Солтүстік Қазақстан облысы да жаман індеттен әлі толық арыла алмай тұр. Қазір өңір – «сары аймақта». Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың соңғы мәліметтеріне қарағанда, КВИ-мен тіркелгендер саны 11,6 мыңдай адамды құрайды. Соның ішінде симптомдысы 7151 болып отыр. Бұл – барлық сырқаттың 61,8 пайызы. Ал сырттан әкелінгендер саны – 391, бұл 3,4%. Қалған сырқаттың бәрінде ауру белгісі болмаған.
Барлық науқастың 16%-ы, яғни 1 868 адамның дерті бары профилактикалық зерттеу барысында анықталған. Ал 61%-ы, яғни 7 004 адамның өзі медициналық көмекке қайырылғанда жаман індетке шалдыққаны анықталған.
Індетті әлі де көзге ілмеушілер бар. Ондайлар қоғамдық жерлерде бетперде тағуды, көпшілікке араласқаннан кейін қолдарын мұқият жууды елемейді. Соның кесірінен науқастар саны азаяр емес. Соңғы мәліметке қарағанда бір тәулікте 69 адамның бойынан індет шыққан. Соның ішінде ең көбі – 23 адам Петропавл қаласынан шығып отыр. Аудандар арасында Есіл, Айыртау, М.Жұмабаев алда келеді. Онда тиісінше 10,8 және 7 адамнан індет табылды.
Жаман тұмау шыққаннан бері бұл індет барлық жастағы адамдар арасынан табылды. Соның ішінде 50 мен 59 жас арасынан барлық науқастың – 19%-ы, 2 172 адамнан шықты. Екінші орында – жас шамасы 40 пен 49 жастағылар. Бұдан барлық науқастың 13%-ы, яғни 1 547 жағдай тіркелді. Жалпы, дертке ең көп ұшырағандар – жұмыс істейтін халық. Барлық дерттің 34%-ы осылардың бойынан шықты. Бұл – 3 910 адам деген сөз.
Солтүстікте дерттің көбеюіне Ресей Федерациясымен шекарада орналасқандығының да әсері тиюде. Былтырғы қазан айы мен биылғы ақпан айы аралығында осы екі елдің облыс аумағындағы шекаралық бекеттерінен барлығы 63 058 адам өткен. Соның ПТР зерттеуінің анықтамасы болғандары – 20 282 адам. Анықтамасы жоқ ресейліктер кері қайтарылды, қалғандарының бәрі карантиндік стационарларға жатқызылды.
Облыста ПТР-тест жасайтын 4 зертхана бар. Осы күнге дейін онда 260 мыңдай адамның қаны тексеруден өтті. Соның ішінде биыл өткендер саны – 50 мыңдай адам. Қаңтар айының ортасына дейін бойынан дерт шыққан адамдар саны тәулігіне 100-110 адам болған еді. Вирустың дамуын тұрақтандыру шараларының нәтижесінде қазір бұл көрсеткіш 65-70 адамға дейін түсті. 1 мыңнан артық адам вирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын ектірді. Олар – медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары. Әзірге ешкімнің ағзасында жағымсыз реакция болған жоқ. Ақпанның екінші жартысында Қарағандының фармациялық кешенінде жасалған «Спутник V» екпесінің екінші партиясы келмекші.
Осыған байланысты шектеу шаралары да босаңдатылып, 13 ақпаннан бастап сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда орындарының, тамақ емес тауарлар сататын дүкендердің, бассейндердің жұмыс уақыты ұзартылды. Қоғамдық көлік, тренажерлік залдар, спорт нысандары өз жұмыстарын жалғастыруда.
Солтүстік Қазақстан облысы