Ауған соғысының қасіреті оған қатысқан әрбір азаматтың көңілінен өшкен жоқ. Ерлігі елеусіз қалған ардагерлер де бар. Дегенмен, майданда ерлік көрсеткен ерлердің ерлігі ұрпақ жадынан өшпек емес.
Ауған соғысының ардагері Құлымбет Әбдіқұлов мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсе алмай, жүргізуші мамандығын иеленіп, өзі туып-өскен Жуалы ауданының «Кременевский» кеңшарында жүргізуші болып жұмыс істеп жүреді. Сол уақытта әскерге шақырылып, оны Ауғанстанға барған Кеңес әскерінің шектеулі құрамына қосып жібереді. Сөйтіп, ол ұңғысы 122 миллиметрлік зеңбірек тіркелген «Зил-131» автомашинасының жүргізушісі болып кете барады. Аттап басқан әр адым ажал болып елестейтін көптеген әскери қимылға қатысады.
1982 жылы 8 наурыз күні Құлымбет ауыр жараланып, өлім аузынан қалады. Дәл сол күні зеңбіректер тіркелген 6 әскери техника Баграм қаласы маңайындағы Махмудрахи қышлағы тұсында Пандшер шатқалынан қайтып келе жатып, жау тосқауылына тап болады.
Айнала жатаған үйлер екен. Құлымбет мінген машина ол кезде орта тұста келе жатқан. Бас көтертпей бораған жау оғынан қашып құтылу мүмкін емес. Ақыры техникалар тоқтап, көліктерінен шұғыл түскен жауынгерлер бас сауғалауға көшеді. Осы кезде штаб офицері, капитан Ромашенко сарбаздарға: «Тез тосқауылды бұзып, машиналарды қоршаудан алып шығыңдар!» деп бұйрық береді. Автоматын кеудесіне қыса ұстап, бұйрықты орындауға ұмтылған Құлымбет жау оғынан қайтадан тасаға тығылған кезде, алдағы машиналардың бірінің жанында жерлесі Несіпбай Әбдірамановтың жаралы күйде дөңбекшіп жатқанын көреді. Арасы 150-200 метрдей жер. Ол бірде еңбектеп, бірде жүгіріп жерлесінің жанына жетеді. Жаралы жауынгердің жарасын таңып, алғашқы көмегін көрсетеді. Тағы алға жылжып келе жатқанда Құлымбеттің де жіліншігіне оқ тиіп, есінен тандырады. Есін жиғанда шұңқырға жиналған қар мен жауынның суына белінен батқанын аңғарады. Ал машинасы жылжып барып, оң жағалаудағы жарға тіреліп тоқтаған екен. Ақыры жанындағылар полкке сүйреп әкелген Құлымбеттің машинасының кабинасын 52 жерден оқ тесіп өтіпті. Осыншама оқтан шұрқ тесік болған кабина ішінде отырған адамның тірі қалғанына сену қиын.
Сөйтіп, Құлымбет Әбдіқұлов жол ашқаннан кейін алға жылжыған техникалардан оқ жаудырған жауынгерлер тосқауылды бұзып-жарып өтіп, жауды жайратып салады. Бірақ ауыр жараланған Құлымбетті госпитальға жөнелтеді. Сол жолы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған екен. Бірақ ол бұйырмай, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Құлымбеттің әкесі Сәдуақас Әбдіқұлов – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер. Бөлімше командирі болған ол немістермен Курск үшін болған шайқаста қапыда қоршауда қалып қойып, жау құрсауын бұзып-жарып шыққаны үшін кезінде бірқатар майдангермен бірге Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Бірақ ол марапат басқаларына беріліп, Сәдуақасқа «Ерлігі үшін» медалі бұйырады.
Сәдуақастан соғыс жылдары қара қағаз келеді. Ауылдағылар оны өлдіге санап, жалғыз туыс ағасы Ыбырайым бір-екі тоқтысын жемдеп, жылдығына арнап ас беруге дайындалып жүргенінде, 1945 жылдың аяғына қарай Сәдуақастың өзі келеді. Сонда бүкіл ауыл қуанған екен.
Сол Сәдуақас жары Сейсекүл екеуі дүниеге 11 ұл-қыз әкеліп, өзі шаруашылықта әртүрлі жауапты қызмет атқарып, кейіннен дүние салған. Сейсекүл апа бүгінде 90 жасқа толып, ұрпағының қызығын көріп отыр.
