Соңында іздеушісі, жоқтаушысы бар ақын бақытты. Өмірден ерте озған көрнекті ақын Марфуға Бектемірованы еске алу кештерін ұйымдастырып, оның таңдамалы шығармаларының жарыққа шығуына бастамашы боп жүрген жары, ақын, жазушы Есенгелді Сүйіновтің ізгі әрекеттері осындай ойға жетелейді.
Күні кеше елордадағы Ұлттық музейде ақын жарының бастауымен, музей қызметкерлерінің қоштауымен тағы да бір кештің куәсі болдық. Кеште ақын Марфуға Бектемірованың «Таңдамалы шығармалар» кітабы таныстырылып, ақын жанына жиырма жыл серік болған қасиетті қара домбырасы мен қолжазбалары музей қорына тапсырылды.
Қазақтың біртуар дарынды перзенті Ақселеу Сейдімбек «Дегдар ақын» деп баға берген Марфуға Бектемірова жүрегінен жыр құйылған ақын ғана емес, қарымды журналист, дарынды аудармашы, сұлу сазды әуелеткен сазгер де болған. Ақынның соңында қалған мұралары соның куәсі. «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің, қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» жыр жинақтары жарық көрген. Орыс поэзиясының шоқтығы биік тұлғасы Анна Ахматованы қазақша жырлатқан Марфуға аудармалары «Жыр жауһары» сериясымен жарық көрген.
Кеш барысында марқұмның көзін көрген, шығармашылығымен етене таныс аға буын қаламгерлер мен замандастары жылы лебіздерін білдіріп, ақын жырының ерекшеліктеріне тоқталды. «Марфуғаның кез келген өлеңінен өмірдің лебін көресің. Туған жеріне, туған халқына деген шынайы махаббатын сұлу жырлармен өрнектеген ақынның болмысын танисың. Ақынның болмысын, жанын ұғу үшін өлеңдерін оқу керек. Оның ақындықты, өлеңді қалай түсінетіні жырларында бейнеленген. Марфуға жырларында сөздің сұлу мәйегі бар. Ол қызылды қызыл, жасылды жасыл күйінде көрмейді. Осы түстердің арасындағы түрлі реңктер құбылып, ойнап тұрады өлеңдерінде», деді журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан кеш барысында.
Ақын замандасының шығармашылығы жайлы жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева да тұшымды ойлар айтты: «Ұлбике мен Сараға дейін де қазақтың небір ақын қыздары өтті тарихта. Біз олардың аттарын білмейміз. Олардың аттары ғасырдың терең қойнауында қалып қалуы мүмкін. Марфуға Бектемірованың екі томдық шығармалар жинағы жарық көріп жатса, оны автордың үлкен бақыты деп білемін. Ерте кездегі ақын апалардың өлеңдері түгілі, аттары да тарихта қалған жоқ. Марфуға ақынның туған жері – сұлу Көкше. Ол Шоқанның, Ақан сері мен Біржан салдың елі. Көкше табиғаты қашан да шығармашылықтың қайнар көзі. Ол Зерендінің сұлу табиғатын көп жырлады. Жазушы қоғамды көбірек жазса, ақын өзінің жан-дүниесін көбірек жазады. Негізінен ақынның «мені» өзінің образы. Ақынның өлеңдерінен өзіне тән үні болғанын, жан нәзіктігі мен жүрек тазалығын көреміз. Мен Марфуғаны тек лирикалық жырлардың ғана иесі деп санамаймын. 2006 жылы «Қазақмыс» компаниясы тәуелсіздік мерекесіне арнап шығармашылық бәйге өткізді. Бәйгеде жеңімпаз шығармалар жинаққа енген болатын. Сонда Марфуғаның «жер сатылмасын» деп азаматтық үнін білдірген бір поэмасы сол жинаққа кірді. Ақын қоғамда болып жатқан құбылыстардан қалыс қалған емес. Бұл жазушының ақын замандасы жайлы көзқарасы.
Тағылымы мол кеште тартымды пікірлер, естеліктер көп айтылды. Жазушы, журналист, қонаевтанушы Ораз Қауғабай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бақытжан Тобаяқ, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанова ақын шығармашылығы туралы жан-жақты толымды ойларын жеткізді. Кеш соңында ақын, жазушы Есенгелді Сүйінов кешке жиылған қонақтарға, жарының көп жылдар көз майын тауысып жазған еңбегінің таңдамалы қос томдық боп жарық көруіне көмек беріп, қол ұшын созған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға алғысын айтты.