Павлодар облысында урбанизация үрдісі тоқтар емес, қала халқының саны жылдан-жылға өссе, ауылдықтар қатары селдіреп барады. Қалалықтар саны қазір 535 481 немесе 70,5 пайызды құраса, ауылда қалғандар – 223 742 адам, яғни 29,5 пайыз ғана.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы өңірге 2101 адам (452 отбасы) көшіп келген. Олардың 555-і (119 отбасы) – қандастарымыз, 1546-сы (339 отбасы) – қоныс аударушылар. Көшіп келгендердің 1131-і, яғни 54 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар. Былтыр қоныс аударушылар үшін 2503,5 млн теңгеге 307 пәтер сатып алынған.
Шарбақты ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік үйлестіру бөлімінің маманы Радат Айдолланың айтуынша, ауданда ішкі көші-қон жағдайы жақсы. Көшіп келген отбасыларға мемлекеттен айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Өткен жылы Қытайдан 9 отбасы (34 адам) және оңтүстік өңірлерден 32 отбасы (136 адам) қоныс аударып келген. Олардың көбі аудандағы Галкино, Шегірен, Есілбай, Шарбақты, Александровка ауылдарына қоныстанған.
– Былтыр көшіп келген 41 отбасыда 5 студент, 44 мектеп оқушысы бар. 24 бала – мектепке дейінгі жаста. Бізді ең алдымен қуантатыны – бала саны азайған өңірдегі ауыл мектептерінің оқушылармен толғаны.
Екіншіден, көшіп келушілер – ауданымызда жетіспей отырған мұғалім, дәрігер, жүргізуші, ауылшаруашылық мамандары, механик, аспаз, шаштараз, тігінші, тәрбиеші, өнер адамдары, құрылыс маманы, заңгер, есепші, дәнекерлеуші, бағдарламашы, кондитер, энергетик сияқты мамандық иелері.
Үшіншіден, қоныс аударушылар – еңбекқор жандар екен. Қазір мемлекеттің қолдауымен қайтарымсыз грант алып, жеке шаруашылықтарын ашуда. «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде микрокредит алып, мал басын көбейтуді жоспарлап, жер телімдерін жалға алуда, дейді Радат Айдолда.
Аудан әкімі Әзілхан Әбеуовтің айтуынша, былтыр қоныс аударушыларға арнап аудан орталығы – Шарбақты және Александровка ауылдарында 20 пәтерлі 10 тұрғын үй салынған. Қазір Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылынан келген Жұмабек Есжанның, Қызылорда қаласынан – Жақсылық Құрманбаевтың, Түркістан облысы, Келес ауданы Көгерту ауылынан – Самбетали Молдабаевтың, Шардара ауданы Сүткент ауылынан – Әліхан Ұлпанның, Алматы облысы, Кеген ауданы Кеген ауылынан – Мұқаш Ырысбектің, Мыңбаев ауылынан – Сағидолла Жасардың, Жамбыл ауданы Қарақастек ауылынан – Ерғазы Мүбәрәктің отбасылары жаңа үйлердегі кең пәтерлерде тұрып жатыр.
Әрқайсысында 5-6 бала бар бұл отбасылардың асыраушыларының барлығы жұмысқа орналастырылған. Мысалы, Жұмабек Есжан аудан орталығындағы «Мәрмәр» ЖШС-де дәнекерлеуші болып істейді. Сүткенттен көшіп келген жоғары білімді маман Әліхан Ұлпан аграрлық-техникалық колледжде қызмет етеді.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Қорамбатыр ауылынан келген Гүлжаңыл Жабықбайдың отбасында жеті адам бар. 530 200 тенге қайтарымсыз грант алған ол екі тігін машинасын сатып алып, іс тігумен айналысуда. Жұбайы – «Айбек» жеке кәсіпкерлігінде жүргізуші.
