Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният төрағалығымен өткен нәресте өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың отырысында елімізде ана мен бала өлімінің көрсеткіші айтарлықтай төмендегені туралы айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz
Жиынға өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық медициналық ұйымдардың және медициналық ЖОО өкілдері қатысты.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, нәресте өлімін азайтуға халықаралық құжаттарда сондай-ақ еліміздің бағдарламаларында басымдық берілген.
Ажар Ғиният 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада оң динамика байқалып, нәресте өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмендегендігін атап өтті.
Вице-министр келтірген деректерге қарағанда, 2019 жылы 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 8,40 болса, биыл 7,79, ал 2020 жылға нәрестелердің өлім-жітім индикаторының нысаналы мәні Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 10,1 құрайды. Сондай-ақ, балалар өлім-жітім көрсеткіші өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,8%-ға төмендеді және тірі туған 1000 балаға шаққанда 2019 жылғы 10,7-ге қарағанда 8,9-ды құрады. ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес балалар өлім-жітімі көрсеткішінің нысаналы индикаторы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 10,6 болуы тиіс.
«Аталған көрсеткіштерге әсер етудің маңызды аспектілерінің бірі – аналардың денсаулығын жақсарту, перинаталдық және неонаталдық көмекті жетілдіру, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделін, баланы емшек сүтімен емізуді қолдау», деді вице-министр.
Осыған орай вице-министр ведомство елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру, оның ішінде ерте жастағы скринингтерді қолға алу жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бағытында учаскелік қызметтің балалармен жұмысты ұйымдастыру және аралас қызметтермен сабақтастықтығын жақсарту қажет.
Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби білім деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру, балалар мамандарының тапшылығын шешу, оның ішінде «Педиатрия (неонатология), балалар реаниматологиясы, анестезиология» және «балалар пульмонологиясы» мамандықтары бойынша кадрмен қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қажет.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша босандыру ұйымдары мен балалар стационарларын заманауи жабдықтармен толық жарақтандыру жоспарлануда.