Ғалымдар «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған зымырандар апатының экологиялық зардабын зерттеді. Зерттеуге 1999-2018 жылдар аралығындағы 6 апат арқау болған. Зерттеудің қорытынды мәліметтері Environmental Pollution ғылыми журналына жарияланды.
Бұл зерттеуді Ресей ғалымдары жүргізді. «1999 және 2018 жылдар аралығында Қазақстандағы ғарыштық зымыран апаттарының экологиялық салдары» атты ғылыми мақаланы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 5 ғалымы бірігіп жазған.
Ғалымдар зерттеу қорытындысында 6 апаттың ішіндегі ең жойқыны және ресейлік ғарыш индустриясындағы ең ауыр экологиялық зардап әкелген апат ретінде 2013 жылы «Протон-М» зымыран тасығышының құлағанын атап өтті. Бұл туралы мақалада: «Апат болғаннан кейінгі күні канцерогендік симметриясыз диметилгидразин мен нитрозодиметиламин, сондай-ақ апат болған топырақтардағы нитрат мөлшері оның рұқсат етілген ең жоғары концентрацияларынан сәйкесінше 8900 есе асып түсті. Жұмсарту шараларына топырақты 10% H2O2 және 1% темір комплеконаты ерітіндісімен усыздандыру, топырақты қазу және жырту кірді», делінген.
Осыдан соң 2017 жылы, нақты айтқанда, апат болғаннан кейін төрт жыл өткен соң тағы зерттеу жүргізілген. Жоғарыда аталған ғылыми мақалада топырақтың химиялық құрамы қалыпқа келгені туралы мәліметтер келтіріліп, қолданылған әдістің тиімді болғаны жазылыпты. Алайда топырақтың микробиотасы (микроорганизмдер қауымдастығы) әлі толық қалпына келмеген. Ал апаттың болғанына 8 жыл өтті.