• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Таным 12 Ақпан, 2021

Генерал (Шәкір Жексенбаевтың туғанына – 120 жыл)

1274 рет
көрсетілді

Академик-тарихшы Манаш Қозыбаев «Егемен Қазақстан» газетінің 1993 жылғы 8 мамыр күнгі санында: «1941-1945 соғыс жылдары республикадан 1 196 164 адам қару асынып майданға аттанса, еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді, 96 638 қазақ жауынгері майдан даласында ерлігі үшін орден-медальдармен наградталды, 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атан­са, олардың 97-сі қазақ халқының өкілі болды» деп жазса, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеген белгілі ағылшын жазушысы әрі публицист Александр Верт «Ресей 1939-1945 жылдардағы соғыс­та» атты көлемді кітабында: «Қызыл Ар­мияның ең ержүрек жауынгерлері Қазақ­стан мен Орталық Азия халықтарының өкіл­дерінен шықты, оның ішінде қазақтар ер­лігі ерекше көзге түсті» деген деректі ай­тады.

 

Майдан шебінде ерлік көрсеткен қазақ­тар арасынан әскери жоғары шен «генерал» атағына қол жеткізген тұлғалар да бол­­ды. Атап айтсақ, солардың бірі – генерал-майор Шәкір Жексенбаев. Биыл осы қа­зақ генералының туғанына 120 жыл толып отыр.

Алғаш ауыл мектебінде білім алып, тір­­шілік тауқыметін тарта жүріп, есейген бұл тұлға 1977 жылы қыркүйек айында өз қолымен жазған өмірбаянында: «1901 жылы 28 ақпан күні Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысы, Орда ауданы Шоңай ауылында тудым. Әкем Айталы Жексенбаев пен анам Жәмила Жексенбаева қарапайым ша­руа адамдар еді. Әкем 1935 жылы, анам 1959 жылы қайтыс болды...» депті.

Қазақ генералының өмір-тарихын көк­тей шолып айтар болсақ, 1919 жылы өз өті­нішімен І Үлгілі Қырғыз (Қазақ) атты әскері қатарына қабылданып, көп ке­шік­пей Орынборда ашылған командир­лер курсын тәмамдаған. Одан соң І Қазақ кавалериялық дивизионында взвод басқарады. 1920 жылы Қазақ өлкелік әскери-революциялық комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Жұмысшы-шаруа қызыл әскер академиясына оқуға барады. 1925 жылы академия басшысы Фрунзенің қолынан үздік оқу бітіргені жайлы куәлік алады. Соғыс жылдары бұл академияны бітірген курсанттар ішінен 20 адам әскери ең жоғарғы атақ «маршал» дәрежесіне қол жеткізсе, 700-ге жуық Кеңес Одағының Батыры шығыпты.

Қазақ өлкелік комитеті республика астанасын Орынбордан Қызылордаға көшірген 1925 жылы Жексенбаев Қа­зақ АКСР Әскери Комиссариатының дайын­дық бөліміне басшылық жасады. 1928 жылы Белоруссия округі 37-ші атқыштар диви­зиясының 110-шы полкында штаб бастығы қызметін атқара жүріп бір жылдық жоғары Химия әскери академиясында білім алады. Осыдан кейін Қызыл Армияның әскери-химия саласы бойынша белді маманына айналды.

Әуелгі қызметін Украинада химия ба­тальонының командирі болып бастаған ол кешікпей қосынын бастап Қиыр Шығыста К.Рокоссовский басқарған дивизияның құрамына қосылады. Ш.Жексенбаевтың әскери химик ретіндегі қарым-қабілетіне тәнті болған К.Рокоссовский оны полков­ник шеніне дейін көтеріп, 1940 жылы Ка­лининдегі әскери училищеге батальон ко­ман­дирі етіп жіберді.

Кешікпей соғыс басталды. Туған еліне де­­малысқа келе жатқан Жексенбаев соғыс басталғанын пойыздың ішінде естиді де, ауылына барудан бас тартып майдан шебіне тартады. Қиян-кескі майдан басталғанда ол Батыс майданы химиялық қорғаныс бөлі­мі бастығының аға көмекшісі, кейін Ор­та­лық майданда химиялық қорғаныс бөлі­мінің қызметкері, Оңтүстік-Батыс майданы үшінші Брянск әскерінде химиялық қор­ғаныс бөлімінің бастығы міндетін абыройлы атқарады. Яғни, майданның нағыз қауіпті жер­лерінде міндет жүктеп, алғы шепте жүреді.