Жауынгер рухты Құлымбет араға жылдар салып әке ерлігін қайталайды. «Мейлі қай заманда болса да, адамзат баласының арманы бейбіт өмір сүру болған. Ал соғыстың берері не? Өмір орнына – өлім, тамақ орнына – оқ, киім орнына – кебін!», дейді Құлымбет Әбдіқұлов.
Құлымбеттің жасаған ерлігі туралы ақын Руза Алдашева баллада жазып:
«Соғыс салған жазылмайды жарамыз,
Ерлік жайлы айтылмаған бар аңыз.
Бөтен елде қанға бөккен боздаққа,
Берілді ме біздің әділ бағамыз?» дейді.
Құлымбет соғыста алған сол жарақатынан Ташкент қаласындағы әскери госпитальда он бір ай жатып, емделіп шыққан. Ол туралы жауынгердің анасы Сейсекүл апа әңгімелеп берді. «Күнделікті поштаны қарап, баламыздан келетін хатты тағатсыздана күтуші едік. Оның Ауған жерінде соғысып жүргенін өзі айтпаса да шамалайтынбыз. Әкесі екеуміз, көрші, ағайын-туғандар болып баламыздың аман-есен оралуын тіледік. Бірде келген хатына қарасам, хатта Ташкент қаласы деп көрсетілген екен. Содан бар шаруаны жиып тастап, конверттегі адреспен Ташкентке жетсек, баламыз әскери госпитальда жатыр екен. Жарақаты өте ауыр. Сол аяғының тобықтан жоғары жіліншігінің быт-шыты шыққан. Тіпті аяғын кесіп тастауға дейін ыңғайлап қойыпты. Содан біз ота жасауға дайындап жатқан хирург, профессор, полковник Михайл Константиновке бар жағдайды баяндап, баланың аяғын кеспеуді жалынып сұрадық. Ол кісі сөзімізге құлақ асып, емдеудің барлық тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, он бір айда баламызды аяғынан тұрғызды. Тәңірдің мұнысына да шүкір, ол кісіге де рақмет!» дейді батыр ана.
Құлымбет сол жылы бала кезінен арман болған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Оқуға дайындалып жүрген 1983 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Аталған оқу ордасын бітірген ол 1988 жылы Алматы қаласының Октябрь, Ленин аудандарында прокурордың көмекшісі, тергеуші болып істейді.
Құлымбет Әбдіқұлов одан кейін Жамбыл облысының бірқатар аудандарында прокурордың аға көмекшісі, орынбасары, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры қызметтерін абыроймен атқарды. Сот актілерін орындау жүйесінде де бөлім бастығы, облыстық сот әкімшісінің орынбасары, еліміздің Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы болып еңбек етті.
Ауған соғысының ардагері Құлымбет Әбдіқұлов әскери қызметші ретінде де, отставкадағы әділет кеңесшісі ретінде де бірқатар марапат алған. Бүгінде өмірлік жары Нұрраушан екеуі 3 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан ұрпақ көріп отыр.
Ол өзімен бірге Ауған даласында әскери борышын атқарған қарулас жерлестері Мағауия Әділов, Ғалымжан Қаратаев, Асқар Елепаев, Бауыржан Таспауов, Әмірхан Садықов, Берік Шукаманов, Несіпбай Әбдіраманов, Ержан Шолпанқұлов, Мейрамбек Аитов, Марат Мырзахметов, марқұмдар Қанат Мұсаев, Берік Тобақабылов, Нұрғали Шонабаев және басқа жауынгерлердің қоян-қолтық ұрыстарда қайсарлық көрсеткен ерлік істерін еске алып отырады.
Ауған соғысының тағы бір ардагері Әбдіхалық Сайлыбаев туған жері – Сарысу ауданы, Түгіскен ауылында орта мектепті бітірген соң кеңшардың құрылыс бөлімінде үш жыл жұмыс істейді. Әкесі Сатыбалдының ақыл-кеңесімен жүргізушілер курсын бітіріп, куәлік алады. 1981 жылы 9 қарашада, тура 20 жасқа толған күні әскер қатарына шақырылған Әбдіхалық 1982 жылдың 24 ақпанында Ауғанстан жерінен бір-ақ шығады. «Ауған соғысы басталғанда оған, негізінен, мұсылман сарбаздарды жіберіп жатқаны жөнінде сөз болған. Шындығы да солай. Ауғанға аттанып бара жатқан жауынгерлердің басым көпшілігі қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, әзербайжан ұлтының өкілдері еді. Арасында шамалы славяндар бар. Олардың өздері де офицерлер, командирлер. Әуежайға анам Саудакүл, ағам Әбдірахман және інім Әбдеш келіпті. Бірақ сонда бізге тым болмаса 2-3 минут жолығуға, сөйлесуге рұқсат етпеді. Күзет күшті. Сөйтіп, алыстан болса да жақындарымның жүздерін көріп, Ауғанстанға аттанып кете бардым», деп өткен күндерді еске алады Әбдіхалық Сайлыбаев.