Жетісу өңіріндегі Жамбыл ауданынан көшіп келген Сағидолла Жасар автомеханик екен. Ол аудан орталығында ұялы телефон жөндеу орталығын ашып, жұмысқа кірісіпті. Қарқастек ауылынан келген Ерғазы Мүбәрәк әрі жүргізуші, әрі автомеханик болып, техника жөндеу орталығында еңбек етуде. Әйелі Ділдар Қабыл «Сән салонын» ашыпты.
Қоныс аударушыларды сөзге тартып, жағдайларын білген едік:
– Өз еліміз, өз жеріміз ғой. Қысы қатал, суық дегеніңіз болмаса, бәрі жақсы. Жергілікті тұрғындардың қарсы алуы жылы. Мемлекеттен берілетін қаражат көмектің барлығын алдық. 2020 жыл біз үшін құтты болды, аудан әкімінің қолынан жаңа пәтер кілтін алдық. Жаңа үйге сегіз отбасы кірдік, яғни төрт үй, сегіз пәтерге қоныстандық. Аудан басшылығы қоныс аударған отбасыларының балаларына сыйлық сыйлап, құттықтады. Ерулік берілді, қуаныштымыз, – дейді Гүлжаңыл Жабықбай.
Александровка ауылында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Төңкеріс ауылынан қоныс аударып келген Кенжеайым Арыстанбекқызының да отбасы жаңа үй алды. Ол – ауыл мектебінде мұғалім.
– Менің отбасым үшін өткен жыл жақсылыққа толы болды. Пәтер алдық. Ұлым әскерден оралды, қазір осы ауылдағы шекара бекетіне қызметке алынды. Қызым – студент, болашақ медицина қызметкері. Ауылдастарымыз жақсы, араласып-құраласып кеттік, –дейді Кенжеайым.
– Менің әкем, ағам, бөле ағам – төрт отбасы Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылынан көшіп келдік. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару – өте дұрыс бағдарлама. Жұмыспен қамту орталығына барып, құжаттарымды реттеп, алатын көмегімді уақтылы алдым. Әкем – Жылыбұлақ ауылына, ағам мен бөле ағам – Шарбақтыға, өзім Александровкаға қоныстандық, – дейді тағы бір қоныстанушы Ерғазы Алтын.
Өткен күзде Ертіс ауданында іссапарда болғанымызда да қоныс аударушылармен жүздесіп, әңгімелескен едік. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Жарас Уәлиханұлының айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданға 2017-2019 жылдар аралығында 63 отбасы, барлығы 419 адам қоныс аударыпты. Олар – Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан. Қоныс аударушылар жұмысқа орналастырылып, балалары мектепке қабылданған.
– Өзімізге соншалықты алыс көрінген солтүстіктегі Майқоңыр ауылына Маңғыстау облысынан көшіп келдік. Келген бетте мамандығымыз бойынша бойынша әйелім де, өзім де мектепке қызметке тұрдық. Соңымыздан бауырларымыз да көшіп келді. Қазір көшіп келген көп балалы 6 отбасының бәрі Майқоңырға бауыр басып қалды. Жұмысымыз да, үйіміз де бар. Қорамызда малымыз да бар. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен көмектерді алдық. Суық аязға да үйрендік. Міне, Майқоңыр бізге осылай ыстық, жақын болып кетті. Ресеймен шекаралас солтүстік өңірге ел қондыру аса қажет екенін келген соң жақсы түсінгендейміз, – дейді Махамбет Темірханұлы.
Тағы бір майқоңырлық Асан Әділұлы Түркістан облысынан келген, бағдарлама бойынша берілген жеңілдіктерді алып баспанаға ие болыпты. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, ірі қара мал өсіруге грант алыпты. Жұбайы Гүлбаршын Наурызбайқызы ауылдық медициналық мекемеге жұмысқа тұрған.
Ал Жәдігер Серік болса, ауылда қарбыз өсіріп, қызанақ егеді. Оспанқұл Ақжол жұбайымен бірге «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып келіп, қазір «Три-Ка» шаруа қожалығында агроном болып еңбек етуде.