Запастағы генерал-майор Махмут Те­легу­сов өзінің естелігінде, соғыс бас­тал­­ған тұста Кеңес әскерлері үздіксіз шегі­нумен болды да, жау қолында қалып ба­ра жатқан үлкен қоймаларды жойып жі­беру қажеттілігі туындады. Ол үшін аса қуат­ты химиялық жарыл­ғыштар қажет бол­ды. Сөйтіп Жексенбаев бас­таған мамандар жанармайдың түрлі қосындысы толтырылған шөлмек жасап шығарды. Бұл химиялық қару Кеңес әскерлері үшін жау­дың бетін қай­тарудың бірден-бір құралы болды. Айталық 1943 жылы 6 мың танк, 4 мың ұшақ, 2 миллион адам қатысып, 49 күнге созылған атақты Курск шайқасында алғаш рет неміс әс­керіне осы қару қолданылып, күйрете соқ­қы берілді. Дыбыстық және түтінді шаш­­калар, артиллериялық снарядтар, мина­лар мен ампулалар түнгі уақытта «У-2» ұша­ғымен жаудың алғы шебіне, қару-жа­рақ ба­заларына тасталып олардың есін шы­ғарды, деп жазады.

Орталық майданның бас қолбасшысы мар­шал К.Рокоссовский Шәкір Жексен­баев­­ты Курск майданында сіңірген ең­бе­гін жоғары бағалап, қазақ азаматы жай­лы Кеңес Армиясы Бас әскери шаруа­шылық басқармасына жолдаған жауын­герлік мінездемеде: «Брянск майданы химия­лық қорғау бөлімінің бастығы полковник Шәкір Жексенбаев жолдас саяси сауат­ты, адамгершілігі мол, жігерлі, өз беті­мен дұрыс шешім қабылдай білетін таң­дау­лы командир. Өз ісіне жауапты және жол­дастыққа адал. Қоғамдық және партия­лық жұмыстарға белсенді араласады. Ден­сау­лығы мықты әрі шыдамды», деп жазылған.

Кейін маршал К.Рокоссовский «Сол­датский долг» атты кітабында: «Май­дан­ бары­­сында ең қауіпті нүктелерге от­қару­лар­ды (огнемет) және жарылғыш бөтел­келерді орналастырып, солдаттарды химия ма­мандары жасаған жарылғыш заттармен қару­ландырып, мықты қорғаныс шебін құр­­дық» десе, кейінгі жылдары тұлғаның әске­ри қызметі жайлы зерттеген Сансызбай Сейта­қанов ағамыз: «Мар­шалдың кітабында айтылған жарыл­ғыш бөтелке («Бутылочный пара») дейтін хи­миялық жарылғышты жасап шыққан қазақ азаматы Жексенбаев болатын. Бұл қос­паның ерекшелігі танктің зеңбірек оғы өтпейтін шойын темірді қыздырып жібе­реді екен», дейді.

Жоғарыдағы жетістіктерінен кейін Жек­сенбаевты Брянск майданының бас қол­бас­шысы, генерал-полковник Макс Рей­тер 1943 жылы 10 мамыр күні жоғары әскери атаққа ұсынады. Полковник Шәкір Жек­сенбаевты Бас штаб Мәскеуге шақырып химиялық қару маманы ретінде есебін тыңдайды. Дәл есеп беріп тұрған сәтінде радиодан атақты Юрий Левитанның «Әскери-химия маманы Шәкір Жексенбаевқа генерал-майор атағы берілді», деген рухты үні есті­леді. Бұл 1943 жылы қазан айының 14 күні болатын.

Неміс фашистері тізе бүккеннен кейін Жексенбаев майдан даласын химиялық қару қалдықтардан тазарту ісіне атсалысады. Одан кейін 1945 жылы 7 қараша күні Қызыл алаңда өткен атақты шеруде химия пол­кын генерал-майор бастап сап түзейді. Шәкір ағаның әріптестермен бірге полк бас­тап шеруге шыққалы тұрған сәттегі фотосы сақталған.

Соғыстан кейін қазақ генералы Одақ­тың жоғары әскери оқу орындарында ұс­таз­дық еткен. Атап айтсақ, Мәскеудегі К.Ворошилов атындағы Химиялық шабуылдан қорғану әскери академиясында факультет бастығы, В.Куйбышев атындағы Әскери инженерлік академиясында кафедра меңгерушісі, аға оқытушы, сондай-ақ Бауман атындағы Жоғары техникалық училищеде, И.Лихачев атын­дағы Мәскеу автомобиль зауытының жо­ғары техникалық училищесінде ұстаз болғаны белгілі. Бұл қызметін 1971 жылға дейін жалғастырады.

Қазақ даласында жаңа заман орнауына еңбек сіңіріп, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғы­сына қатысып, әскери химияның май­талман маманы ретінде Ленин, төрт мәрте «Жауынгерлік Қызыл ту», «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», т.б. орден-медальдарымен марапатталған қа­зақ генералы 1988 жылы 23 ақпанда өмір­ден озды. Артында мұра болып 1985 жылы жарық көрген «И горек дым вой­ны» («Соғыстың ащы түтіні») атты құн­ды еңбегі қалды. Жалғыз ұлы Олег Жек­сенбаев медицина ғылымдарының докторы атанса, 1954 жылы туған немересі Марина Мәскеуде тұрады.