Жауынгерлер мінген ұшақ Ауған елінің астанасы Кабул қаласына қонғанда, бұлар өздерінің алдында ғана ұшып кеткен ұшақты дұшпандар шекарада атып түсіргенін естиді. Жау бұлар ұшып келе жатқан ұшақты да Ауған шекарасына кіргеннен-ақ оқпен қарсы алған екен. Бірақ ол ұшақ Кабулға аман-есен қонады. Одан әрі сарбаздар Құндыз арқылы Пули-Хумриге тікұшақпен жеткізіледі. Ондағы автожөндеу ротасына бөлінген 13 солдаттың ішінде Әбдіхалық Сайлыбаев пен мойынқұмдық Бауыржан Қосмайылов бірге болады. Кейіннен сол кездегі Шымкент облысы, Сарыағаш ауданынан келген Әбдіжаппар Сманов деген азаматпен танысып, дос болады.
Қатардағы жауынгер Әбдіхалық Сайлыбаев қызмет атқарған жөндеу ротасы бұзылған, қираған техникаларды қайтадан қалпына келтіріп, бейбітшілік үшін күреске өз үлестерін қосты. Ол техникалармен жауынгерлер талай рет барлау жасап, жаудың бетін қайтарды. Әбдіхалық соғыста жүргенде бір күні мынандай оқиға болады. Анасы Саудакүлге енесі Шайкүл «Осы бала ауыл маңайына келді-ау шамасы. Түсімде самаурынның қасында маған сәлем беріп жүр екен», дейді. Перзентін сағынып жүрген ана мұны жақсылыққа жориды. Бұл кезде комиссия шешімімен денсаулығына байланысты әскерден қайтарылған Әбдіхалық Сайлыбаев Ташкент қаласындағы госпитальда емделіп жатқан екен. Қасында павлодарлық Айтуған Смағұлов деген азамат болады. Бір сәті түскенде Әбдіхалық жеңгесі Айсұлуға өзінің госпитальда жатқанын телефонмен хабарлайды. Сөйтіп, әке-шешесі Сатыбалды мен Саудакүл, ағасы Әбдірахман бәрі Ташкентке келеді. Жат жерде жүрген ұлының амандығын тілеген 8 баланың анасы Саудакүл бүгінде ұрпағының игілігін көріп отыр.
Отан алдындағы азаматтық борышын атқарған қатардағы жауынгер Әбдіхалық Сайлыбаев әскерден келгеннен кейін, өзі туып-өскен ауылдағы «Түгіскен» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытында шеберхана, гараж меңгерушісі, бас инженер қызметтерін атқарады. Еліміз егемендік алғаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысады. Аудандық газ мекемесін де басқарады. Ол жары Забира екеуі 3 ұл-қыз өсіріп, олардан ұрпақ көріп отыр. Ауғанстанда әскери борышын өтеген Әбдіхалық Сайлыбаев Кеңес әскерінің шектеулі құрамында әскери қимылдарға қатысқаны үшін Қызыл тулы Түркістан әскери округінің қолбасшысы, генерал-полковник Ю.Максимовтың қолынан Алғыс хат алады.
Әбдіхалық өзімен бірге ауған жерінде соғыста болған Марат Төребеков, Бейсен Садықов, Николай Козак, Алдаберген Оспанов, Манарбек Андақұлов, Орка Омаров сынды қарулас жолдастарын есіне алып отырады. Жат жерде қаза тапқан майдандастарының есімдері мен кейбір деректері жазылған қойын дәптері әлі де сақтаулы екен. Бұл – от ортасынан оралған азамат үшін ең қымбат жәдігер. Ол кейде сол қойын дәптерін парақтап отырып: «Ей, адамдар, бейбіт өмірді бағалаңдар! Соғыстың беті аулақ!» деген ойға жиі үңіледі.
Жамбыл облысы