Биыл қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби спортшы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына – 150 жыл. Аталған мерейтойлық датаға байланысты жуықта Мәдениет және спорт министрлігі жыл бойы атқарылатын іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы орайда, Баянауыл өңірінде өмір сүрген Қажекеңнің досы жайлы газет оқырмандарын хабардар етсек дейміз. Бұл фото біздің қолымызға ертеректе түскен еді...
Бет-әлпетінен жылы жігердің желі ескен, көзқарасы сұсты болмаса да, терең ойлы екені анық, тұмсық астындағы қою мұрты қос езуін қапталдай жапқан, басында жеңіл бөрік, камзол ішінен өңірі кестелі, бітеу жағалы көйлек киген мына суреттегі адамның аты – Субек Қуанышбекұлы екен. Сүкең ауыл, аймаққа танымал шебер, ұста болыпты. Бұл кісі 1919 жылы Қаныш Сәтбаевтің бастамасымен Баянауылда ашылған мектептің үстел, орындық, парталарын жасап бергені туралы Т.Оразовтың «Қаныштың жастық шағы» атты шағын естелігінде баяндалыпты.
Ал Қажымұқанмен қалай дос болып жүр дегенге келсек, 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті және Халық комиссарлары Кеңесі РСФСР құрамында «Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру туралы» декреттің қабылдануына бір жыл толуына байланысты 1921 жылы Баян өңірінде Қ.Сәтбаевтың ұйымдастырумен той өткен екен. Осы мерекеге құрметті қонақ ретінде Қажымұқан балуан да шақырылған.
Қажекеңді күтіп алу ісін Субек ұста өз мойнына алып, балуанның күтімін асырып, ойын көрсеткенде қолданатын темір құралдарын да дайындап отырған. Қажекең халық алдына шығып кеудесіне көлденең салған тасты Субекке ұрғызып сындыртқан екен. Осы оқиғаны көзімен көрген Мәшһүр-Жүсіп Көпей атамыз:
...Шалқасынан жатты да,
төсеп төсті,
Кеудесіне қойдырды үш пұт тасты.
Пұт жарымдай бар шығар
екі балға,
Ақботаш, Субек ұста қандай күшті.
Кезек-кезек екеуі дүрс-дүрс ұрды,
Жұрт қорқып: «Өліп кетер» –
деумен тұрды.
Өзінің жаны бар ма, жоқ па? –
десті,
Бит шаққандай көрмеді,
қырау құрлы... –
деп жазған екен.
Балуанның өнеріне тәнті болған Ақкелін, Далба елі екі үйір жылқы сыйға береді. Қажекең аттанарда Субек досына: «Олжамның жартысын ал, оны қаламасаң өнеріммен жинаған мына сөлкебайларымнан (медаль) таңдағаныңды берейін», дейді. Бірақ Субек ұстаның қалауы басқаша екен: «Қажеке мал соқса желдікі, айдаса жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Анау таудан көтеріп бір үлкен тас әкеліп осында орнатып кетіңіз, қайратыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын» дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан есік алдындағы таудан бір тасты көтеріп әкеліп үйінің іргесіне қойып беріпті. Бұл тас қазір Баянауыл ауданы орталығындағы Қаныш Сәтбаев мұражайының алдында тұр.