– Ауданға қоныстанушылар, негізінен, Түркістан облысының ауылдарынан, Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарынан, Қызылорда қаласынан көптеп көшіп келуде. Мысалы, Гүлбаршын Оразова отбасымен Түркістан облысы Арыс қаласынан көшіп келді. Мамандығы бойынша медбике болып орналасты. Нұржан Оразбек жұбайымен бірге Шымкент қаласынан көшіп келді. Нұржан механизатор болып «Ерғали» шаруа қожалығына орналасты. Сарваржон Анваров, Умиджан Умаркулов, Хакимжан Розакулов, Малика Хамутованың отбасылары да қазір ауылдарымызда тұрып жатыр, – дейді Жарас Уәлиханұлы.
– Ал мен 1993 жылы Байқоңырда дүниеге келдім. Қызылордадағы көп салалы гуманитарлық колледжді бітірдім. 2019 жылы аудандағы Голубовка ауылына «Дипломмен – ауылға!» және «Солтүстікке көшу» бағдарламасы бойынша көшіп келдім. Отбасымда анам, інім, қызым және ұлым бар. Қазір мектепте бастауыш сыныптан сабақ беремін, – дейді Айгүл Ернияз.
Сол сияқты Қызылжар ауылына Жанкелді мен Зәмзәгүл Талпақова ұлы Жалғас Өмірзақов, келіні, немерелерімен бірге Қызылорда қаласынан көшіп келіпті. Зәмзәгүл – мұғалім, ал жұбайы арнайы қолдау грантын алды.
Біз Жалғастың үйін көрдік. Неміс ұлты өкілінің ұқыпты, ішкі-сыртқы көрінісінде бір мін жоқ үйі оңтүстіктен келген отбасыға бұйырғанына қуандық. Жалғас ауылдағы орталықта спорт жаттықтырушысы екен.
Жақында Жалғас аудан орталығында жаңа салынған үйден пәтер алды, ал әке-шешесі Қызылжар ауылындағы көк шатырлы, көк қақпалы, бау-бақшалы үйде тұрып жатыр.
– Біз Ертіс ауданына келе жатқанда қазақтың кең даласын көріп қатты таңғалдық. Астықты алқап, көз жетпес дала. Әке-шешемізге кең дала, таза ауасы, қыстың қатты суығы, қалың қар қатты ұнайды, – дейді Жалғас.
Әрине, қоныстанушылар өкпесіз емес, солтүстіктегі ауыл қазақтарының өз тілдерінде сөйлемейтіндеріне қайран қалады. Қоныс аудару басталған кезде жергілікті жерлерде қазақ тіліндегі мектеп түгіл, сыныптың болмауы да таңғалдырған. Осыдан-ақ келген өңірге тезірек бейімделіп кетулеріне жан-жақты көмек қажет болғаны түсінікті.
Ауылды сақтау, ауылға ел қондыру мәселесіндегі тағы бір түйткіл – қоныс аударушылар болсын, жерігілікті тұрғындар болсын көбінесе қажетті жерге қол жеткізе алмайды, ал иесі бар жерлер бос жатыр.
Әрине, Маңғыстаудан Ертіс өзенінің жағасындағы Майқоңырға, Қорамбатыр ауылынан – Шарбақтыға көшіп барған азаматтар сияқты, оңтүстік және батыс өңірлерден солтүстікке қоныс аудару – әр отбасының өз таңдауы, Махамбет секілді жастардың патриоттық әрекеті. Шарбақтыдағы Радат Айдолла секілді шеттен оралған қандастарымыз алдағы уақытта да мемлекеттік қызметке алынып жатса, Ертістің бойына ел қондыру мәселесі шын ниетпен жалғасары сөзсіз.
Елге ел қосылса – құт. Қазақтың туысқандық жолы, ерулікке шақыруы, асар жасау дәстүрін қайта жаңғыртумен қатар, ішкі-сыртқы ұлы көшпен көшіп келушілерге бастапқы кезде үлкен көмек, қолдау, демеу көрсету қажет-ақ.
Биыл облысқа қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы бойынша оңтүстік және батыс өңірлердің 2600 тұрғыны және 500 қандас ат басын бұрады екен. Көш көлікті болсын!