Ерте ғасырлардың құпиясын қойнауына бүккен Алматы шаһары – көне жәдігерлердің мекені. Археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған Алатау баурайындағы әсем қала жәдігерлері бүгінде музейлердегі зерттеу жұмыстарының нысанына айналып отыр.
Жақында Алматы музейінде «Жәдігер жауһарлар» жобасы аясында youtube бағдарламаның таныстырылымы өткен болатын. Бағдарламаға «Алматы маңынан табылған археологиялық артефактілер» көрмесі арқау болды. Мәдениет басқармасының тапсырысымен жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған бірегей құнды экспонаттар осы көрмеге қойылып, қала тұрғындарының назарына ұсынылған-ды.
«Жәдігерлер Қазақстанның ежелгі тұрғындарының материалдық және рухани мәдениетін бейнелейтін ғылыми және мәдени тарихи құндылыққа ие ерте темір дәуірінің ескерткіштері болып табылады. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл көрмені осы жылдың 15 ақпанына дейін таламашалай алады», – дейді музей директорының ғылым жөніндегі орынбасары, тарихшы Сержан Саров. Көрме барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және мұражайтану кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев, археолог Бауыржан Бесетаев, Ә.Марғұлан атындағы Архео-
логия институтының қызметкері Ералы Ақымбек қатысып, көрмеге келушілердің, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Ерте ғасыр куәсіндей болған жәдігерлер қатарында ерте темір дәуіріне тиесілі алтын жапсырмалар, Медеу мұз айдынының шығысынан табылған орта ғасырлық жәдігерлер, Жетісу, Қастек қалашығына тиесілі көптеген бұйым бар. Темір қазанның бүйірі, қайшы, пышақ, кетпен, таға, шыны ыдыс, табақша, қола қазанның сынығы, сүйек таяқшалар, шырағдан, жазу құралы, тағы да басқа жәдігерлер дала мәдениетінің сол дәуірге тән ерекше көріністерін көз алдына әкелгендей әсерге бөлейді.
АЛМАТЫ