенбаев болатын. Бұл қоспаның ерекшелігі танктің зеңбірек оғы өтпейтін шойын темірді қыздырып жібереді екен», дейді.
Жоғарыдағы жетістіктерінен кейін Жексенбаевты Брянск майданының бас қолбасшысы, генерал-полковник Макс Рейтер 1943 жылы 10 мамыр күні жоғары әскери атаққа ұсынады. Полковник Шәкір Жексенбаевты Бас штаб Мәскеуге шақырып химиялық қару маманы ретінде есебін тыңдайды. Дәл есеп беріп тұрған сәтінде радиодан атақты Юрий Левитанның «Әскери-химия маманы Шәкір Жексенбаевқа генерал-майор атағы берілді», деген рухты үні естіледі. Бұл 1943 жылы қазан айының 14 күні болатын.
Неміс фашистері тізе бүккеннен кейін Жексенбаев майдан даласын химиялық қару қалдықтардан тазарту ісіне атсалысады. Одан кейін 1945 жылы 7 қараша күні Қызыл алаңда өткен атақты шеруде химия полкын генерал-майор бастап сап түзейді. Шәкір ағаның әріптестермен бірге полк бастап шеруге шыққалы тұрған сәттегі фотосы сақталған.
Соғыстан кейін қазақ генералы Одақтың жоғары әскери оқу орындарында ұстаздық еткен. Атап айтсақ, Мәскеудегі К.Ворошилов атындағы Химиялық шабуылдан қорғану әскери академиясында факультет бастығы, В.Куйбышев атындағы Әскери инженерлік академиясында кафедра меңгерушісі, аға оқытушы, сондай-ақ Бауман атындағы Жоғары техникалық училищеде, И.Лихачев атындағы Мәскеу автомобиль зауытының жоғары техникалық училищесінде ұстаз болғаны белгілі. Бұл қызметін 1971 жылға дейін жалғастырады.
Қазақ даласында жаңа заман орнауына еңбек сіңіріп, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысына қатысып, әскери химияның майталман маманы ретінде Ленин, төрт мәрте «Жауынгерлік Қызыл ту», «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», т.б. орден-медальдарымен марапатталған қазақ генералы 1988 жылы 23 ақпанда өмірден озды. Артында мұра болып 1985 жылы жарық көрген «И горек дым войны» («Соғыстың ащы түтіні») атты құнды еңбегі қалды. Жалғыз ұлы Олег Жексенбаев медицина ғылымдарының докторы атанса, 1954 жылы туған немересі Марина Мәскеуде тұрады.